Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Сенбі, 21 желтоқсан, 21:13

6 айда 317 тұрақты
жұмыс орны ашылды

26.07.2023

356

0

Қарапайым халықтың қазір есігін жиі ашатын мекемелердің бірі жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі мен орталықтары екені айтпаса да белгілі. Әлеуметтік көмекке жүгінгендер де, екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтар да бұл мекемені айналып өтпесі хақ. Тіпті кәсіппен айналысу үшін қайтарымсыз қаражатты да арнайы комиссия мүшелерінің шешімімен жоба авторларына үлестіретін осындай мекемелер. Осы ретте жергілікті халық мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларға қол жеткізіп жатыр ма, аудандағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуде нендей шаралар қолға алынуда, алғашқы жарты жылдықта қанша тұрақты жұмыс орны ашылды? Осы және өзге де сауалдарымызға жауап алу үшін аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысы Қанат Бөленбаевпен сұхбаттасқан едік…

– Қанат Шамшатұлы, қара­пайым халықты әлеуметтік кө­мек, жәрдемақылармен қамту жұ­мыс­тары қалай жүріп жатыр, жал­пы аудан жұрты сала қызмет­кер­ле­рінің жұмысына, мемлекеттің қол­дау шараларына көңілі тола ма?

– 2023 жылдың шілдесіне дейін атаулы әлеуметтік көмек 1 242 адамға берілді. Тұрғын үй көмегін көр­­­се­туге аудан бюджетінен 4523 мың теңге қаралған. Бүгінгі күнге 18 отбасының 44 мүшесіне 527,1 мың теңге тағайындалып, төленді. Одан бөлек «Отан Даңқ» орденімен наг­рад­­талған, республикалық құр­метті атағына ие болған, Ұлы Отан соғыс жылдарында тылда ке­мінде 6 ай жұмыс істегендерге, Чернобыль апа­тының зардабын жоюға қатыс­қандарға, Кеңес армия­сы­ның мү­ге­дек азаматтарына жәрдем­ақы­лар төленді.

– Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және олардың өмір сүру сапасын жақ­сарту бағытында нендей ша­ралар қолға алынуда?

– Аудан бойынша мүгедектердің орталықтандырылған деректер қо­рына сәйкес, 2023 жылы шілдеге дейін 972 мүгедектігі бар адам тір­келген, оның ішінде 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар саны – 222.
Мүгедектерді сауықтыру жеке оңал­­ту бағдарламасы негізінде жү­зеге асырылады. Барлығы 409 жеке оңалту бағдарламасы даярланып, 276-сы орындалды. 2022 жылдың ауыс­палы ЖОБ қоса есептегенде 1124-і орындалды.
2023 жылы шілдеге дейін 540 мүгедектігі бар адам міндетті гигие­на­лық құралдармен, 48-і таяқпен, 14-і балдақпен, 2-еуі жетекарбамен, 33-і креслоарбамен, 74-і санаторлы-ку­рорттық жолдамамен, 72-сі тифло­техникалық құралдармен, 12-сі сур­до­техникалық құралдармен, 70-і про­тездік ортопедиялық құралдармен қам­тамасыз етілді. Есту кемістігі бар 6 мүгедектігі бар адамға 1 ымдау тілі маманы, жүріп-тұруы қиын І топтағы мүгедектігі бар 94 адамға жеке кө­мекші қызмет көрсетуде. Облыстық мү­гедектерді оңалту орталығына ба­руға өтініш білдіргендерден шілдеге дейін 38 адам жіберілді. Оның ішінде 12-сі – зейнеткер.

– Халықты жұмыспен қам­ту­дың өңірлік картасын іске асы­ру бойынша алғашқы алты айда нендей жұмыстар жүзеге асы­рыл­ды? Жалпы, ауданда жұ­мыс­сыз­дық деңгейін төмен­де­ту­де басқа қандай шаралар қолға алынуда?

– 2023 жылға жоспарланған ха­лықты жұмыспен қамту динамикасы бойынша 2 927 жұмыс орны ашылу керек. Оның ішінде 1 722-сі – тұрақты, 1 205-і – маусымдық. шілдеге дейін 1 638 жұмыс орны ашылды. Олардың – 317сі тұрақты, 1022-сі – маусымдық.
Ұлттық жобалар аясында жоспар 46 адам болып бекітілсе, 33 адам жұмыспен қамтылып, 28 жұмыскерге міндетті зейнетақы жарналары тө­леніп, 1 зейнеткер мен 1 мүгедектігі бар адамға төленбеді.

– Қазір мемлекет тарапынан кәсіп бастауға барлық жағдай жасалған. Тіпті жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін қайтарымсыз қаражат та қаралып отыр. Тұр­ғындардың кәсіп бастауға ын­тасы қалай және осы күнге дейін қанша жоба қаржылай қол­дау тап­ты?

– Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант­қа қаралған қаржы – 198,7 млн теңге, 144 адамға беру жоспарланған. Жыл басынан бері 2 рет комиссия оты­рысы өтті, 72 адам комиссияның оң шешімін алды. Жаңа бизнес идея­ларды іске асыруға арналған грант жеңімпаздарына 99,4 млн теңге қаржы төленді. Тұрғындардың кәсіп бастауға ынтасы жоғары.

– Негізінен бұл қаржылай қол­дауға кімдер қол жеткізе алады?

– Бұл грантты да жоба авторларына үлестірудің өз тәртібі бар. Комиссия мүшелері осыны жүзеге асырады. Ал «Қаржылай қолдаудың игілігін кімдер көре алады?» деген сауалға келсек, біріншіден, грант алуға өтініш бергенге дейін үш жылдан кем дара кәсіпкер ретінде тіркелгендер өз жобаларын ұсыну арқылы қайтарымсыз қар­жылай қолдауға қол жеткізе алады. Екіншіден, атаулы әлеуметтік кө­мекті, көпбалалы отбасыларға және оның жұбайына төленетін жәр­дем­ақыларды, асыраушысынан айы­рылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақыларды алушыларды, қо­ныс аударушыларды, қандастарды, ең­бекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдарды, мүге­дектігі бар бала тәрбиелеп отырған адамдарды және оның жұбайы, халықтың әлеуметтік осал топтары да бұл қолдаудың игілігін көре алады.

Грант жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін қайтарымсыз негізде 1 млн 380 мың теңгеге дейінгі мөлшерде беріледі. Жоба авторына нысаналы мақсаты бойынша қажетті еңбек құралдарын, мүкәммалды, тех­нологиялық жабдықты, жануарларды, малды, құстарды, көшеттерді, бұ­таларды, тұқымдарды сатып алу, коммерциялық жылжымайтын мү­лік объектілерінің, сондай-ақ сауда объектілерінің, оның ішінде сауда объектілерінің аумағында бастап­қы бизнесті өткізуге арналған үй-жай­ларды, оның ішінде сауда объек­ті­лерін жалдау ақысын төлеу, жалға алуға, пайдалануға, сенімгерлік бас­қаруға беріледі. Бұл мақсатқа ауданға былтыр 283,2 млн теңге қаралған.
Біз жыл соңына дейін жоға­ры­да айтып өткен санаттарға жа­та­тын 231 жергілікті тұрғынды қайта­рым­сыз қаржылай қолдадық. Бұл ауданда басқа да мемлекеттік бағдар­лама­ларды былай қойғанда, тек осы гранттың нәтижесімен 231 кәсіпорын ашылды деген сөз. Бастапқыда әр жоба авторына үлестірілетін грант көлемі 555 мың, одан кейінгі жылы 583 мың теңге болды. Биыл оның көлемі бірнеше есеге артып отыр. Бұл қаржымен шағын кәсіп бастап, оның игілігін көруге толық мүмкіндік бар деп ойлаймын. Әрине ол үшін бөлінген қаржы тек бір мақсатқа жұмсалуы ке­рек. Биыл да гранттың көлемі арт­ты. Яғни 1 млн 380 мың теңгені құ­рап отыр. Әлбетте бұл қаражатпен үл­кен бизнес бастауға болмайтын шы­ғар, алайда шағын кәсіп бастап, оның көкжиегін кеңейтуге жол ашуға болады.

– «Қаржы бір мақсатқа жұм­салуы керек» дейсіз және оның қандай мақсаттарға жұмсалуы қа­жеттігін жоғарыда тізбелеп атап кеттіңіз. Алайда кейбір жоба авторларының ағайын-туыс­та­рынан, жақындарынан қажетті мү­лікті сатып алған болып, кә­сіпті бастамауы да мүмкін ғой. Бұл жағына бақылау бола ма?

– Сауалыңыз орынды, мұндай жағ­­­дайлардың болуы әбден мүмкін. Бағана жоғарыда атап кеттім, тағы да қайталап айтамын, бұл қайтарымсыз қаржыны жоба авторларына үлес­тірудің өзіндік тәртібі бар. Сол тәртіптің қатарында сіз көтеріп отырған мәселе де қамтылған. Негізінен жұбайынан, жақын туыстарынан еңбек құралдары, мүкәммал, технологиялық жабдық, жа­нуарлар, мал, құстар, көшеттер, бұта­лар, тұқымдар сатып алынбайды, сондай-ақ бастапқы бизнесті іске асы­руға үй-жайлар жалға алынбайды. Грант­тар тұтынушылық мақсаттарға, несие қарыздарын өтеуге, жылжы­май­тын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алу­ға, акцизделетін өнімдер өндіруге бе­рілмейді.

Бақылау болады. Олай болмаса, сіз айтып отырған жағдайлар көптеп орын алар еді. Біз жоба авторлары қаржылай қолдау тапқаннан 3 айдан кейін олардың комиссия мүшелері алдын­да қорғаған жобалары жұмыс жасап жатыр ма, жоқ па, бөлінген қаражатты әлгіндей мақсаттарға жұм­­­са­ды ма, осыған бақылау жүр­гіземіз. Заңнама талаптары бұзыл­ған жағдайда тиісті қаражат қайта­рыла­ды. Сондықтан алдағы уақытта үміт­керлерге айтарым, тек кәсіп бастауға мақсатпен келсе деймін.

– Бұған дейін де бірнеше рет комиссия отырысы өтті. Ал­дағы уақытта да жалғасын та­бады. Әлі де бұл грантқа қол жеткізуге үміт­тілер қалай құжат тап­сы­рады және өзінің қайта­рымсыз қар­­жылай қолдауды алушылар ті­зі­­міне енгенін қалай біледі, Олар­дың одан кейінгі міндеті қалай?

– Грант нысанында қолдау шара­ларын қаржыландыру респуб­ли­ка­лық және жергілікті бюджеттердің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры­нан берілетін нысаналы транс­ферттердің қаражаты, сондай-ақ Қа­зақстан Республикасының заң­на­­ма­сында тыйым салынбаған көз­дерден жүзеге асырылады. Гранттар алуға өтініштерді қабылдаудың бас­талғаны туралы хабарландыру өтініш­тер қа­был­данғанға дейін 10 күн бұрын халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында жарияланды. Грант­тар алу үшін өтініштерді қа­был­дау лектер бойынша жүзеге асырылады. Порталда өтініштерді қа­был­дау мерзімі әр лекте 10 жұмыс күнін құрайды. Грант алуға үміткер осы қағидаларға сәйкес, нысан бо­йынша электрондық цифрлық қол­таң­бамен куәландырылған өтініш береді.

Грант алуға өтінім беру үшін пор­талда тіркелгеннен кейін қайта­рымсыз қаржы алуға үміткер осы қағидаларда көрсетілген шарттар сәйкестігіне және мерзімі жүгінген сәтте үш жылдан аспайтын «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін аяқтау туралы электрондық сертификаттың немесе бұрын қа­тысқаны туралы сертификаттың бо­луы автоматты түрде тексеріледі. Көр­сетілген талаптарға сәйкес келгенде грант алуға үміткер порталда бизнес-жоба үлгісін осы қағидаларға сәйкес жүктейді, оны толтырады және пор­талда жеке кабинетіне тіркейді.

– Ал комиссия отырысында өз жобаларын қорғағандар қар­жы­лай қолдауға лайық деп таныл­ғанын немесе жобасы қолдау тап­пағанын қалай біледі?

– Комиссия отырысы аяқталғаннан кейін Халықты жұмыспен қамту орта­лығының қызметкері 2 жұмыс күні ішінде комиссия шешімін оты­рыс хаттамасына және грант алушы­лардың қалыптастырылған тізіміне сәй­кес «Еңбек нарығы» ААЖ-ға ен­гі­зеді. Барлық жоба қорғалатын оты­­­рыстың шешімі «Еңбек нарығы» ААЖ-ға енгізілгеннен кейін грант алуға үміткер порталдағы «Жеке ка­би­нет» арқылы грант беру-бермеу туралы тиісті хабарлама алады. Ал комиссия грант беру туралы шешім қабылдаған кезде грант алуға үміткер тиісті хабарламаны алған сәттен 3 жұмыс күні ішінде порталдағы банк деректемелері бар банк шотын ұсы­нады, ол «Еңбек нарығы» ААЖ-ға жіберіледі. Көрсетілген мерзімде банк шотын ұсынбаған үміткерге ко­мис­­сияның грант беру туралы бұрын алған шешіміне қарамастан қайта­рымсыз қаражат берілмейді. Бұл рет­те үміткер келесі лектерде грантқа қайта өтінім бере алады.

Халықты жұмыспен қамту орта­лығы грант алушының банкде­рек­те­ме­лері бар банк шотын алған күннен 3 жұмыс күні ішінде жаңа бизнес идеяларды іске асыруға грант беру туралы шартқа қол қояды және грант алушының порталдағы жеке ка­бинетіне жібереді. Ал жобасы қар­жылай қолдауға лайық деп танылған үміткер шартты алған сәттен 3 жұмыс күні ішінде порталда, жеке кабинетте Шартқа электрондық цифрлық қол­таңбамен қол қояды, ол «Еңбек на­рығы» ААЖ-ға жіберіледі.

– Ал бұл талаптарды орындау үміткер тарапынан кешеуілдесе қалай болады?

– Өкінішке орай егер грант алушы белгіленген мерзімде порталдағы же­ке кабинетте Шартқа қол қоймаса, онда автоматты түрде грант ал­майды, сондай-ақ ағымдағы қаржы жылында грант алуға одан әрі өтініш бере алмайды. Халықты жұмыспен қамту орталығы шарт жасалғаннан 5 жұ­мыс күні ішінде грант алушының ағымдағы банк шотына ақша қара­жатын аударуды жүзеге асырады және грант алушының деректерін ауданның, облыстық маңызы бар қа­­ла­ның, республикалық маңызы бар қаланың, астананың салық ор­ганына береді. Грант алушы оны алған күннен бастап 3 ай ішінде Қазақстан Республикасының салық заңна­ма­сына сәйкес, салық органда­рында өз қызметін тіркейді.
Бизнес жобаны іске асырудың ны­саналы пайдаланылуын грант алу­шы порталда растайтын құжат­тарды ұсыну арқылы он екі ай ішінде тоқсан сайын растайды. Грант алу­шы оны алған күннен бастап 12 ай ішінде, бизнесті кеңейтуге бағыт­тал­ған шараларды қоспағанда, жұ­мыспен қамтуға жәрдемдесу шара­ларына қатысуға жіберілмейді. Жо­­ба­сы қолдау тапқан автор грант­тық қаражаттың нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылғанын не­ме­се грант қаражатының пайдала­ныл­ма­ғанын растау болмаған кезде шарт жасалған күннен бастап 3 ай ішінде портал арқылы қаражатты то­лық ерікті түрде қайтаруға өтінім береді. Қаражат толық көлемде пай­даланылмаған жағдайда порталдағы «Жеке кабинетте» тиісті өтініш беру арқылы қаражатты ішінара қайтаруды жүзеге асырады.

– Ауданда осыған дейін қанша рет комиссия отырысы өтті, онда қанша жоба қорғалып, қан­шасы қолдау тапты?

Жалпы, осыған дейін юірнеше реет комиссия отырысы өтті, әр комиссия отырысында қаншама жо­ба қаралады. Оның кейде үштен бірі, кейде үштен екісі қолдау тауып жатады. Соңғы рет маусым айында өтті. Екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтар жоқ емес, олар үшін бұл таптырмас мүмкіндік екені анық. Осы ретте мемлекеттік бағдарламаның бір жағынан өңірдегі жұмыссыздық мәселесін тұсауға үлкен қолғабыс болып жатқанын айта кеткен жөн. Үміткерлердің ішінде өз жобасы ар­қы­лы қосымша тағы бір адамды жұмыспен қамтуға талаптанып отыр­ғандар да бар болып шықты. Бұл – қуанышты жағдай, әрине.

– Комиссия отырысында қор­ғалған жобалардың басым бөлігі – әдеттегідей мал ша­руашы­лы­ғына бағытталған тап­тау­рын жобалар. Бұл бізде басқа да кәсіп түрлеріне жергілікті ха­лықтың қызығушылығы жоқ­тығын аң­­ғар­­та ма, әлде одан басқа кәсіп­орын өнімдеріне сұра­ныс жоқ­тығын білдіре ме?

– Бұл ойыңызбен келіспеймін, «мал шаруашылығын таптаурын жоба екен» деп кәсіптің бұл түрінен қа­шуға тағы болмайды. Тіпті олай деуге де өз басым келіспеймін. Бағана сөз басында да айттым, бастысы қаражат өз мақсатына жұмсалса, бұл грантпен кез келген шағын кәсіп ашып, оның жемісін көруге болады. Біз мал шаруашылығын қалай таптаурын жоба дейміз? Біріншіден, рас, бұл – біздің қазақтың атакәсібі. Содан да болар, халықтың басым бөлігі оған қызы­ғушылық танытып отырғаны. Алайда сіз қазір білесіз бе, нарықтағы еттің бағасы қанша, сүт өнімдерінің ше? Олардың қымбаттауына не се­беп? Әрине сұраныстың артуы. Ал­ кәсіпте сұраныс пен тапсырыс маңызды рөл атқарғандықтан мен өз басым мал шаруашылығын тап­тау­рын жоба демес едім.
Қазір аудан орталығын былай қойғанда, ауылдық елді мекендерде де сүт және ет өнімдерін сатып алып отқандар көп. Тіпті қаншама бас малы болса да, оны далада ұс­тап, өзінің күнделікті тұрмыста тұтынатын сүт, ет өнімдерін сатып алатындар да жетерлік. Аймақтың бас шаһарын айтпаса да белгілі. Бұл Мал шаруашылығы бағытында кәсіп бастағандарға таптырмас мүмкіндік екені анық. Міне, мен бұл бағыттағы жоба авторларын осы мүмкіндікті құр жібергісі келмейді деп ойлаймын. Оның үстіне біз – аграрлы өңірміз. Сон­дықтан бір жағынан мал азығы да айтарлықтай қиынға соқпайды деп ойлаймын.
«Басқа да кәсіп түрлеріне жер­гі­лікті халық тарапынан сұраныс жоқ» дегенге де келіспеймін. Неге жоқ, мәселен, былтыр комиссия оты­­рыс­тарында наубайхана ашу, бала­лардың ой-өірісін дамытатын ор­талықтар ашу, кондитерлік өнімдер өндіретін цехты іске қосу, тігін цехын ашу сынды жобалар болды. Биыфл да қаржылай қолдау тапқан жобалар қатарында мұндай кәсіп түрлері бар. Біз олардың басым бөлігін қол­дадық. Әсіресе бізді ауылдық елді мекендер халқының да кәсіпке де­ген қызығушылығы бары қуантты. Кешеге дейін қорғалған жобалардың басым бөлігі ауылдық округтерге тиесілі десем, өтірік емес. Олардың да арасында ауылда тек мал ша­руашылығын емес, басқа да кәсіпті жүзеге асыруды өз жобаларына арқау еткендер көп болды.

– Қанат Шамшатұлы, былтыр, алдыңғы жылы қайтарымсыз қар­жылай қолдау тапқан жоба­лардың ішінде әлі күнге дейін жұмыс жасап тұрғаны, тіпті кәсібінің көкжиегін кеңейтіп жатқандары бар ма?

– Ондайлар баршылық, егер ел бұл бағдарламаның игілігін көрмесе, ауданда шағын кәсіпкерліктің дамуына қайтарымсыз қаражаттың пайдасы болмаса, бізге жыл сайын оны үлес­тірудің не керегі бар? Бастысы, қара­жат халыққа үлестірілуде және ол бір жағынан кәсіпкерлік саласының дамуына, өңірдегі жұмыссыздық мә­селесін тұсауға қолғабыс болып отыр.
Өткенде әлеуметтік желідегі парақ­шасы бойынша үйдегі балаларым торт­қа тапсырыс беріпті. Бағасы да қалтаға қонымды. Айтылған уақытта үйге кондитерлік өнім де келді. Сұ­растырсам, ол 2020 жылы дәл осын­дай комиссия мүшелері алдында өз жобасын сәтті қорғап, шағын цех ашыпты. Бүгінде біз оның өнімін әлі де тұтынып отырмыз. Ол оған дейін өз үйінен күніне 2-3 тапсырыс қабыл­дап, тәтті өнімдерімен халықты қам­та­масыз еткен екен. Негізінен кәсіпкер өнімнің бұл түріне сұраныс жоғары екенін айтады. Алайда оның бәрін қабылдауға оның кейбір құрал-жаб­дықтарының жоқтығы қолбайлау бо­лыпты. Енді қазір цех иесі күні­не 20-25 тапсырыс қабылдауға мүмкіндігі барын айтады. Осы кездің өзінде жер­гілікті тұрғындардан күніне 8-9 тап­сырыс түседі екен. Мен мұны қай­тарымсыз қаржылай қолдаудың игілігі деп ойлаймын.
Ауылдық елді мекендерде де қайтарымсыз қаражат алып, бірнеше жылдан бері әлі күнге дейін жұмыс жасап тұрған жобалар бар. Алдағы уақытта біздің тарапымыздан қолдау тапқан жаңа жобалар да өміршең болады деп сенемін.

– Негізінен тиісті қаражатпен тез аяққа тұру үшін кәсіптің қай түрімен айналысқан дұрыс? Маман ретінде жоба авторларына, әлі де жоба дайындаймын деп жүрген тұрғындарға осы ретте қандай кеңес бересіз?

– Біріншіден, мен кәсіпкер емеспін, екіншіден, «Үміткерлерге мына жо­баны қорғасаң, былай болады» деп айтқан орынсыз деп ойлаймын. Ол өзінің ойындағы істі ғана өз жобасына арқау етсе, оның жемісін көреді деген сенімдемін. Сіздің бағана бір сауа­лыңыздың арасында айтқан сө­зіңіз есіме оралып отыр. Мәселен, сіз бағана мал шаруашылығын тап­таурын жоба дедіңіз. Ал біреу әлі де кәсіптің бұл түрінен пайда табамын дейді. Сол сияқты ғой. Әркімнің бұл салада ойы әрқалай. Мен мысалға мал шаруашылығын олай демес едім. Себебі бұл салада енді іс бастап, оның жемісін көріп жатқандар бар. Бастысы, жобаның өніміне сұраныс бол­ғаны маңызды. Кәсіпкерлік сала­сында осы маңызды рөл атқарады деп ойлаймын.

– Қазір ел ішінде қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізуге қатыс­ты сан сауал бар. Бұл мәселеге кеңірек тоқталғанымыз да сон­дықтан. енді тақырыпқа ойы­сайық. Жалпы, әлеуметтік жұмыс орын­дарымен жұмыссыздарды қам­тамасыз ету деңгейі қалай?

– Бұл мақсатқа қаралған қаржы 33,9 млн теңгені құрайды, жоспар бойынша 41 адамды қамтамасыз етуі­міз керек. 2023 жылы 1 шілдеге дейін 37 адам әлеуметтік жұмыс орны бағдарламасына жолданып, жос­пар 90,3 пайызға орындалды. Оның ішінде 5 адам аяқтап, тұрақты жұмыс­қа орналасты. Әлеуметтік жұ­мыс орын­дарына қатысушыларға 3,9 млн теңге қаржы төленді.
Жастар тәжірибесіне қаралған қар­жы 411,1 млн. теңгені құрайды, жоспар 331 адамды жұмыспен қамтуды көз­дейді. 2023 жылы 1 шілдеге дейін 200 адам жастар тәжірибесінің қа­ты­сушысы болып табылды. 2022 жылдан жалғастырушы 169 адам бар. Оның ішінде 89 адам аяқтап, 16 адам тұрақты жұмысқа орналасты. 2023 жылға 31 адам жастар тәжірибесіне жолданды, қатысушыларға 89,8 млн. теңге қаржы төленді.

Ақылы қоғамдық жұмыс орын­дарына 2023 жылы 1 шілдеге дейін 922 адам жолданып, жоспар 113,7 пайызға орындалды. Қоғамдық жұ­мысты 137 адам аяқтап, 59 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Ақылы қоғамдық жұмысқа қатысушыларға 354,6 млн теңге қаржы төленді.
Мемлекеттік қолдау шарала­рын­­сыз жоспар бойынша 999 адам жұмыспен қамтылу қажет болса, 2023 жылы шілдеге дейін 299 адам (29,9%) жұмысқа орналасты. Алғашқы жұмыс орындарына қаралған қаржы 59,3 млн теңге, жоспар бойынша 40 адамды жұмыспен қамту керек. 2023 жылы 1 шілдеге дейін 20 адам қатысушысы болса, оның 12 адамы 2022 жылдан жалғастырушы болып табылады. 2023 жылы 8 адам алғашқы жұмыс орнына жолданды, қатысушыларға 8,8 млн теңге қаржы төленді.
Ұрпақтар келісім шартына қа­рал­ған қаржы 3,7 млн. теңгені құ­райды, жоспар бойынша 6 адамды жұмыспен қамту көзделген. 2023 жылы 1 шілдеге дейін 1 адам жолданып, 520,1 мың теңге қаржы төленді. Күміс жас жобасына қаралған қаржы 19,1 млн. теңгені құрайды, жоспар бойынша 22 адамды жұмыспен қамту қажет. 2023 жылы 23 адам жолданды, қатысушыларға 6,1 млн. теңге қаржы төленді.
Жұмыс берушілердің өтінімі не­гі­зінде қысқамерзімді курстарға оқы­туға қаралған қаржы 20,7 млн. теңге болып табылады. Жоспар бойынша 46 адамды қысқамерзімді оқумен қамту көзделген. Оқудың басталуы 2023 жылы тамыз-қыркүйек айларына белгіленген.
Қызылорда облысы прокурату­ра­сының 2023 жылғы 12 сәуірдегі №2-10-23-03003 ұсынысына сәйкес жұмыспен қамту бағытындағы заң бұзушылықтары бойынша 2023 жылы жұмыспен қамтудың белсенді шара­ларына жолданған 1105 адамға 65 943 мың теңге көлемінде экологиялық үстемақы төленді.

– 2023 жылы Жалағаш ауданы бойынша пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды және бас бостандығынан айыру орын­дарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұ­мыс орындарына квоталар бел­гі­леу бойынша нендей шаралар қолға алынуда?

– Аудан бойынша жаза өтеу орын­дарынан босатылған және аудандық пробация қызметінде есепте тұрған азаматтардың саны – 48, оның ішінде 43 пробация қызметінде және 5 поли­ция бөлімінде есепке алынған.
«2023 жылға Жалағаш ауданы бойын­ша пробация қызметінің есе­бінде тұрған адамдарды және бас бос­тандығынан айыру орындарынан боса­тылған адамдарды жұмысқа ор­на­ластыру үшін жұмыс орындарына квоталар белгілеу туралы» Жалағаш аудан әкімдігінің 2022 жылғы 15 қа­ра­шадағы №217 қаулысымен бас бос­тандығынан айыру орындарынан босатылғандар үшін 1 жұмыс орны және аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға 5 жұмыс орындарына квоталар белгіленіп, 6 квота толығымен орындалды.
Мүгедектігі бар адамдар үшін жұ­мыс орындарына квотаға келсек, Жа­ла­ғаш ауданы әкімдігінің «2023 жылға мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарына квоталар бел­гілеу туралы» 2022 жылдың 15 қара­­шасында №216 қаулысымен 4 ме­кемеге 6 жұмыс орындарының саны бекітіліп, 3 жұмыс орнына 3 адам жол­­данды. Алдағы уақытта, қалған кво­талар бойынша жұмыстар жыл аяғына дейін орындалатын болады.

– Азаматтық хал актілерін тір­кеу секторы бойынша атқа­рыл­­ған жұмыстар көңіл көншіте ме?

– Жалағаш аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар жә­не азаматтық хал актілерін тіркеу бөлі­мінің АХАТ секторы бойынша 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін барлығы 487 азаматтық хал актілер жазбасы тіркелді. Оның ішінде 316-сы бала тууды тіркеу, 79-ы неке қиюды тіркеу, 82 қайтыс болуды тіркеу, 8-і некені бұзу, 2-і азаматтық хал актілерін жазба­ларын қалпына келтіруге негіз­делген.
Қайталама куәліктер немесе анық­тамалар беруді мемлекеттік тіркеу бойын­ша акт жазбаларына барлығы 186-сы берілді. Оның ішінде 120-сы Халыққа қызмет көрсету орталығы, 66-сы электронды үкімет порталы ар­қылы жүзеге асырылды.
Азаматтық хал актiлерiндегi жаз­баларға өзгерiстер, толықтырулар мен түзетулер енгiзу бойынша 21-і акт жазбаларына толықтырулар мен түзетулер енгiзіліп, қайталама куә­­­ліктер берілді. І тоқсанда 2023 жылдың 10 ақпанында «Азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер ен­гізу», «Азаматтық хал актілерін тір­кеу қайталама куәліктер немесе анықтамалар беру» туралы семи­нар өткізілді. 2022 жылдың 28 нау­рызында «Отбасы – ұлттық тірегі» туралы мақала Жалағаш жаршысы газетіне жарияланды. ІІ тоқсанда 2023 жылдың 27 маусысында «Мем­лекеттік тууды тіркеу», «Атын, әке­сінің атын және тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеу» туралы халыққа қызмет көрсету қызметкерлерімен семинар өткізілді. 2023 жылдың 10 мау­сымында «Мемлекеттік тіркеу қа­­лай жүргізіледі?» туралы мақала «Жа­лағаш жаршысы» газетіне жария­ланды.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан
Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: