Қазіргі таңда қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – зорлық-зомбылық, ана мен бала құқығы, ажырасу және алимент. Психологтар мәселенің басты себебін екі жастың асығыс шешім қабылдап, шаңырақ көтеруімен байланыстырады. Нәтижесінде дәм-тұзы жараспай, отбасында зорлық-зомбылық көріп, құқығы тапталған ана амалсыз ажырасуға бел буып, алимент алуға өтініш білдіреді. Алайда қазір бауыр беті баласынан безетіндер көбейген. Жалақысын жасырып, алимент төлеуден жалтаратындарға қандай жаза қолданылады? Баласына берешек борышкерлер қанша? Тарқатайық…
15 мың адам алимент төлеуден қашып жүр
Биыл елімізде алимент қарызы 19 млрд теңгеден астам қаржыны құрап, 15 мыңнан астам алимент проблемалық деп танылған. Яғни 15 мыңнан астам адам алимент төлеуден қашып, өз баласына берешек болуда. Ел бойынша алимент өндіріп алу үшін 285 мың құжат тіркелген. Оның ішінде 278 мыңға жуық алимент мерзімінде өндіріліп алынуда, яғни алимент борышкердің жұмыс орнынан ай сайынғы жалақысынан ұсталынады.
Айта кетейік, сот шешімінің негізінде бір бaлaғa борышкер жaлaқысының 4/1 пaйызы, екі бaлaғa 3/1 пaйызы, үш бaлaдaн көп болсa, тaбысының тең жартысы төленеді. Борышкерлердің басым бөлігі – ер адамдар.
Сондай-ақ әдейі алимент төлемеген әке қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Жыл басынан бері алимент төлемегені үшін 126 қылмыстық іс қозғалған. Әділет министрлігі Мәжбүрлеп орындату комитетінің төрағасы Махсат Балабеков борышкерлерге қатысты қолданылатын шараның ең соңғысы әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту екенін тілге тиек етті.
Биыл 1 596 борышкер әкімшілік жауапкершілікке, Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынща 123 борышкер, 430-бабы бойынща 3 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ал өткен жылы баласына алимент төлемеген 4,5 мыңнан астам борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
250 әйел баласына алимент төлеуден жалтарған
Облыста алимент төлемдерін өндіріп алу бойынша 13 177 құжат қаралған. Оның 583-і толық аяқталса, қалған 12 571 істің 6 240-ы мерзімді орындау тізімінде, ал 4 576 борышкер алимент төлемдерін өз еркімен төлеуде. Барлық құжаттың 13,9 пайызы проблемалық алимент өндіру бағытында. Жауапсыз борышкерлердің кесірінен қордаланған қарыз сомасы 400,5 млн теңгені құраған. Оның 255 млн теңгесі жыл басынан бері, ал 145,5 млн теңгесі мүлде төленбеген.
Борышкерлер арасында алимент қарызы 5 млн, тіпті 8 млн теңгеге жеткендер де бар. Жеке сот орындаушылар оларға қатысты тиісті шара қолданып, қарызының орнына әйелінің атына үй аударып берген.
Заң өкілдері тұрақты қадағаламаса, борышкерлердің өз еркімен алимент төлейтін ойы жоқ. Облыста алимент төлемей жүргендердің 12 320-сы – ер адам, 250-і – әйел адам. Алимент төлеуден жалтарып жүрген 28 адам Әкімшілік кодекстің 669-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Аудандағы ахуал қандай?
Былтыр елімізде 124 мың жұп үйленген. Ал 60 мыңнан астам отбасының шаңырағы шайқалған. Сондай-ақ 2 айдан артық алимент төлемегендердің үстінен 4500 әкімшілік іс, 6 айдан асырғандарға қарсы 391 қылмыстық іс қозғалып, 139-ы баласының алдындағы міндетін орындамағаны үшін сотталған. Ал енді аудандағы ахуалды тарқатайық.
Ауданда жыл басынан бері 56 жас үйленсе, 11-і заңды түрде ажырасқан. Соңғы жылдары ажырасу мәселесі әсіресе жастар арасында көбейген. Мұнымен қоса борышкерлер саны да жыл сайын артуда. Мәселен, жыл басынан бері 12 ана алимент өндіруге арыз берген. Борышкерлер арасында табысын әдейі жасыратындар немесе айлығын аз етіп көрсететіндер де жоқ емес. Ауданда бүгінде 598 борышкер бар. Оның 17-сі баласына алимент төлеуден жалтарған. Бүгінде олардың қарызы 16,6 млн теңгені құрап отыр.
Иә, қоғамда баласының болашағына алаңдамай, тайрандап жүрген қашқын әкелер қатары артуда. Олар баласынан безгенмен, заңнан қашып құтыла алмайды. Себебі баласына борышкер әкелерге қолданатын жаза түрі жеңіл емес. Сондықтан борышкерлер баласының болашағына алаңдап, жауапкершіліктен жалтармай, әке екенің ұмытпаған жөн.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!