Тұрғындардың тәулік бойы денсаулығын күзетуде медбикелердің де қажырлы еңбек етіп жатқанын жақсы білеміз. Антына адал абзал жандар әсіресе жұмыста жауапкершілік пен табандылықты ұдайы назарда ұстауы тиіс. Себебі алдына барған науқастың денсаулығы солардың қолында десек, артық айтқанымыз болмас. Кейіпкеріміз, денсаулық сақтау саласында 15 жылға жуық тәжірибесі бар Мөлдір Досова әр жұмыс күні осындай мақсат-міндеттерді ой елегінен өткізеді, бойындағы жауапкершілігін еселейді. Біз оның салада жеткен жетістігін, жиған тәжірибесін осындай нақты мақсатпен антына адал болуымен байланыстырдық.
«Фельдшер» мамандығын меңгерген медбике аудандық емханадағы алғашқы еңбек жолын зертханашы болып бастаған. Осылайша зертхана бөлімінде бес жыл табанды жұмыс жасайды. Яғни әріптестерімен бірге науқастардан алынған анализдерге зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бойындағы дертті анықтайды. Антына адал абзал жанға кейін басшылық құрам аймақтық медбике жұмысын жүктейді. Оның бүгінде бұл қызметті атқарып жатқанына да 10 жылға жуықтаған.
Қазіргі таңда Мөлдір Махмұтқызы мен оның әріптестері Сәния Назарова және Гүлсінай Амантай – аудандағы №1 аймаққа жауапты медбике. Тоғыз көшедегі тұрғындардың тәулік бойы денсаулығын күзеткен абзал жандардың әрқайсысының өзіне жүктелген функциясы бар. Мәселен, Гүлсінай Амантай аталған аумақтағы балалардың, ал Сәния Назарова егде жастағы қариялардың денсаулығына жауапты. Ең күрделі жұмыс бүгінгі біздің кейіпкеріміздің мойнында. Яғни ол дәл осы аумақтағы жүкті әйелдердің денсаулығын күзетеді. Ана мен бала қауіпсіздігін саладағы қабілет-қарымы мол маманға басшылық құрамның жүктеуі де тегін емес шығар, сірә.
Мөлдір Досова аудандық емханада науқастармен күнделікті 6 сағат қабылдау өткізеді. Яғни күн сайын 20-25 адам қабылдап, дерттің алдын алуда біршама жұмысын пысықтап алады. Егер жүкті әйелдердің бойынан ауру анықталған жағдайда босануға дейін науқасты дертінен айықтыруға жұмыс жасайды.
– Үш аймақтық медбике өзімізге бөлінген аумақ халқының денсаулығына жауаптымыз. Біздің аймақта барлығы 1600 халық бар. Оның 500-ге жуығы бала болса, 18 жасқа дейінгі 300-ге жуық жасөспірім бар. Негізгі міндетіміз бір болғанымен функциямызда сәл өзгешелік болады. Әріптестерімнің бірі сол аумақтағы балалардың, енді бірі егде жастағы аға-апалардың денсаулығына жауапты болса, менің міндетім – жүкті әйелдердің босануға дейінгі және босанудан кейінгі денсаулығын күзету. Аймакқтық медбике болып жұмыс жасап жатқаныма 8 жылдан асты. Өзіме берілген аймақта жылына 30-35 келіншек босанады. Оларда көбіне бүйрек, қаназдық, асқазан жолы аурулары кездесіп жатады. Біз осындай дерт түрлерінің алдын алып, олардың денсаулығының төмендеуіне жол бермейміз. Бір сөзбен айтқанда босануға дейін де, босанудан кейін де нәзікжандылардың денсаулығын бақылау – менің негізгі міндетім, – дейді аймақтық медбике.
Кейіпкеріміздің антына адал екені көрініп-ақ тұр, жұмысына жауапты, мақсаты айқын, әрбір күнін нақты жоспарға арнайды. Әлбетте оның бәрі де жергілікті халықтың денсаулығын жақсартуға негізделген. Елдің алғысын бәрінен жоғары қоятын адамның жұмысы да осындай болса керек. 15 жылға жуық уақытта қаншама науқасты дертінен айықтырды, қаншама ананың сәбиін сау босануына қолғабыс болды, қаншама баланың аман-есен жарық дүниені көруіне себепші болды.
Міне, осы жолда ұзақ жылдар еткен еңбек те еш кетпеді. Бірнеше рет марапат төрінен көрінген кейіпкеріміздің жетістігін жазып тауысу да қиын шығар. Бірақ ол жеткен жетістікке тоқмейілсіген емес. Керісінше бастапқыда науқастар бойындағы кеселмен күрессе, бүгінде дерттің алдын алуға басымдық береді. Бұл қос тарап үшін де тиімді, әрине.
– Біздің жұмысты өздеріңіз де жақсы білесіздер. «Адамның өмірі» деген сөз тұрғанда жауапкершілік міндетті түрде талап етілетіні айтпаса да түсінікті. Уақытпен санасу деген бізде мүлде болмайды. Антымызға адал болуымыз үшін осылай жұмыс жасауға тура келеді. Халықтың алғысы бізге шабыт береді. Мен үшін елдің алғысы бәрінен жоғары, – дейді Мөлдір Досова.
Иә, елдің алғысын бірінші орынға қоятын адамның оның қажетіне жарауда қарап қалмайтыны анық. Бұл сөзімізге жалағаштықтардың денсаулығына саналы ғұмырын арнаған абзал жанның өмір жолы дәлел.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!