Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 27 шiлде, 06:15

Алтын домбыра, алтын ұл – мақтанышы халқының

04.07.2023

469

0

Қырғыз елінен жағымды жаңалық жетті. «Улут баскан улуу жол» атты халықаралық төкпе ақындар айтысында бас бәйгені жалағаштық айтыскер ақын, «Алтын домбыраның» үш мәрте жеңімпазы Мұхтар Ниязов жеңіп алды. Сырдың ұлы, айтыс ақтаңгері, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының басшысы Мұхтар Мәуленұлын облыстық мәдениет және спорт басқармасы және басқармаға қарасты ұжымдар қызметкерлері күтіп алды.

Қазақтың айтыс өнеріне қарымды олжа салып, халықтың ықыласына бөленіп жүрген жерлесіміз Мұхтар Ниязов жыр додасында Сырдың намысын қорғап келеді. Ол – бүгінде Сыр бойындағы ұлттық өнеріміз айтысты, суырыпсалма ақындық дәстүрді жалғастыру, айтысқа жастарды да баулып келеді. 2011 жылы облыстық «Тілім – тірегім, Астанам – жүрегім» атты ақындар айтысының І орын иегері атанды. 2012 жылы Қазалы ауданында өткен Ғ.Мұратбаевтың 110 жылдығына орай «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты республикалық ақындар айтысынан бас бәйгені жеңіп алса, сол жылы «Алтын домбыра» иегері атанды. Ал 2015 жылы Қызылорда қаласында өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық айтыстың бас жүлде иегері атанған болатын.
2016 жылы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Алматы қаласында өткен «Алтын домбыра» аламан-айтысында бас жүлде иеленіп, алтын домбыраны екінші мәрте жеңіп алды. Айтыс ақтаңгері одан кейін де «Алтын домбыра» айтысында қарсылас шақ келтірмеген еді. Қазіргі айтыс өнерінің көш басында келе жатқан Мұхтар ақынның әлі де алар асуы биік екеніне күмән жоқ.
Бұл Мұхтар Ниязовтың Қырғызстанда өткен халықаралық айтыста бірінші рет топ жаруы емес. Яғни былтыр да дәл осындай уақытта қырғыз жеріндегі жыр аламанынан бас жүлдемен оралған болатын. Иә, қазақ пен қырғызға ортақ ақын болды деген осы.
Мұхтар Ниязов Қызылорда облысы Жалағаш ауданында 1985 жылдың 4 қарашасында дүниеге келген. Алғашқыда жазба ақын ретінде қалам тартқан ол айтыс өнерін аудандық оқушылар айтысына қатысудан бастады.
Мұхтар – облыстық ақындар айтысы мен жазба ақындар мүшәйрасының жүлдегері. Ол елімізде «Алтын домбыра» байқауының үш дүркін иегері. Сондай-ақ, көптеген айтыста жеңімпаз болса, бірқатарында жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Ерлан АНУАРҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: