Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-7°C

, Бейсенбі, 12 желтоқсан, 07:36

Алтын домбыра, алтын ұл –
мақтанышы халқының

10.12.2024

103

0

Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылған «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы өз мәресіне жетті. Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған дәстүрлі дода биыл «Төрлет, еңбек адамы!» тақырыбында өтті.

«Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық өнерімізге әркез қолдау көрсетіп келе жатқанын жеткізді.
– Өздеріңіз білетіндей, Ел Президенті келер жылды «Жұ­мысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған бола­тын. Сондықтан «Төрлет, еңбек адамы!» тақырыбында ұйым­дас­ты­рылған бұл айтыстың басты мақсаты – адал еңбек иелерін дәріптеу, төрге шығару және насихаттау. Міне, екі күн бойы ерке Есілдің бойында, Астана төрінде аламан айтыстың куәсі болдық. Елдің айызын қандырған, айбарын асырған дода болды деген ойдамын. Баршаңызға шынайы алғысымды біл­діремін, – деді ол.
Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы, белгілі ақын Жүрсін Ерман айтыс өнерінің мәні мен маңызына тоқталды. Бүгінгі айтысты қазақ жырының тойы, жыр жәрмеңкесіне теңеген ол киелі өнерді әрдайым қолдап, қорғаштай білу қажеттігін жеткізді. Ал Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова көрерменді өнер мерекесімен құттықтап, ақындар қауымына алғысын білдірді.
– Қашанда қазақ халқы үшін еңбек адамының мәртебесі биік. Сондықтан бүгінгі айтыстың тақырыбы кездейсоқтық емес. Айтыс – халқымыздың биік өнері. Айтыс – атадан балаға мирас болған мұра. Ал ақындарымыз халықтың мұң-мұқтажын жырлап, әркез еліміздің сенім үдесінен шығып келеді. Төл өнеріміз төрге оза берсін, – деді ол.
Екі күнге жалғасқан жыр аламанында қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан иеленді. Оған «Алтын домбыра» және автокөлік табысталды. І орын және «Айтыс ақтаңгері» атағы ақтөбелік Нұрбол Жауын­баевқа, ІІ орын жетісулық Айым Асылбекқызына бұйырды. Қарағандылық Дидар Қамиев пен павлодарлық Аспанбек Шұғатаев және ұлытаулық Өміржан Көпбосын үштікті түйіндеді.
Мұнан бөлек Батыс Қазақстан облысынан келген Жансая Мусинаға «Көрермен көзайымы» жүлдесі мен «Айтыс ақтаңгері» атағы беріліп, темір тұлпардың кілті табысталды. Ал арнайы жүлдені алматылық Қазірет Бердіхан мен Шұғайып Сезімхан, шым­кенттік Біржан Байтуов, астаналық Әсем Ережеқызы иеленді.


Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: