Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов Жаңа Конституция жобасына қатысты қоғамда жиі талқыланып жүрген әлеуметтік мәселелерге тоқталды.
Оның айтуынша, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы 16 ақпаннан бастап өңірлерді аралап, халықпен кездесулер өткізіп келеді. Қысқа уақыт ішінде коалиция мүшелері тоғыз өңірде болып, мыңдаған азаматпен жүздескен.
Депутат соңғы жеті жыл ішінде еліміз іргелі саяси өзгерістерді бастан өткергенін атап өтті. Президент бастамасымен төрт саяси реформалар пакеті жүзеге асырылды, 2022 жылы конституциялық реформа қабылданды. Дегенмен, жаһандық геосаяси өзгерістер мен жасанды интеллект дәуірінің басталуы мемлекеттік басқару жүйесін жаңа деңгейде қарастыруды талап етеді.
Кездесулер барысында халықты алаңдатқан басты тақырыптардың бірі – білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы тегін қызмет көрсету мәселесі.
Асхат Аймағамбетов бұл бағытта тарап жатқан «әлеуметтік қызметтер енді толықтай ақылы болады» деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын нақты айтты.
Қазақстан әлеуметтік мемлекет болған және болып қала береді. Бұл қағида Жаңа Конституция жобасында айқын көрсетілген. Бүгінде мемлекеттік бюджеттің шамамен 40 пайызы әлеуметтік салаға бағытталады.
Жоба мәтінінде білім мен медицина қызметтері азаматтар үшін ақысыз екені нақты жазылған. Бұл қызметтер бұрын да мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылып келді және алдағы уақытта да солай жалғасады.
Сондай-ақ қолданыстағы Конституциядағы «мемлекеттік жоғары оқу орындары» деген тіркесті алып тастау ұсынылған. Депутаттың айтуынша, бұл – қазіргі тәжірибеге сай шешім. Бүгінде мемлекеттік грант иегерлері тек мемлекеттік емес, жекеменшік университеттерде де тегін білім ала алады. Бұл – студенттердің таңдау мүмкіндігін кеңейтеді.
Осылайша, ұсынылып отырған өзгерістер әлеуметтік кепілдіктерді қысқартуға емес, оларды нақты әрі заманауи түрде бекітуге бағытталған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!