Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы ҚР 2005 жылғы 8 шілдедегі №66 заңында ауыл шаруашылығы салаларын несиелендіру, субсидиялау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімін өндіру, өңдеуші кәсіпорындардың ауыл шарушылығы өнімдерін тереңдете өңдеп, өнім өндіру үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау қарастырылған. Осыған сәйкес 2022 жылы ауданның шаруашылық құрылымдары 871,4 млн субсидия алған. Оның ішінде егін шаруашылығы бойынша – 788,9, мал шаруашылығы бойынша – 82,5 млн теңге. Аудандық мәслихаттың кезекті 4 сессиясында өнеркәсіп кешенін дамыту бойынша қолға алынған шараларды кеңінен тарқатқан аудан әкімінің орынбасары Әліби Байнахатов осылай деді.
Әліби Қодарұлы ауданда ауыл шаруашылығы саласы бойынша 331 шаруашылық жұмыс жасайтынын айтады. Оның ішінде егін саласы бойынша 195 шаруашылық, мал шаруашылығы саласында 136 шаруашылық бар. Биыл 37 052 гектарға егiн орналастыру жоспарланған. Оның ішінде негізгі дақыл күріш – 19 800, бидай – 750, қант құмайы – 70, арпа – 70, соя – 35, мақсары – 520, сүрлемдік жүгері – 700, сұлы – 5, қант қызылшасы – 2, жаңа жоңышқа – 4 850, ескі жоңышқа – 7 200, картоп – 646, көкөніс – 1 108 және бақша өнімдері – 1 296 гектар.
Бүгінде 520 гектар мақсары, 750 гектар жаздық бидай, 70 гектар қант құмайы, 70 гектар арпа, 5 гектар сұлы, 4 850 гектар жаңа жоңышқа толық орналастырылған. Мұнан бөлек 7 200 гектар ескі жоңышқа күтімге алынып, 64 гектар соя егілген. Үш маусымда 19 800 гектар күріш алқабына толық тұқым себіліп, 18 076 гектары (91,3%) суға бастырылған.
Ауданда барлығы 40 186 бас мүйізді ірі қара, 53 538 бас уақ мал, 24 864 жылқы, 862 түйе, 10 133 құс өсірілуде. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда МІҚ 106,4, жылқы 129,5, түйе 112, уақ мал 110,2, құс 103,9 пайызға артқан. Ал 136 шаруашылық мал өсірумен айналысуда. Оның ішінде тікелей «Сыбаға» бағдарламасымен 116 шаруашылық айналысады. Бүгінде аудандағы асыл тұқымды малдың үлес салмағы 2,2 пайызға жеткен.
Өңірде 4 шаруашылық асыл тұқымды мүйізді ірі қара, 3 шаруашылық асыл тұқымды қой өсірумен айналысады. Алдағы уақытта сүт тауарлы фермасын ашу мақсатында «Адал» ЖК былтыр Қарағанды облысы Шет ауданындағы «Жандос» ШҚ-дан қосымша 30 бас асыл тұқымды сүт бағытындағы «Симментал» сиырының қашарларын өз қаражатымен сатып алған. Биыл Аққұм ауылдық округінен «Бақдаулет-57» ШҚ сүт тауарлы фермасын ашу мақсатында Чехия мемлекетінен асыл тұқымды сиырлар әкелуді жоспарлап отыр.
«АгроЛидер Таң» ЖШС жанынан мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу цехы жұмыс жасауда. Цехта тәулігіне 0,5 тонна ет өңделіп, 15 түрлі өнім дайындалып, облыс көлеміндегі сауда орындарына өткізіледі. Кәсіпорын 8 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Сессияда аудан әкімінің орынбасары агроөнеркәсіп кешенін техникалық жарақтандыру, мал шаруашылығы, мелиорация, жерді суландыру және дренаж мәселелерін қалыптастыру және іске асыру жайын да назардан тыс қалдырмады. Оның сөзінше, ауданда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер санаты – 311 603 гектар. Оның ішінде 32 912 гектары құрайтын инженерлік тұрғыда әзірленген ауыспалы егіс жүйелерінің саны – 62. Оның ішінде 60 күріш ауыспалы егіс жүйесі, көлемі 32142 гектар, 1 мал азығындық ауыспалы егіс жүйесі, көлемі 146 гектар және 1 картоп ауыспалы егіс жүйесі, көлемі 256 гектар.
2011 жылдан бастап «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының 2 кезеңі қолға алынған. Жобаның негізгі мақсатында аудандағы инженерлік тұрғыда әзірленген суармалы жерлердегі ирригация және дренаж жүйелерін, яғни осы жерлерде орналасқан ішкі шаруашылық каналдарын, суды тарату каналдарын, атыздарға су беретін арықтарды, қашыртқыларды, ыза су ағатын арықтарды және су құрылыстарын республикалық меншікке алып, республикалық бюджет есебінен тазалау, жөндеу, күтіп ұстау қаралған.
Бұл жоба республика бойынша 4 аймақты, атап айтқанда, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарын қамтиды. Ал облыс бойынша тек Жалағаш ауданы, оның ішінде Аққұм, Бұқарбай батыр, Таң және Мәдениет ауылдық округтерінде орналасқан инженерлік тұрғыда әзірленген суармалы жерлер енгізілген.
«Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының 2 кезеңіне ауданда 15 123 гектарды құрайтын инженерлік тұрғыда әзірленген суармалы жерлер енгізілген. Атап айтқанда, Аққұм ауылдық округінен – 3 555, Бұқарбай батыр ауылдық округінен – 5 451, Таң ауылдық округінен – 3 094 және Мәдениет ауылдық округінен – 3 023 гектар.
Аққұм, Бұқарбай батыр, Мәдениет және Таң ауылдық округтеріндегі «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының 2 кезеңіне енген 28 ауыспалы егіс жүйесінде 107 құрылым егін шаруашылығымен айналысуда. «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының 2 кезеңі бойынша негізгі атқарылатын жұмыстар да жоқ емес.
Әліби Байнахатов ауданда әртараптандыру бағытында бірқатар жұмыс жүріп жатқанын айтады. Су тапшылығы жағдайында аудан шаруашылықтары мал азықтық дақылдардың көлемін арттыруда. Ал өткен жылмен салыстырғанда дәндік жүгері 255, бидай 30, арпа 28 гектарға артқан. Сондай-ақ шаруашылық құрылымдары 94 гектар жерге картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастыру жұмыстарын жүргізуде. Оның ішінде картоп – 36,5, көкөніс – 7,5, бақша – 50 гектар. Қазіргі таңда «Ер-Әлі» шаруа қожалығы Оңтүстік коллектор бойынан 7,5 гектарға тамшылатып суару әдісімен «Гала» және «Джувел» сортты картоп дақылын орналастырған.
Жалағаш ауданының жер қоры 2 873 640 гектарды құрайды, оның ішінде 591 563 гектары Қарағанды облысынан ұзақ мерзімді пайдалануға алынған. Бұдан басқа Жалағаш аумағының 11 149 гектар жері Ресей Федерациясына пайдалануға берілген. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 284 752 гектарды құрайды. Жер пайдаланушылардың саны – 500, оның ішінде 456 шаруа қожалығы, 25 ЖШС, 14 басқа кәсіпорын, 3 өндірістік кооперативі мен 2 мемлекеттік заңды тұлғалар бар.
Аудан бойынша 33 016 гектарды құрайтын, жалпы саны 60 инженерлік тұрғыда әзірленген күріш ауыспалы егіс жүйесі, 1 мал азығына арналған және 1 картоп ауыспалы егіс жүйелері бар. Биыл жыл басында аудан бойынша жалпы көлемі 227 781 гектарды құрайтын 645 жайылымдық жер учаскелері жеке және заңды тұлғаларға табысталған. Былтыр атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 227 781 гектар жайылымдық жер учаскелерінің 192 065 гектарына ауыл шаруашылық жануарларын тіркеу жұмыстары жүргізіліп, мақсатына сай пайдалануда. Нәтижесінде мақсаты бойынша пайдаланбау 15,6 пайызға азайған. Бүгінде мал басы тіркелмей немесе мал басының 20 пайызға жетпей тұрған жер учаскелерінің көлемі 35 717 гектарды құраса, оның ішінде 12 977 гектары жеке азаматтардардың үлестеріндегі жерлер болып табылады.
Былтыр нысаналы мақсатына сай пайдаланбаған 9 075 гектар болатын 19 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған. Сонымен қатар аудан бойынша ҚазҒарышСапары платформасында 90 жер учаскесі мақсатына сай пайдаланбады деп анықталған. Оның 13-і – егістік, 77-сі – жайылымдық. Талдау жұмыстарын жүргізу барысында 2 егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілгендігі және 77 жайылымдық жердің 52-сіне мал басы тіркеліп, пайдаланылып тұрғаны анықталған. Қалған 36 жер учаскесіне облыстық жер ресурстарын басқару департаментімен тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп, нұсқаулар берілген.
Биыл ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді мақсаты бойынша пайдаланбаған, игермеген тұлғалардан 33 000 гектар жер учаскелерін қайтару жоспарланған. Мамыр айына дейін 6 тұлғадан 10 464 гектер жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылған. Қазіргі уақытта жалпы көлемі 2012 гектар болатын 16 жер теліміне қайтаруға байланысты құжаттары дайындалуда. Сонымен қатар нысаналы мақсатына сай пайдаланбаған 14 628 гектарды құрайтын 27 жер учаскесіне тиісті шаралар қабылдау үшін облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне жолданған.
– Алдағы уақытта облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасымен бекітілген 5 500 га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымына енгізу жоспарда бар. Ол үшін бірінші кезекте 2019-2022 жылдары ауыл шаруашылығы мақсатындағы қайтарылған жерлер қайта ұсынылады, – деді спикер.
Аудан әкімінің орынбасары мұнан кейін халық қалаулыларының бірқатар сауалын да жауапсыз қалдырмады. Әліби Қодарұлының баяндамасынан кейін депутаттар келесі мәселеге көшті. Яғни қос бірдей ауыл әкімдерінің өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру барысын саралады.
Алдымен мінберден орын алған Мақпалкөл ауылдық округі әкімі Бауыржан Тұңғышбаев 5 айда атқарылған жұмыстарды кеңінен тарқатты.
Мақпалкөл ауылдық округінде 314 отбасында 1 720 халық есепте тұрады. Экономикалық белсенді халық саны – 789, жұмыссыздар – 20, зейнеткерлер – 174, мүмкіндігі шектеулі жандар – 82, балалар мен жасөспірімдер – 571. Жалпы, жұмыссыздық деңгейі – 2,4 пайыз. Ауылда 10 жас маман жастар тәжірибесімен жұмыс жасайды, 58 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған.
Қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына орай аудандық бюджеттен Т.Жүргенов атындағы саябаққа 60 444,9 млн теңгеге жұмыс жүргізілген. Т.Жүргенов көшесіне жай жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мұнан бөлек 3 528 млн теңгеге балалар ойын алаңы жөндеуден өткен.
Бүгінде ауылды абаттандыру мен көгалдандыруға «Сейсенбі» ЖК-мен 599,6 мың теңгеге келісім-шарт жасалып, ауылішілік жарықшам бағаналарының сырлау, көше бойындағы және ауылға кіреберістегі талдарды жалпы ауылдың ішіндегі тағзым алаңы, саябақ ішіндегі талдарды әктеу, автобус аялдамаларын сырлау, аяқ су келетін арықтарды тазалап, қазу жұмыстары көктем айларында жүргізілген. «Айбар» ЖК-мен 598,9 мың теңгеге келісім-шарт жасалып, санитарлық-тазалық жұмыстары қолға алынған.
Биыл ауылдық округте 1 ЖШС, 10 шаруа қожалық 3078 гектар жерге егін еккен. Оның 2038 гектары – күріш, 745 гектары – ескі жоңышқа, 547 гектары – жаңа жоңышқа, 36 гектары – жаздық бидай және 130 гектары – мақсары.
Мемлекеттік қайтарымсыз грант алуға ауылдан 7 адам қатысып, оның 3-еуі грант ұтып алған. Жобасы қаржылай қолдау тапқандар бүгінде шаштараз ісін қолға алып, ауылда жылқы шаруашылығын дамытуда.
Биыл 5 айда «Аграрлы несие корпорациясы» АҚ арқылы 1,8 млн теңге мал шаруашылығын дамытуға 1 адам, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» мемлекеттік қаржы ұйымы» ЖШС арқылы құны 11,5 млн теңге мал шаруашылығын дамытуға 2 адам, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы құны 17 млн теңге ауыл шаруашылығы техникасын алуға 2 адам несие алып, жұмыс жасауда. Мұнан бөлек «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 12 адам құжат жасап жатыр. Білім, денсаулық, спорт және өзге де әлеуметтік салаларға тоқталған Бауыржан Тұңғышбаевтың жұмысына да оң баға берілді.
Мұнан кейін мінберге Баукеңнің Таңдағы әріптесі Қайрат Сейдахметов көтерілді. Алдымен өзі басшылық ететін ауылдың тыныс-тіршілігін кеңінен тарқатқан Қайрекең де Таңда биыл да бірқатар жоба жүзеге асатынын жасырмады.
Аталған ауылда 244 отбасында 1 288 адам тұрады. Таңның негізгі тыныс-тіршілігі ауыл шаруашылығына тәуелді. Ауылдық округте жер көлемі 23 897 гектар болса, оның ішінде егістік жері – 3 173, ауыл шаруашылық жері – 10 857, жайылымдық жер – 9 843 гектар.
Таңда 17 шаруа қожалық бар. Биыл 3 852 гектар жерге егіс дақылдары орналастырылған. Оның ішінде негізгі дақыл күріштің көлемі – 2 602, жаздық бидай – 104, бақша – 95, жаңа жоңышқа – 452, ескі жоңышқа – 506 гектар. Тұрғындардың әл-ауқатын, тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында 35 гектар жерге картоп, 5 гектар жерге қызанақ, 5 гектар жерге қияр, 15 гектар жерге қауын-қарбыз егу үшін ауыл сыртынан шаруа қожалық төрағаларының демеушілігімен жер дайындалған.
Ауылда кәсіпкерлік саласын дамыту жұмыстары да өз деңгейінде жүруде. Жыл басынан бері шағын жобаларды қаржыландыру қарқынды жүрген. Қазіргі таңда 123,5 млн теңгенің 8 жобасы қаржыландырылған. «Ауыл аманаты» жобасына ауылдық округтен Агро лидер Таң ЖШС-ның «Таң Фуд» ет өндеу цехына зәкірлік жүйемен 3 кооператив 11 жоба ұсынған.
Расында Таңда тындырымды тірлік көп, халық қалаулыларының ауыл әкімін сұрақтың астына алмағаны да сондықтан шығар. Көшелері тақтайдай тегіс және жарқырап тұр, шаруашылық демеушілігімен ауылды абаттандыру мақсатында біршама жоба жүзеге асқан. Бүгінде оның жемісін тұтас бір елді мекеннің халқы көріп отыр.
Сессия отырысында мұнан бөлек аудан бойынша бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде мөлшерлеме мөлшерін төмендету туралы, «Жалағаш аудандық мәслихатының Регламентін бекіту туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының 2022 жылғы 04 ақпандағы №14-20 шешіміне өзгеріс енгізу туралы, «Жалағаш аудандық мәслихат аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалаудың әдістемесін бекіту туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының 2022 жылғы 18 қарашадағы №27-19 шешіміне өзгеріс енгізу жайы қаралды.
Ерлан АНУАРҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!