Ауданда соңғы жылдары тың серпінмен ілгерілеген бірден-бір сала болса, ол – білім. ҰБТ көрсеткіші бойынша Жалағаш жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүр. Бұл тұста ұлағатты ұстаздардың еңбегі ерен. Олар шәкірт тәрбиелеуде ауқымды іс тындырды. Өйткені бүгінгі жас ұрпақ білімді болса, елдің келешегі кемел болары ақиқат. Жастардың білімді болуы жаһандық дәуірде бәсекеге қабілетті мемлекеттің негізін қалауына жол ашады. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар – алға басуға жол ашатын заманауи талаптар. Мұндағы негізгі ой – білім бәйгесінде биіктен көрінетін білікті маман, уақыт талабына сай, кез келген кезеңде бәсекеге дайын тұлға қалыптастыру.
Жаһандану заманында білекпен емес, біліммен ғана мыңды жыға аласың. Білімнің дамуы – адамзат өркениетінің өлшемі. Сондықтан бұл сала үнемі жетіліп, жаңарып отыруды талап етеді. Жаңа көзқарасты, жаңашылдықты қажет ететін кезеңде жас ұрпақты бәсекеге қабілетті етіп қалыптастыруда негізгі сын да, салмақ та ұстаздар қауымына түсетіні анық. Ал осындай білікті де білімді ұстаздар жұмыс істейтін білім ошағының қашанда мерейі үстем. Гүлзира Құлмаханова басқаратын Аққұм ауылындағы №38 орта мектепте қолға алынған жобалар көп-ақ.
Жалпы, 1929 жылы негізі қаланған №38 орта мектеп 1973 жылы жаңа ғимаратқа көшіріліп, кейін оған Еңбек Ері Алдаберген Бисеновтың есімі беріледі. Еңбек Ерінің есімі берілген тұста ұрпақтары ауылдағы мектептен А.Бисенов атындағы мұражай ашып, онда осы кісінің көзі тірісінде тұтынған заттарын, шапанын және портфелін де қойылған. Біз мектепке енгеннен ондағы тыныс-тіршілікті көріп, балаларға барлық жағдайдың жасалғанын түсіндік. Білім ошағындағы дәстүрлі түрде өткізілетін және үнемі оқушылармен бірге өтетін жобалардың барлығы жастардың тұлғалық дамуына септігін тигізеді. Мәселен, «Ұшқыр ой алаңы» жобасы аясында пікір-сайыс алаңдары мен «Дебат» турнирлері өткізіліп, оқушылар аудандық, облыстық сайыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр екен. Сонымен бірге «Құқықтық мәдениет» жобасы бойынша АПБ қызметкерлерімен кездесулер, «Мен салауатты өмір салтын қолдаймын» жобасы бойынша бірнеше спорттық сайыс, «Өнерлі өрен» жобасы бойынша «Мектеп театры» үйірмесі, «ECO START» жобасы бойынша мектепте «Жасыл бұрыш», «Жақсылық жаршысы» жобасы бойынша мектеп ардагерлерімен әр мерекеде кездесулер мен «Сыр сұхбат», «Аялы алақан» жобасы бойынша ауылдың қарт және жалғызбасты аналарына көмек көрсетілсе, «Дәстүр мен ғұрып» жобасы аясында қазақы бұрыш, домбыра сыныбы ашылып, қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақ үйірмесі және домбыра үйірмесі жұмыс жасауда. Сондай-ақ мектепте жаңа модификациялы кабинетпен химия, биология кабинеттері жабдықталған.
Қазіргі таңда мектепте 20 оқу кабинеті, оның ішінде мультимедиалық кабинет, компьютерлік сынып, шеберхана, мұражай, кітапхана, спорт зал, медициналық кабинет пен акт залы да бар. Осы тұста тағы бір көпке үлгі боларлықтай дүниені айтқымыз келеді. А.Бисенов атындағы №38 орта мектептің түлегі, ақын, «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, халықаралық «Алтын асық» сыйлығының, Президент стипендиясының иегері Асылзат Арыстанбек те өзі түлеп ұшқан алтын ұясына келіп, ұстаздарына деген ерекше алғысын білідіріп, өзінің артынан ерген іні-сіңлілеріне арнап домбыра сыныбын ашыпты. Бұл сыныпта мектептегі бірнеше бала домбыра тартуды, күй ойнауды үйренеді. Тіпті Асылзат мектеп ұжымына өз қолынан шыққан түрлі қазақы нақыштағы костюмдерді, көйлектерді сыйға тартыпты.
– Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» дегеніндей, ертеңгі ел тұтқасы болатын жас буынды тәрбиелеу міндеті бүгінгі ұстаздар қауымының мойнында. Мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Қиын да маңызды міндеттерді жүзеге асыра алатын тек ұлағатты ұстаз. Осындай ауыр жүкті арқалап жүріп, барша адамзатты терең біліммен қаруландырып, үлкен өмірге дайындау тек білікті ұстаздардың қолынан келмек, – дейді мектеп директоры Гүлзира Мұханбетқұлқызы.
Мектеп ұжымының жетістігінде әр ұстаздың еңбегі мен оқушылардың қарым-қабілеті жатқанын білеміз. Аққұмдағы алтын ұяның тыныс-тіршілігімен таныса отырып, жетістіктер легін айтпай кетуге болмас. Тіпті аталған мектепте дарынымен дараланған, таланты мен табандылығын ұштастыра білетін шәкірттер көп. Олардың әрбірі білім бәйгелерінде топ жарып, өзі білім алатын алтын ұясының абыройын асырып, мерейін өсіріп те жүр. Мұны мектеп ұжымы да, педагогтар қауымы да зор мақтанышпен айта алады. Мәселен, аудандағы Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінің үздік түлегі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, Халықаралық педагогикалық білім беру ғылымдарының корреспондент мүшесі, “Ы.Алтынсарин” атындағы төсбелгі иегері Рабиға Игенбаева атындағы ұлттық тәрбие оқу-әдістемелік кабинетінің ашылуына орай өткен «Туған жердің тұғырлы тұлғалары» атты оқушылар ғылыми жоба байқауында 1 сынып оқушысы Бисен Нұрсұлтан I орын, 10 сынып оқушысы Жолдасбай Қымбат «Ізденімпаз оқушы» номинациясымен, 8 сынып оқушысы Омарбекова Назым нәтижелі зерттеу жұмысын көрсеткені үшін алғыс хатпен марапатталған. «Жеңісті жақындатқан жауынгер-ұстаз» тақырыбындағы ғылыми жоба байқауында Болатбекқызы Гүлбақыт II орын иеленсе, «Ауған соғысы суреті көзімен» тақырыбында өткен байқауда 7 сынып оқушысы Бекқожа Каусар III орынмен, 10 сынып оқушысы Сабыр Гүлсая Ұлттық пікірсайыс турнирінің облыстық кезеңінде «Ең сенімді ойыншы» номинациясымен, «Арғымақ» тобы «Темірбек Жүргенов – тарихи тұлға, ұлт жанашыры» мектеп театрларының аудандық кезеңінде II орынмен, «Әбіш оқулары» байқауының «Сахналық қойылым» бағыты бойынша облыстық кезеңде III орынмен, 10 сынып оқушысы Абдраман Мұхаммед 8-11 сынып оқушылары арасында өткен «Әбіш оқулары» байқауының облыстық кезеңінде II орынмен, «Мамандықтар әлемін ашамыз» республикалық форумынының аудандық кезеңінде «Болашақтың мамандығы» номинациясы бойынша II орынмен, 8 сынып оқушысы Абдраман Дарын «Мамандықтар әлемін ашамыз» республикалық форумынының аудандық кезеңінде «Менің кәсібім – менім бизнесім» номинациясы бойынша II орынмен марапатталған. Бұдан бөлек Мектепалды даярлық сынып оқушысы Қуантай Каусар «Мен зерттеушімін» тақырыбындағы аудандық байқауда II орынды, «Жарқын болашақ» олимпиадасында 10 сынып оқушысы Сұлтанбек Айдана, 9 сынып оқушысы Шәкір Гүлзира II орынды, 10 сынып оқушысы Сабыр Гүлсая III орынды, 7 сынып оқушысы Серік Дидар 7-8 сынып оқушылары арасында өткен ресрубликалық олимпиаданың аудандық кезеңінде Химия пәні бойынша I орынды алса, 5-8 сынып оқушыларына арналған «ProEco» экологиялық жобалар конкурсының облыстық кезеңіне қатысып, белсенділік танытқаны үшін 8 сынып оқушысы Алмат Жансұлу алғыс хатпен марапатталған. Спорттық шараларда да мектеп оқушылары аудандық, облыстық, республикалық деңгейде топ жарып, абырой биігінен көрініп келеді.
Айта кету керек, «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иегерлері де жоқ емес. 2020-2021 оқу жылында мемлекеттік емтихан және ҰБТ қорытындысы бойынша Ақжан Төлеген, Жасұлан Алдияр «Алтын белгі», 2021-2022 оқу жылында Ақбота Әбілқасым «Үздік аттестат» иегері атанған. Осы жылы 30 оқушының 20-сы жоғары оқу орындарының грантын жеңіп алып, 10 оқушы арнаулы оқу орындарына грант арқылы оқуға түскен.
Бұл жетістіктердің барлығы мектеп ұжымы үшін зор мақтаныш, ұстаздардың тынымсыз еңбегінің, оқушылар қабілетінің жемісі деуге болады. Мектеп мұғалімдері бала бойына білім дарытуда, заманның өзгерісіне бейімделе алатын, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруда бар білім-біліктерін аяған емес. Ұстаздық жолдың жауапты әрі қиын екенін жете түсінген мектеп ұжымы қай істе болсын ауызбіршілікпен жұмыс жасайды. Талай таланттың талабын шыңдаған білім ордасының алар асуы, шығар биігі, бағындырар белесі әлі алда деп ойлаймыз.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!