Егемендік алғалы күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселелердің бірі және бірегейі – тіл мәртебесін көтеру. Бірақ бұл жолда жасалу үстіндегі шаралар толықтай оң нәтижеге жеткізді деп айту қиын. Өйткені қоғамда ана тілімізге деген көрсетілетін құрмет өз деңгейінде болмай тұр. Оны әр өңірдегі ерекшеліктерден, өз тілінен гөрі өзге тілді жанына жақын тұтатын отандастарымыздан байқаймыз. Сүйіншілейтін дүние емес, керісінше қынжылтатын жағдай. Тіпті бұл ең үлкен мәселе.
«Қазақ тілі төрге шықсын», «Мемлекеттік тілге мәртебе берілсін», «Ана тілімізді қорлатпаймыз», «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін». Бұл біздің тіл мәселесін көтергенде айтатын үйреншікті ұранымыз және тау-тасты теңселтіп, даланы, кеңістікті аралап кетпейтін жаңғырығы жоқ, өз кеудемізде тұншығып қала беретін құр бос ұран. Оған себеп, біз бұл сөзді жүрегімізбен емес, аузымызбен ғана айтамыз. Ал жүректен шықпаған сөз айналасын жаңғыртпайды, яғни өзгеге әсері болмайды.
Ана тіліміздің дауылды теңізде қалтылдаған қайықтай халін айтып, ашына айқайлап келе жатқанымызға отыз жылдан асыпты. «Оның арғы жағында қазақ өз тілінде сөйлемеп пе еді?», – дерсіз. Сөйледі. Бірақ ол кезде біздің тіліміз түгіл, өзіміз бодандықтың қапасында қамалып жаттық. Қапастың іші қараңғы. Үстемдік құрған ұлт бізді жұтып қоя жаздады. Жердің бетінен қанша ұлт жойылып кетті. Сол ұлтпен бірге қаншама тіл ұмытылды. Біздің де ана тіліміз енді өлуге айналғанда қараңғы қапастың түбіне азаттықтың жылтыраған сәулесі түсіп, шыңыраудан сүйретіліп әзер шықты. Бірақ ғасырға жуық уақыт бойы әбден қалжыраған тіліміз әлі күнге есін жия алмай келеді.
Оған дәлел болатын бірнеше мысал да келтіре кетейін. Жақында әлеуметтік желіде дүкен ішінде тұрып орысша сөйлеген қазақ азаматынан түрік ағайынның азаматының қазақша сөйлеуді талап етіп тұрғанын көрдік. Қазақ тілінде сөйлеңіз деген түріктің сөзіне қазақ азаматы «Қазір ешкім қазақ тілінде сөйлемейді ғой» деп жауап қайтарды. Мұндай жағдайлар көп. Тіпті кез келген жерде қазақ тіліндегі жарнамалық баннерлердің, дүкен маңдайшаларындағы әріптік қателерді оңай кезіктіресіз. Ол көзге дүрбиіп көрініп тұрғанымен, оған мән беретіндер аз. Дүкен иесіне ескерту де берілмейді. Ешкім Ата Заңда «мемлекеттік тіл» деп көрсетілген қазақ тілінің мәртебесін түсірдің демейді. Біле білсек, тілі мен ділін ұмытқан ұлттың да болашағы бұлыңғыр екені анық.
Ел президентінің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан, қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады» деп, тіл мәртебесін көтеруді қуаттайтын әрбір азамат оны өзінен бастауы керек екенін меңзеген еді. Расымен, Қазақстанда қазақ тілінің мәртебесі биіктеп, қоғамдағы азаматтардың барлығы қазақ тілін жетік меңгеруі заңдылық болуы керек.
Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тіл түйткіліне тоқталды.
- Келесі мәселе. Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітаптарды шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында, – деді ол.
Авар халқының ақыны Расул Хамзатов «Ана тілім болса егерде құрымақ, мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ» дейді. Ұлтты сүюдің, халқын құрметтеудің, ана тілін қастерлеудің бұдан артық қандай үлгісі болуы мүмкін? Сол тау халқының аяулы перзенті өз тілінде сөйлемеген адам бойындағы барлық адами қадір-қасиетімен, ұлттық мәдениетімен бірге өз ұлтына тән айбынды, айбарлы рухынан айырлатынын айтады. Рас қой…
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!