Арал теңізінің айналасындағы 3 мыңға жуық балықшы нанынан айырылуы мүмкін. Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов осылай дабыл қақты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутат Премьер-министрдің бірінші орынбасары Р.В.Склярға 9 балық өңдеу зауыты мен 14 шағын цех жұмысы кідіруі мүмкін екенін баса айтты. Оған себеп – теңіздің тартылуы. Соңғы 12 жылда Арал суы үштен бірінен айырылған.
«Суы қашқан теңіздің орнынан көтерілген тұздар бүкіл Орталық Азия елдеріне зиянын тигізетін экологиялық апатқа айналды. Нәтижесінде судың тұздылығы 8-ден 13 грамм/литрге көбейген. Ал егер судың тұздылығы 15 грамм/литрге жетсе, балықтар жаппай қырыла бастайды», – деді халық қалаулысы.
Сырдария өзені бойындағы мемлекеттердің немқұрайлы көзқарасы да мәселені ушықтырды.
«Сондықтан мемлекетаралық келісімге «кепілдендірілген келісім» статусын беруіміз қажет», – деді Мәжіліс депутаты.
Алдыңғы жылы Аралда жаппай қуаңшылық болып, жайылымның 95 проценті жарамай қалған еді.
Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!