Ауданда саналы ғұмырын қоғам қажеттілігіне арнап, халық үшін жұмыс істеп жүрген азаматтар аз емес. Соның бірі халықты ширек ғасыр бойы бір нүктеден екінші нүктеге дейін аман-есен жеткізіп, жолаушылардың алғысына бөленіп жүрген автобус жүргізушісі Әділхан Жалғасбаевтың еңбегі жайында ауыз толтырып айтуға болады.
Әділхан ағамыз кент орталығындағы «Қаракөз» дүкенінің алдына автобуспен аялдап, кезекті сапарына дайындалуда. Аққырлық жолаушылар да аялдамаға келіп жатыр. Мен де сол сәтті дереу пайдаланып, еңбек адамынан сұхбат алуды жөн көрдім. Журналисті байқаған ауыл тұрғындары да аптасына 5-6 рет қатынайтын Әдекеңнің еңбегіне риза екенін жарыса айтып, мақтай жөнелді.
– Әділхан – өз ісіне мығым, жауапкершілігі мол азамат. Ол жайлы «ауылдасымды далада қалдырды немесе дөрекілік көрсетті» деген теріс пікір естімедім. Біз үшін ауылдасымыздай болып кетті. Жол ақысы қолжетімді, 500 теңгеге діттеген жерімізге жетеміз. Жасыратыны жоқ, кейде тегін де алып кетіп жатады, – дейді ауыл тұрғыны Меруерт Балтабаева.
Биыл Әдекеңнің кент пен Аққыр арасына көпір болғанына 25 жыл толыпты. Негізі аудан орталығынан Аққырға дейін жол 80 шақырымды құрайды. Кейіпкеріміз бұрын «Апыр-ай, осы тұстан қайтіп өтер екенмін» дейтін жолдар кездескенін де жасырмайды.
Иә, Аққырға жету немесе шығу тұрғындар үшін ең қиын шаруа еді. Автобус рөліне отырып, жолаушыларды тасымалдау ол кезде екінің бірінің қолынан келе бермейтін-ді. Ол заманда техника да ескі болатын. Әдекең жол бойында көліктің кейбір бөлшектері тарс етіп сынып кеткен жағдайларды талай басынан өткерген. Сондықтан болар, ол автобус салонына қосалқы бөлшектерді салып жүруді әдетке айналдырған. Егер көлік бұзылған жағдайда халықты автобустан түсіріп, өзі жөндейтін көрінеді.
Жастайынан көлік тізгіндеген Әдекең бүгінде зейнет жасына таяған. Тарих парақтарында қатталып қалған жылдарда қоғам дамуына ерен еңбек сіңірген жүргізуші әлі тың. «Құдай бойыма көлік айдауға күш қуат берсе, бұл ісімнен қол үзгім келмейді» дейді. Өміріне өкпесі жоғын алға тартқан Әділхан Жалғасбаев – бүгінде 3 баланың әкесі, 6 немеренің атасы.
Қазіргі таңда кейіпкеріміз жолаушылар тасымалында жұмыс істеп келе жатқан аудандағы бірден-бір мекеме «Маржан және К» ЖШС-ға автобус жүргізушісі ретінде тіркелген. Сол мекеме арқылы ол мемлекеттен берілетін қолдауларға, яғни субсидияларға оңай қол жеткізіп отыр. Мәселен, бүгінде жанармайына жергілікті билік тарапынан субсидия қарастырылған. Бұл да Әдекеңнің тұрақты қатынауына бірден-бір көмек болып отырғандай.
Мекеме басшысы Марат Оспановтың айтуынша, Аққырдан бөлек 13 ауылдық елді мекенге, сондай-ақ облыс орталығына 20 жолаушылар көлігі қатынайды. Міне, бұл саланың ауқымын осыдан-ақ байқауға болады.
– Иә, жолаушы тасымалдап, көлік жүргізу оңай жұмыс емес. Себебі автобустың ішіндегі жолаушылардың тағдырына бір ғана жүргізуші жауапты. Әр жолаушының тағдыры, мінезі, көңіл-күйі әртүрлі болады. Діттеген жеріне жеткізгенің үшін адамдардың барлығы бірдей алғыс айта бермейді, бірі ұрысады, бірі ренжиді дегендей. Кейде үлкен кісілер көліктен түсіп бара жатқанда алғысын айтып, батасын беріп жатады. Сондай сәттерде қоғамға пайдаңның тигенін түсініп, іштей марқайып қаламыз. Шыны керек, 25 жылда өзім де Аққыр ауылының тұрғынындай болып кеттім. Қазір техника дамыған, көлік жолдарының сапасы да жақсарған. Халықтың игілігі мен жайлылығы үшін жергілікті билік те жағдай жасап келеді, – дейді автобус жүргізушісы.
Саналы ғұмырының басым бөлігін жол үстінде өткізген Әділхан ағамыз «кейінгі жастар еңбекке құштар болса» деген тілегін айтып, Аққырға жол тартты.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!