Өткен аптада аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі «AB AGRO ORDA» ЖШС шаруа қожалығының егін алқабында алғашқы дән себу рәсімі өтіп, егін егу науқаны басталды. Иә, көктем – диқандар үшін өте жауапты кезең. Алдағы егін науқанын күтіп, қыс бойы демалған шаруашылық диқаншылары көктемгі егіс науқанына білек түріп кірісіп кетті. Әсіресе тұқым себетін жігіттердің еңбекке деген құлшынысы ерекше, тұқым шашатын қажетті көліктерін күні бұрын майлап, сақадай сайлап қойыпты.
«Ахметбаздағы» шаруашылық жылдағы дағдысынан жаңылмай, ауданымыз бен ауылымыздың ардагерлері мен ақсақалдарын, бас иман және шаруашылықтың еңбекші механизаторлары, шаруашылық құрылымдары басшыларын арнайы шақырып, қызу жұмысты бастамас бұрын дән себу лентасын қиды. Қариялар диқаншыларға алдағы науқанға сәттілік тілеп, «Ел ырыздығы мол болып, егін бітік шықсын» деп ақ батасын берді.
– Еңбек өнімділігін арттырып, тұқым сапасын жақсарту мақса-тында біршама еңбек етудеміз. Агарлық салада озық алыс-жақын шет мемлекеттермен тәжірибе алмастық. Әрине, дала жұмысы қашан да жеңіл шаруа болған емес. Өткен жылы өнім межеден төмен болмады, шүкір биыл да барлығы жақсы болады деген үміт бар. Бұл дақылдың тамыры толықтай суда тұрып пісетіні белгілі. Өздеріңіз білесіздер соңғы жылдары өңірде аяқ су мәселесі бар. Дегенмен бүгінде бұл мәселе шешілгенімен, босаңсуға да болмайды. Өткен жылдары егіс салған барлық шаруашылықтарға да оңай тиген жоқ. Бірақ аяқ су тапшы екен деп қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Ісің өну үшін аз ұйықтап, көп жұмыс істеуге тура келеді. Бұл алқапта бір шаруашылықтың ғана емес, бүкіл халықтың несібесі бар. Сондықтан бүгін егіс басына күріш қауызындағы әрбір түйір дәннің шығуына тілекші болған халықты, соның ішінде елге бас болған баталы қарияларды шақырып отырмыз, – дейді шаруашылық төрағасы Қанат Ниетқұлов.
Иә, көктемде шаруа да қолына құрал-сайманын алып, «көптің несібесі» деп тұқым себеді, жаз бойы баптайды. Демек, халықтың несібесі үшін деп жасалған іс қашанда берекелі болары хақ. «Көктемнің әр күні – жылға азық» дегенді еңбектің бейнетін түсінетін диқан қауымы айтса керек.
Құрылғанына 3-4 жыл ғана болған шаруа қожалығы биыл да құрамында 60-70 жұмысшысы бар үлкен ұжымға айналған. Техникалық базасы жаңаланып, ауыл шаруашылығына қажетті техникалар алынып, сол арқылы жұмыс сапасын жақсартып, өнімділігін арттырған. Қанат Ниетқұловтың айтуынша, биыл «Ақ Бостай» мен «Бостай» учаскелеріне 1000 гектарға жуық күріш, жоңышқа егілмек. Қажетті тыңайтқыштары да жеткілікті мөлшерде алынған. Былтыр еңбек ұжымы күріштің әр гектарынан 60-65 центнерден орташа өнім жиған. Ал диқандардың алды әр гектардан 80 центнерге жуық өнім алған.
Шаруашылық бір жағынан ауданда бақша дақылдары бағасының шарықтамауына өз үлесін қосып отыр. Биыл шаруашылық кент іргесіндегі «Ақ бостайда» 15 гектар жер ашып, аудан тұрғындарының бақша салып, қыстық азығын қамдауына жағдай жасамақ. Сондай-ақ шаруашылық жұмысшыларына арнайы «Жетіарал» маңынан 10 гектар бау-бақша өнімдерін егуге жер дайылдалған.
«Жердің ырзығы халықтың несібесі» деп жоғары да айтып өткендей, шаруашылық құрылғалы шаруашылық құрылтайшысы Абай Боранқұлов еңбек озаттарына бірнеше жеңіл автокөлік кілтін сыйға тартқан. Сонымен бірге ауылдың, ауданның абыройын асқақтатып жүрген ауыл жастарын спорттық киімдермен қамтамасыз етіп келеді. Ақсу ауылдық «Асыл әжелер» ансамблін және ауыл ардагерлерін киелі Түркістан жеріне саяхаттауға және Жаңақорған, Көкшетау курорттық аймақтарына демалысқа жіберуге қаржылай демеушілік жасап отыр. Сондай-ақ биыл Ақсу ауылындағы №116 мектептің 3 оқушысына Жаңақорған ауданындағы «Талдысу» лагеріне жолдама табыстады.
Иә, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», демекші, жас та болса игі істің басы-қасында жүретін азаматтың бұған дейін де талай қайырлы амалына куә болып жүрміз. Қолдағы азын-аулақ қаражатпен іс бастап, бүгінде шаруасын ширатып отыр¬ған іскер азаматтың осыған дейін еліне қарайласқаны халықтың көз алдында. Өткенде аудандағы жағдайы төмен 100 отбасына тегін азық-түлік үлестірді. Іскер азамат бұл мақсатқа 2,5 млн теңге қаражат жұмсаған. Кешегі қасиетті Рамазан айында да жалпы өңір жамағатына аудан ордалығындағы «Иманқұл» мешітінде ауызашар беріп, мұсылман қауымның игі тілегін алды.
Иә, елдің алғысын алған азамат ешқашан кем болмайды. Әрбір ойға келген жобасын қариялардың батасымен бастап, көрсеткен нәтижесін халықтың алғысымен байланыстыратын осындай жас іскер азаматтар барда әрқашан береке болары сөзсіз.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!