Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-10°C

, Жексенбі, 25 ақпан, 04:07

Арал теңізінің құрғаған түбіне тағы 275 мың га сексеуіл отырғызылады

08.01.2024

170

0

 Биыл Арал теңізі түбінің қазақстандық бөлігіне 275 мың гектар сексеуіл отырғызу жоспарланып отыр, деп хабарлайды экология және табиғи ресурстар министрлігі. Бұл аумағы жағынан төрт Астана немесе екі Шымкент сияқты.

Президент 2025 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған түбіне 1,1 млн га сексеуіл отырғызу міндетін қойған болатын.

«Сексеуіл барынша жерсіну үшін орман мелиорациялық жұмыстар ғылыми ұсынымдар мен жұмыс жобалары (негізгі әдістері механикаландырылған себу және отырғызу) негізінде жүргізіледі. Өйткені Арал теңізі түбінің қазақстандық бөлігі өзбек тарапының аумағына қарағанда тұзды», – делінген хабарламада.

Министрліктің ақпаратынша, Арал теңізінің түбіне сексеуіл отырғызу үшін 753 мың гектар жердің топырағы зерттелді. Аралдың құрғаған түбінде екпе жұмыстарын жүргізу үшін тұқым егуге және өсіруге дайындау инфрақұрылымы жасалып, қажетті арнайы техника сатып алынды.

«Осылайша, экология және табиғи ресурстар министрлігі және Қызылорда облысы әкімдігінің күшімен соңғы үш жылда 544,5 мың га орман егілді. Биыл тағы 275 мың гектар жерге сексеуіл егу жоспарланып отыр», – деп мәлімдеді ведомстводағылар.

Экология министрлігі Арал теңізінің тартылуы жаһандық проблема екенін ескере отырып, халықаралық ұйымдармен, соның ішінде Халықаралық Аралды құтқару қорымен, Дүниежүзілік банкпен, Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамымен, АҚШ-тың халықаралық даму агенттігімен, Корея Орман қызметімен және басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтаса жұмыс істеп келеді.

Ведомство атап өткендей, жасыл желектің тез бейімделуі үшін жақын арада Арал теңізі түбінде ауданы 33 га орман тәлімбағының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл тәлімбақ елордалық «Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» РМҚК үшін тәжірибелік алаң ретінде жұмыс істейді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: