Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 27 шiлде, 06:36

Атқарылған жұмыстар сараланды

01.07.2023

329

0

Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы ҚР 2005 жылғы 8 шілдедегі №66 заңында ауыл шаруашылығы салаларын несиелендіру, субсидиялау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімін өндіру, өңдеуші кәсіпорындардың ауыл шарушылығы өнімдерін тереңдете өңдеп, өнім өндіру үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау қарастырылған. Осыған сәйкес 2022 жылы ауданның шаруашылық құрылымдары 871,4 млн субсидия алған. Оның ішінде егін шаруашылығы бойынша – 788,9, мал шаруашылығы бойынша – 82,5 млн теңге. Аудандық мәслихаттың кезекті 4 сессиясында өнеркәсіп кешенін дамыту бойынша қолға алынған шараларды кеңінен тарқатқан аудан әкімінің орынбасары Әліби Байнахатов осылай деді.

Әліби Қодарұлы ауданда ауыл шаруашылығы саласы бойынша 331 ша­руашылық жұмыс жасайтынын айта­ды. Оның ішінде егін саласы бойынша 195 шаруашылық, мал шаруашылығы са­ласында 136 шаруашылық бар. Биыл 37 052 гектарға егiн орналастыру жос­парланған. Оның ішінде негізгі дақыл күріш – 19 800, бидай – 750, қант құмайы – 70, арпа – 70, соя – 35, мақсары – 520, сүрлемдік жүгері – 700, сұлы – 5, қант қы­­зылшасы – 2, жаңа жоңышқа – 4 850, ескі жоңышқа – 7 200, картоп – 646, кө­көніс – 1 108 және бақша өнімдері – 1 296 гектар.
Бүгінде 520 гектар мақсары, 750 гектар жаздық бидай, 70 гектар қант құмайы, 70 гектар арпа, 5 гектар сұлы, 4 850 гектар жаңа жоңышқа толық орналастырылған. Мұнан бөлек 7 200 гектар ескі жоңышқа күтімге алынып, 64 гектар соя егілген. Үш маусымда 19 800 гектар күріш алқабына толық тұқым себіліп, 18 076 гектары (91,3%) суға бастырылған.
Ауданда барлығы 40 186 бас мүйізді ірі қара, 53 538 бас уақ мал, 24 864 жылқы, 862 түйе, 10 133 құс өсірілуде. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда МІҚ 106,4, жылқы 129,5, түйе 112, уақ мал 110,2, құс 103,9 пайызға артқан. Ал 136 шаруашылық мал өсірумен айналысуда. Оның ішінде тікелей «Сыбаға» бағдарламасымен 116 шаруашылық айналысады. Бүгінде аудандағы асыл тұқымды малдың үлес салмағы 2,2 пайызға жеткен.
Өңірде 4 шаруашылық асыл тұқымды мүйізді ірі қара, 3 шаруашылық асыл тұқымды қой өсірумен айналысады. Алдағы уақытта сүт тауарлы фермасын ашу мақсатында «Адал» ЖК былтыр Қарағанды облысы Шет ауданындағы «Жандос» ШҚ-дан қосымша 30 бас асыл тұқымды сүт бағытындағы «Симментал» сиырының қашарларын өз қаражатымен сатып алған. Биыл Аққұм ауылдық ок­ругінен «Бақдаулет-57» ШҚ сүт тауар­лы фермасын ашу мақсатында Чехия мемлекетінен асыл тұқымды сиырлар әкелуді жоспарлап отыр.
«АгроЛидер Таң» ЖШС жанынан мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу цехы жұмыс жасауда. Цехта тәулігіне 0,5 тонна ет өңделіп, 15 түрлі өнім дайындалып, облыс көлеміндегі сауда орындарына өткізіледі. Кәсіпорын 8 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Сессияда аудан әкімінің орынбасары агроөнеркәсіп кешенін техникалық жа­рақ­тандыру, мал шаруашылығы, ме­лио­рация, жерді суландыру және дре­наж мәселелерін қалыптастыру және іске асыру жайын да назардан тыс қал­дырмады. Оның сөзінше, ауданда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер санаты – 311 603 гектар. Оның ішінде 32 912 гектары құрайтын инженерлік тұр­ғыда әзірленген ауыспалы егіс жүйе­лерінің саны – 62. Оның ішінде 60 күріш ауыспалы егіс жүйесі, көлемі 32142 гектар, 1 мал азығындық ауыспалы егіс жүйесі, көлемі 146 гектар және 1 картоп ауыс­палы егіс жүйесі, көлемі 256 гектар.
2011 жылдан бастап «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жоба­сы­ның 2 кезеңі қолға алынған. Жобаның негізгі мақсатында аудандағы инженерлік тұрғыда әзірленген суармалы жерлердегі ирригация және дренаж жүйелерін, яғни осы жерлерде орналасқан ішкі ша­руа­­шылық каналдарын, суды тарату ка­нал­дарын, атыздарға су бере­тін арық­тарды, қашыртқыларды, ыза су аға­тын арықтарды және су құрылыс­тарын рес­­публикалық меншікке алып, респуб­ликалық бюджет есебінен тазалау, жөн­деу, күтіп ұстау қаралған.
Бұл жоба республика бойынша 4 аймақты, атап айтқанда, Алматы, Жам­был, Оңтүстік Қазақстан және Қызыл­орда облыстарын қамтиды. Ал облыс бойынша тек Жалағаш ау­даны, оның ішінде Аққұм, Бұқарбай батыр, Таң және Мәдениет ауылдық округ­терінде орналасқан инженерлік тұрғыда әзірленген суармалы жерлер енгізілген.
«Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының 2 кезеңіне ау­данда 15 123 гектарды құрайтын инже­нерлік тұрғыда әзірленген суармалы жерлер енгізілген. Атап айтқанда, Аққұм ауылдық округінен – 3 555, Бұқарбай батыр ауылдық округінен – 5 451, Таң ауылдық округінен – 3 094 және Мәде­ниет ауылдық округінен – 3 023 гектар.
Аққұм, Бұқарбай батыр, Мәдениет және Таң ауылдық округтеріндегі «Ирри­гация және дренаж жүйелерін жетіл­діру» жобасының 2 кезеңіне енген 28 ауыс­палы егіс жүйесінде 107 құрылым егін шаруашылығымен айналысуда. «Ир­ри­гация және дренаж жүйелерін жетіл­діру» жобасының 2 кезеңі бойын­ша негізгі ат­қарылатын жұмыстар да жоқ емес.
Әліби Байнахатов ауданда әрта­рап­тандыру бағытында бірқатар жұмыс жүріп жатқанын айтады. Су тапшылығы жағдайында аудан шаруашы­лық­тары мал азықтық дақылдардың кө­ле­мін арт­тыруда. Ал өткен жылмен салыс­тыр­­ғанда дәндік жүгері 255, бидай 30, арпа 28 гектарға артқан. Сондай-ақ шаруашылық құрылымдары 94 гектар жер­ге картоп, көкөніс, бақша дақыл­дарын орналастыру жұмыстарын жүргі­зуде. Оның ішінде картоп – 36,5, көкөніс – 7,5, бақша – 50 гектар. Қазіргі таңда «Ер-Әлі» шаруа қожалығы Оңтүстік кол­­лектор бойынан 7,5 гектарға там­шылатып суару әдісімен «Гала» және «Джувел» сортты картоп дақылын орналастырған.
Жалағаш ауданының жер қоры 2 873 640 гектарды құрайды, оның ішін­де 591 563 гектары Қарағанды облы­сынан ұзақ мерзімді пайдалануға алын­­­ған. Бұдан басқа Жалағаш аумағы­­­ның 11 149 гектар жері Ресей Феде­рация­сына пайдалануға берілген. Ауыл ша­руашылығы мақсатындағы жер­лер 284 752 гектарды құрайды. Жер пай­да­ланушылардың саны – 500, оның ішінде 456 шаруа қожалығы, 25 ЖШС, 14 басқа кәсіпорын, 3 өндірістік коопера­тиві мен 2 мемлекеттік заңды тұлғалар бар.
Аудан бойынша 33 016 гектарды құрайтын, жалпы саны 60 инженерлік тұрғыда әзірленген күріш ауыспалы егіс жүйесі, 1 мал азығына арналған және 1 картоп ауыспалы егіс жүйелері бар. Биыл жыл басында аудан бойынша жалпы көлемі 227 781 гектарды құрайтын 645 жайылымдық жер учаскелері жеке және заңды тұлғаларға табысталған. Былтыр атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 227 781 гектар жайылымдық жер учас­келерінің 192 065 гектарына ауыл ша­руашылық жануарларын тіркеу жұ­мыс­­тары жүргізіліп, мақсатына сай пай­­далануда. Нәтижесінде мақсаты бойынша пайдаланбау 15,6 пайызға азай­­ған. Бүгінде мал басы тіркелмей не­месе мал басының 20 пайызға жетпей тұрған жер учаскелерінің көлемі 35 717 гектарды құраса, оның ішінде 12 977 гектары жеке азаматтардардың үлесте­ріндегі жерлер болып табылады.
Былтыр нысаналы мақсатына сай пайдаланбаған 9 075 гектар бо­ла­­тын 19 жер учаскесі мемлекет мен­шігіне қайтарылған. Сонымен қатар аудан бойын­ша ҚазҒарышСапары платфор­масында 90 жер учаскесі мақсатына сай пайдаланбады деп анықталған. Оның 13-і – егістік, 77-сі – жайылымдық. Талдау жұмыстарын жүргізу барысында 2 егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілгендігі және 77 жайылымдық жер­дің 52-сіне мал басы тіркеліп, пайдала­нылып тұрғаны анықталған. Қалған 36 жер учаскесіне облыстық жер ресурс­тарын басқару департаментімен тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп, нұсқау­лар берілген.
Биыл ауыл шаруашылығы мақса­тын­дағы жерді мақсаты бойынша пай­даланбаған, игермеген тұлғалардан 33 000 гектар жер учаскелерін қайтару жос­парланған. Мамыр айына дейін 6 тұл­ғадан 10 464 гектер жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылған. Қазіргі уақытта жалпы көлемі 2012 гектар бо­латын 16 жер теліміне қайтаруға бай­ла­нысты құжаттары дайындалуда. Со­­нымен қатар нысаналы мақсатына сай пайдаланбаған 14 628 гектарды құ­рай­тын 27 жер учаскесіне тиісті шара­лар қабылдау үшін облыстық жер ре­сурс­тарын басқару департаментіне жолданған.
– Алдағы уақытта облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасымен бекітілген 5 500 га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымына енгізу жоспарда бар. Ол үшін бірінші кезекте 2019-2022 жылдары ауыл шаруашылығы мақсатындағы қайтарылған жерлер қайта ұсынылады, – деді спикер.
Аудан әкімінің орынбасары мұнан кейін халық қалаулыларының бірқатар сауалын да жауапсыз қалдырмады. Әліби Қодарұлының баяндамасынан кейін депутаттар келесі мәселеге көшті. Яғни қос бірдей ауыл әкімдерінің өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру барысын саралады.
Алдымен мінберден орын алған Мақ­­палкөл ауылдық округі әкімі Бауыр­жан Тұңғышбаев 5 айда атқарылған жұ­мыс­тарды кеңінен тарқатты.
Мақпалкөл ауылдық округінде 314 отбасында 1 720 халық есепте тұрады. Экономикалық белсенді халық саны – 789, жұмыссыздар – 20, зейнеткерлер – 174, мүмкіндігі шектеулі жандар – 82, балалар мен жасөспірімдер – 571. Жалпы, жұмыссыздық деңгейі – 2,4 пайыз. Ауылда 10 жас маман жастар тә­жі­­ри­­бесімен жұмыс жасайды, 58 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған.
Қоғам қайраткері Темірбек Жүрге­новтің 125 жылдығына орай аудан­дық бюджеттен Т.Жүргенов атындағы сая­баққа 60 444,9 млн теңгеге жұмыс жүргізілген. Т.Жүргенов көшесіне жай жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мұнан бөлек 3 528 млн теңгеге балалар ойын алаңы жөндеуден өткен.
Бүгінде ауылды абаттандыру мен көгалдандыруға «Сейсенбі» ЖК-мен 599,6 мың теңгеге келісім-шарт жасалып, ауыл­­ішілік жарықшам бағаналарының сырлау, көше бойындағы және ауылға кіреберістегі талдарды жалпы ауылдың ішіндегі тағзым алаңы, саябақ ішіндегі талдарды әктеу, автобус аялдамаларын сырлау, аяқ су келетін арықтарды та­за­лап, қазу жұмыстары көктем айла­рында жүргізілген. «Айбар» ЖК-мен 598,9 мың теңгеге келісім-шарт жа­са­лып, са­ни­­тарлық-тазалық жұмыс­тары қолға алынған.
Биыл ауылдық округте 1 ЖШС, 10 шаруа қожалық 3078 гектар жерге егін еккен. Оның 2038 гектары – күріш, 745 гектары – ескі жоңышқа, 547 гектары – жаңа жоңышқа, 36 гектары – жаздық бидай және 130 гектары – мақсары.
Мемлекеттік қайтарымсыз грант алу­­ға ауылдан 7 адам қатысып, оның 3-еуі грант ұтып алған. Жобасы қар­жы­лай қолдау тапқандар бүгінде шаштараз ісін қолға алып, ауылда жылқы шаруа­шы­лығын дамытуда.
Биыл 5 айда «Аграрлы несие кор­порациясы» АҚ арқылы 1,8 млн теңге мал шаруашылығын дамытуға 1 адам, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» мемлекеттік қаржы ұйымы» ЖШС арқылы құны 11,5 млн теңге мал шаруашылығын дамытуға 2 адам, «Қаз­АгроҚаржы» АҚ арқылы құны 17 млн теңге ауыл шаруашылығы тех­никасын алуға 2 адам несие алып, жұмыс жа­сауда. Мұнан бөлек «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 12 адам құжат жасап жатыр. Білім, денсаулық, спорт және өзге де әлеуметтік салаларға тоқталған Бауыр­жан Тұңғышбаевтың жұмысына да оң баға берілді.
Мұнан кейін мінберге Баукеңнің Таң­дағы әріптесі Қайрат Сейдахметов көтерілді. Алдымен өзі басшылық ете­тін ауылдың тыныс-тіршілігін кеңінен тар­­­қатқан Қайрекең де Таңда биыл да бірқатар жоба жүзеге асатынын жасырмады.
Аталған ауылда 244 отбасында 1 288 адам тұрады. Таңның негізгі тыныс-тір­­­­шілігі ауыл шаруашылығына тәуелді. Ауыл­­дық округте жер көлемі 23 897 гек­тар болса, оның ішінде егістік жері – 3 173, ауыл шаруашылық жері – 10 857, жайы­лымдық жер – 9 843 гектар.
Таңда 17 шаруа қожалық бар. Биыл 3 852 гектар жерге егіс дақылдары ор­наластырылған. Оның ішінде негізгі да­қыл күріштің көлемі – 2 602, жаздық бидай – 104, бақша – 95, жаңа жоңышқа – 452, ескі жоңышқа – 506 гектар. Тұр­ғындардың әл-ауқатын, тұрмыстық жағ­дайын жақсарту мақсатында 35 гектар жерге картоп, 5 гектар жерге қызанақ, 5 гектар жерге қияр, 15 гектар жерге қауын-қарбыз егу үшін ауыл сыртынан шаруа қожалық төрағаларының демеушілігімен жер дайындалған.
Ауылда кәсіпкерлік саласын дамыту жұмыстары да өз деңгейінде жүруде. Жыл басынан бері шағын жобаларды қаржыландыру қарқынды жүрген. Қазіргі таңда 123,5 млн теңгенің 8 жобасы қар­жыландырылған. «Ауыл аманаты» жо­ба­сына ауылдық округтен Агро лидер Таң ЖШС-ның «Таң Фуд» ет өндеу цехына зәкірлік жүйемен 3 кооператив 11 жоба ұсынған.
Расында Таңда тындырымды тірлік көп, халық қалаулыларының ауыл әкі­мін сұрақтың астына алмағаны да сон­дық­тан шығар. Көшелері тақтайдай тегіс және жарқырап тұр, шаруашылық демеушілігімен ауылды абаттандыру мақсатында біршама жоба жүзеге ас­қан. Бүгінде оның жемісін тұтас бір елді мекеннің халқы көріп отыр.
Сессия отырысында мұнан бөлек аудан бойынша бөлшек салықтың ар­наулы салық режимін қолдану ке­зінде мөлшерлеме мөлшерін төмен­дету ту­ралы, «Жалағаш аудандық мәсли­хат­ының Регламентін бекіту туралы» Жа­­лағаш аудандық мәслихатының 2022 жылғы 04 ақпандағы №14-20 шеші­міне өзгеріс енгізу туралы, «Жала­ғаш аудандық мәслихат аппа­раты» мем­лекеттік мекемесінің «Б» корпусы мемле­кеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалаудың әдістемесін бекіту туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының 2022 жылғы 18 қарашадағы №27-19 шешіміне өзгеріс енгізу жайы қаралды.

Ерлан АНУАРҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: