Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 27 шiлде, 06:48

Әкеден баланың ойы неге өзге?

12.12.2023

327

0

Хакім Абай атамыздың «көп әке баласының жас кезінде басынан құс ұшырмай пәрмәнә болып жүріп, есейгенде суық тартатыны қалай?» деген мазмұндағы сөзі бар. Рас, мұнысы несі екен? Біз айтып отырған әке мен бала ортасындағы диалогтың көбі былай болады:
– Сен бардың ба әлгі жерге?
– Иә, бардым,
– Не қылып жатыр екен?
– Не қылушы еді, жатыр баяғы.
– Жоқ енді айтсайшы, не істеп жатыр екен?
– Айтатын несі бар, жүр де ел қатарлы.
– Ім ім ім…

Болды. Осыдан ұзамайды. Бір-бірінің көкірегіне ендірмей кері теуіп тұрған бір нәрсе бар. Екеуі де жеңе алмайды. Махаббатқа салып әке бұз­ғысы келеді, ақылға салып бала бұз­ғысы келеді, бұза алмайды. Аса бір тәуе­келмен әлгі пердені біреуі бұзса да, көкірек кеңістігінде екеуінің жолдары қиыспай, бір-бірінің кеудесінен тұрақ таба алмай, қашып шығады. Неге?
Ақылман Абайға қайта соғалықшы. Ол кісі балаларымен өте етене болған. Әсіресе Әбдірахманының ішкі сыр-сипатын ішек қырындысына дейін біліп, таңданып, риза болады. Асырып сөз айтпайтын Абайдың бір мақтанғаны осы Әбдірахманы шығар. Орталарында таусылып бермейтін сырлар жатыпты. Кейде әңгімелері күннің батысы, таңның атысына қарамай жалғасады екен. Ал Мағашымен арадағы сүйіспеншілігі тіпті ерекше. Мағаш бір жаққа шықса «әкем сағынып қалады» деп үш күннен асырмай қайтып оралады екен. Шынымен Мағаш үш күннен кешіксе, жарықтық Абай: – Мені Мағаш бұлай зарықтырмауы керек еді, – деп аттылы жолаушының бәрінен үміттеніп, төбе басынан түспей отырып алады дейді.
Бұл баласымен де күндіз-түні әңгі­ме­лері бітпейді екен. Мұның сыры неде?
Алдымен мынаған тоқталайық. Біз сөз етіп отырған келеңсіз жағдайдың түпкі себебі не? Неге «әкеден бала ойы өзге» болады?
Бұл «заманы басқаның» кесірінен екен. Әкенің жүрген жолымен бала­ның жүрген жолының екі басқа болған­дығынан екен. Әке көрген салт балаға келгенде басқаша болып өзгеріп кет­кендігінен екен. Әкенің кезіндегі құнды­лықтар баланың дәуіріне келгенде түкке жарамай, құндылығынан айырылып қалатындығынан екен. Оны қорғаштаған әке ескіліктің жоқтаушысы, жаратпаған бала жаңалықтың жақтаушысы болып жолдары екі айырыла қалады екен. Тіпті екеуіне де ортақ бір дәстүр уақытқа байланысты өзгешеленіп кететіндігінен екен. Енді екеуінің ойы қалай түйіссін? Пікірлері қалай бір жерден шығып, әрекеттері қайдан ұқсасын?
Жә, сонда Абай заманы мен Мағаштың уақытында бұндай өзгерістер болмады ма? Өзінен-өзі сұрақ туады. Әрі өте орынды сұрақ. Әрине болды. Оны алдымен Абайдың өзі айтты. Айтқанда да біз құсап бұралаңдатпай, тайға басқан таңбадай бадырайтып тұрап, ақиқатымен айтты. «Алла өзгер­мес, адамдар күнде өзгерер немесе бір Алладан басқаның бәрі өзгермек» деді. Сөйтті де мәңгі өзгермес Құранға жүгінді. Ал Құранда адамшылықтың уақытқа тәуелсіз ортақ өлшемі бекі­тілген. Абай соны іздеді. Тапты да. Сөйтсе Құнанбайға парыз етілген намаз, бір үтірі өзгерместен Абайға да міндет етіліпті. Абайға парыз болған ораза Әбдірахман мен Мағашқа да айнымаған қалпында жүктеліпті. Енді «заманы басқа» болса да Құнанбай мен Абайдың, Абай мен Әбдірахманның ойлары бір нүктеде тоғысып, өздері бір әрекетті қайталамағанда қайтпек?! Соған орай олардың қайғы-мұңы да, арман-мұраты, қуаныш-жұбанышы да ортақ болмай қайтсін? Қуаныштары да солай. Енді олардың бірінің істеген ісі біріне түсінікті болады. Әке өзі қылып жүрген ісін баласына тілейді. Бір-біріне деген махаббаты жүректерінің терең түкпірінен тамыр тартады. Бір-біріне рухани сүйеу болады.
Бұл – бір ғана Абай емес, мұсыл­маншылықтың мағынасын шын түсініп, берік ұстанған әрбір қазақтың басында болған жай. Әрі бұл махаббат ана мен баланың, аға мен інінің, әпке мен қарындастың бәріне ортақ. Біз тү­сі­нікке жеңіл болмағы үшін Абай мен балаларын алға тартып айттық. Ғасырға жуық уақыт шайқалып барып қайтадан өркен жая бастаған мұсыл­маншылықтың арқасында мұндай ба­қыт­тың дәмін татып үлгерген қазақ шаңырағы аз емес.
Бағанағы әке мен баланың жағ­дайы енді түсінікті болды. Әрқайсы­сысының өмір жайлы түсініктері өз тұ­сындағы өзгермелі қағидаларға бай­ла­ныпты. Енді бір-біріне қанша ма­хаб­бат қылмаққа талпынса да, олар­дың арасында екеуі бірдей табан тіреп тұра алатын, екеуіне де ортақ нүкте жоқ екен. Сосын әр қайсысы өз нүк­тесін орбита етіп айналып, бөлек-бө­лек шеңбер қалыптастырады. Сөй­тіп бір-біріне өмірбақи қауыша ал­майды. Махаббатқа қанша шөлдесе де екеуі бірдей сусындар ортақ суатты таппай сандалады екен. Бірінің суаты біріне тағы жарамайды.

Сөйтіп, белінен шыққан әкемен, құр­­са­­ғында жаралған анамен, бір құр­у­сақтан өрген аға-іні, әпке-қарын­даспен рухани достық орната алмай, әрқай­сысымыз бір жалғыз болып, бір ғана келетін қамшының сабындай қысқа ғұмырды қор қылып өткізеді екенбіз. Әке баланы, бала ананы, аға іні-қарындасты, іні аға-әпкені жүрек түкпі­ріндегі туыстық махаббатпен қан­дыра алмай, кезек-кезегімен қара жерге сіңе береді екен. Бірін-бірі жер қой­нына тапсырып тұрғанда тірісінде оған жет­кізе алмаған, қалай жеткізудің мәнін білмеген махаббат енді өкінішке айналады.
Алла Тағала Исламды адамның екі дүниедегі бақыты үшін жіберді. Бәріне бірдей жарайтын һәм махаббатқа бө­лейтін ортақ суат, мәңгілік құндылық осы. Әр мұсыл­маннан «мұсылмансың ба?» деп сұрағанда жай ғана «иә мұсылманмын» дей салмай, «Әлһәм­дулалла мұсылманмын», яғни «Аллаға шүкір мұсылманмын» деп шаттанып тұратыны содан екен.
Енді «Алладан басқа сыйынуға лайықты ешбір тәңір жоқ» деп кәлимаға тіл келтірген әр қазақ соны ақылмен түсініп, жүрекпен бекітсе, бір-біріне махаббат қылмаққа керек! Сонда ғана әлмисақтан мұсылман болған ата-баба тағылымына тамыр жібере аламыз.

Ұларбек Нұрғалымұлы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: