Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Жұма, 27 желтоқсан, 01:40

Әлеуметтің әлеуеті артқан

02.12.2022

411

0

Жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған жобалардың жемісін көргіңіз келсе, алдымен кәсіпкерлік саласын дамыту маңызды. Халықтың тұрмыс сапасын түзеу, әлеуметтің әлеуетін арттыруда да дәл солай. Жалпы Ел тайқазанының күретамырына қан жүгіртетін бір сала болса, ол – тағы да кәсіпкерлік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жергілікті әкімдердің жұмысын бос жұмыс орындарын құрумен бағалаймын» деген сөзінде де үлкен мән бар. Енді осы ретте «Бос жұмыс орындары қалай пайда болады?» деген сауалдың түйінін тарқатсақ…

Расында бос жұмыс орындары  өздігінен пайда бола салмайды. Екіншіден, елді мекендерде кәсіпкерлік дамымай оны құру да мүмкін емес. Міне, осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бір ғана тапсырмамен елімізде бірнеше мәселенің шешімін тапқанын қалайды. Бұл бағытта атқарылған жұмыстарда нәтиже жоқ емес, әрине. Оның үстіне жергілікті халық та бүгінде салаға серпін беретін мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін көруге машықтанып алған. Бастысы, нәтиже бар. Аудан бойынша 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаның орындалуы да көңіл көншітеді.

Біз Ұлттық жобаның орындалуына келгенде жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатындағы жобалардан айналып өтпейміз. Сондай-ақ оның негізгі мақсаты да сол деп есептейміз. Жалағашта биыл қанша жұмыс орны ашылуы керек, оның қаншасы тұрақты, қаншасы тұрақсыз? Жылдың түгесілуіне де аз уақыт қалды. Жоспарды жыл соңына дейін орындай аламыз ба? Бұған қатысты аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі берген мәліметтерді сөйлетейік…

2022 жылы 2 420 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның ішінде 1 342-сі тұрақты, 1078-і маусымдық болуы тиіс екен. Ал биыл жыл басынан желтоқсан айына дейін 1 982 жаңа жұмыс орны ашылған. Оның 724-і тұрақты жұмыс орны болса, 1258-і маусымдық екен.

Аудан бойынша жалпы халық саны 35 917 адам болса, оның ішінде экономикалық белсенді халық саны – 14 947, жұмыспен қамтылған халық саны – 14 192, оның ішінде жалдамалы қызметкерлер – 9 372, өз бетінше жұмыспен қамтылған халық саны – 4 820, ал жұмыссыздар – 755.

 Жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құраса, жастардың жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызға жеткен. 2022 жылы 1 желтоқсанға дейін 3 463 адам халықты жұмыспен қамту орталығына хабарласыпты, оның ішінде 1 587 адам немесе 45,8 пайызы бағдарламаға қатысушылар құрамына енгізілген. Нәтижесінде әлеуметтік жұмыс орындарына 38 адам, жастар тәжірибесімен 201 адам, қоғамдық жұмысқа 980 адам, ұрпақтар келісімі бойынша 5 адам, алғашқы жұмыс орнымен 18 адам, күміс жас жобасымен 16 адам жұмыспен қамтылса, қысқа мерзімді оқумен 29 адам қамтылып, 300 адам мемлекеттік грантқа қол жеткізген.

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантты 300 адамға беру жоспарланған. 2022 жылдың 1 желтоқсанына дейін 300 жоба қолдау тауып, жоспар 100 пайызға толығымен орындалып отыр. Бүгінгі күнге жоба авторларына жалпы құны 367,1 млн. теңге қаржы төленген.

Әлеуметтік жұмыс орындарына 35 адам тарту жоспарланған болатын. 2022 жылдың 1 желтоқсанына дейін 38 адам жолданып, жоспар 108,5 пайызға орындалыпты. Бүгінгі күнге оларға 12,2 млн. теңге қаржы төленген.

Жастар тәжірибесіне жоспар бойынша 196 адамды жолдау қажет болса, 2022 жылы 201 жас жіберіліп, жоспар 102,5 пайызға орындалған. 2022 жылдың 1 желтоқсанына дейін өткен жылмен қоса есептегенде барлығы 307 адам жастар тәжірибесінен өткен. Оның ішінде 133 адам мерзімінен бұрын аяқтап, 50 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Бүгінгі күнге 106,4 млн. теңге қаржы төленді.

Ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жоспар бойынша 540 адам жолдау қажет екен. 2022 жылдың 1 желтоқсанына дейін 980 адам жолданып, жоспар 181,5 пайызға орындалыпты. Оның ішінде 215 адам мерзімінен бұрын аяқтап, 58,6 пайызы яғни 126 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Бүгінгі күнге оларға жалпы құны 344,3 млн. теңге қаржы төленді.

Мемлекеттік қолдау шараларынсыз жоспар бойынша 800 адам жұмыспен қамтылу қажет болса, бүгінгі күнге 812 адам, яғни меже бойынша 101,5 пайызы жұмысқа орналасыпты.

Алғашқы жұмыс орындарына келсек, жоспар 12 адам болып белгіленген, 2022 жылдың 1 желтоқсанына дейін 18 адам жолданып, жоспар 150 пайызға орындалды. Бүгінгі күнге оларға жалпы құны 7,8 млн теңге қаржы төленді.

Ұрпақтар келісім шартымен жоспар  бойынша 5 адамды жұмыспен қамту көзделген болатын. 2022 жылдың 1 желтоқсанына дейін 5 адам жолданып, жоспар 100 пайызға орындалған. Бүгінгі күнге оларға жалпы құны 1,8 млн. теңге қаржы төленген.

Күміс жас жобасымен 15 адамды жұмыспен қамту межеленген. Десе де 2022 жылдың 1 желтоқсанына дейін 16 адам жолданып, жоспар 106,6 пайызға орындалыпты. Бүгінгі күнге оларға жалпы құны 5,1 млн. теңге қаржы төленген.

– «Электрондық еңбек биржасы» мемлекеттік ақпараттық порталының кіші жүйесі онлайн режимінде жұмыссыздарды кәсіби оқыту платформасы бойынша 74 адамды оқыту жоспарланса, 90 адам оқуды аяқтап, жоспар 121,6 пайызға орындалды. Жұмыс берушілердің өтінімі негізінде қысқа мерзімді курстарға оқытуға жоспар – 29 адам. 2022 жылдың 1 желтоқсанына дейін 29 адам жолданып, жоспар 100 пайызға орындалды. Бүгінгі күнге оларға жалпы құны 6,5 млн. теңге қаржы төленді. Барлығы аудан бойынша 14 жобаға 134 жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның ішінде 92-сі тұрақты жұмыс орны, 42-сі уақытша жұмыс орны болып табылады. 12 жобаға 72 жұмыс орны жарияланып, 62 адам жұмыспен қамтылған. Тарқатып айтсақ,  Мырзабай ахун ауылдық округінен 6 адам, Мөрәлі Шәменов ауылдық округінен 6 адам, Еңбек ауылдық округінен 6 адам, Жалағаш кентіндегі «Ақтерек170 га» бойынша 5 адам, Мәдениет ауылдық округінен 3 адам, Аққұм ауылдық округінен 3 адам, Жалағаш кентіндегі спорт кешені бойынша 7 адам, Аудандық маңызы бар «Қызылорда-Жалағаш-Самара-Шымкент-Бұхарбай батыр» автожолының 0-6,33 шақырым жолын күрделі жөндеу жұмысы бойынша 3 адам, Аламесек ауылдық округіндегі ПК-16 көпірінің құрылысы бойынша 12 адам, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына орташа жол жөндеу жұмыстары бойынша «Самара-Шымкент-Енбек-Есет батыр», 20,3-37,4 шақырымдары бойынша 3 адам, «Мия тамырын өңдеу зауыты» бойынша 5 адам, «Кызылорда-Жалагаш» автожолының 78,2 шақырымы, Сырдария көпірін орташа жөндеу жұмыстары бойынша 3 адам жұмыспен қамтылған. Бұдан бөлек «Бағдаулет 57» шаруа қожалығының «Сүт тауарлы фирмасының» құрылысы аяқталды, бірақ әлі қолданысқа берілмеген. Жалағаш аудандық оқушылар үйі және өнер мектебінің құрылысы аяқталды, – дейді бөлім басшысы Қанат Бөлембаев.

Әлеуметтің әлеуетін артыруда ауданда біршама жұмыс атқарылған. Ал жылдық межеден шығу үшін әлі де тиісті жобалар қолға алынуы тиіс. Әсіресе бұл салаға кәсіпкерліктің дамуы ерекше серпін беретіндіктен мейлінше оған бейімделген дұрыс секілді.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: