Мәдениет саласының бірден-бір дамуына үлес қосып отырған кітапханалар жүйесі екені белгілі. Өйткені ұлтымыздың күллі тарихы, мәдени мол мұрасы, тарихи тағылымы бәрі-бәрі кітап бетінде, тарихтың том-том парақтарында сақтаулы. Ал руханияттың ордасы саналған кітапханалар жұмысының жүйелі болуы, оқырман тарту және жастарды кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатындағы жобалары да адамзаттың рухани тыныс-тіршілігіне айналуды көздейді.
Жуырда Аққұм ауылдық кітапханасы «Рухани қазына – 2022» республикалық фестивалінде «Үздік ауылдық маңызы бар кітапхана» атанды. Бүгінде ауыл кітапханасы адамзаттың рухани тыныс-тіршілігінің көзі болып табылатын және қазіргі кезде әр адам үшін білімін жетілдіруге, ақпараттық қажеттіліктерін ақысыз қанағаттандыруға, қызығушылығы ортақ мүдделестермен кездесу алаңына, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін орталыққа айналып отыр. Жаңғырған әлемнің жаңарған келбетіне айналған рухани орданың жұмыс кестесі де қауырт. Әр сәрсенбіде Аққұм ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ақтоты Көшекбай ауыл халқына Egov.kz сайты арқылы онлайн анықтамалар алып беріп, ауыл жастарының компьютерлік сауаттылықтарын арттыру мақсатында аптаның әр сәрсенбі күні курс өткізуді қолға алыпты. Мобильді технологиялар – бұл кітапхананың жаңа қызметі. Бұл жоба аясында ауылдың кез келген тұрғыны интернетті пайдалану, электронды поштамен жұмыс, сканерлеу және Egov.kz қызметі арқылы кез келген анықтама түрін ақысыз ала алады.
«Кітапхана дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы. Аққұм ауылдық кітапханасы 1976 жылы құрылды. 2015 жылы ауылды ақпараттандыру мақсатында Біріккен Ұлттар ұйымының қолдауымен Даму қоры демеушілігімен кітапхана Аққұм онлайн ақпарат орталығы болды. 2016 жылы модельді кітапхана атауы берілсе, 2019 жастар жылына орай кітапхана жанынан заманауи Коворкинг орталығы ашылды.
Бүгінгі күні кітапханамызда 18962 кітап қоры болса, 676 оқырманға қызмет жасаймыз. Келушілер саны 6367 ні құраса, кітап берілім 15828. Бізде «Цифрлы Қазақстан кітапхана дамуына жаңа серпін», «Жүрек жылуы», «Тәтті кітап» жобалары жұмыс жасайды. Айта кетейік, рухани ордамыз 2018 жылдан бастап «Рабис» бағдарламасының «Каталогизатор» – модуліне көшті» деген Ақтоты Айтжанқызы мұнда келген жаңа әдебиеттерді библиографиялық сипаттамада енгізіп отыратындарын жеткізді.
Жалпы кітапханада қолға алынған «Жүрек жылуы» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жасалады. Түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, үйлеріне уақытылы кітап жеткізіліп отырады. Сонымен бірге 2021 жылдан бастап «Тәтті кітап» жобасы да қарқынды жұмыс істеп келеді. Жас жеткіншектердің жаңа түскен балалар әдебиетін түрлі тәсілдермен қызығушылығын арттыра отырып, оқуға ынтасын қалыптастыруға жұмыс істейді. Тіпті осы ретте кітапхана сөрелерінде «Балаларға базарлық», «Балалар бағының бағбандары», «Кітап тамшылары» кітап көрме инсталяциясы жасалса, кітаптар әлеміне саяхат, тәтті кітап себеті, ертегілер әлемінде «Біз ертегімен есейеміз» атты ертегі оқулары өткізіліп тұрады. «Ертегілер оқу» желісі бойынша «шалқан» ертегісі қойылымы қойылса, Тәуелсіздігіміздің 30, М.Мақатаевтың 90 жылдығына орай балабақша тәрбиеленушілерінің ересек топтарына мәнерлеп оқытулар, ашық аспан астындағы кітап көрмелері, аудандық, ауылдық онлайн шаралар да назардан тыс қалмайды. «Туған жер» бағдарламасы аясында «Туған жерім – құт мекенім», «Ауыл мақтанышы» тұрақты кітап көрмелері жасақталып, «Туған өлкеңнің тарихы мен танымы» ауыл ардагерлері мен кездесу кеші өткізілсе, «Туған өлке – тұнған тарих» суретшілер байқауы, Еңбек ардагері, жерлесіміз Ұлбала Меңліқарақызының шығармашылығынан «Жүрек сезімі» кітап көрмесі, ауылымен кездесу кеші ұйымдастырылған. Кітап қорын толықтыру мақсатында да «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы үздіксіз ұйымдастырылып тұрады екен.
Қарап отырсақ, ауыл кітапханасының жұмысында жүйе бар. Бірден-бір көңілімізге қонғаны, ауыл тұрғындары үшін Egov.kz қызметінің қолжетімділігі болды. Айта кету керек, ауыл кітапханасындағы жобалар легі мұнымен толастамайды. Кітапханашымен әңгіме барысында тағы да бірнеше жұмыспен таныстық. Мәселен «Сырлы сөз» көркемсөз үйірмесі асында танымдық бағыттағы шаралар өткізілсе, «Парасат жолы» орталығында «Жастармен жұмадағы жүздесу» тақырыбымен дөңгелек үстел ұйымдастырылады. Мұнымен қоса Тәуелсіздігімізге 30 жылдығына «Ордалы елге отыз жыл», Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына «Алаштың ардақ тұтар азаматы» тұрақты кітап көрмелері, «Тіл білімінің ұстазы», «Ахмет тағылымы» аймақтық конференциялары да жоспардан тыс қалмапты. Күн тәртібіне қойылған бірнеше шарадан хабардар еткен Ақтоты Айтжанқызы «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» дөңгелек үстелі, М.Мақатаевтың 90 жылдығына арналған «Қазақ поэзиясының хан тәңірі» мәнерлеп оқу сайысы, «Қазыналы қарттарым» ардагер аналармен кездесу, «Иман және тәрбие» тақырыбында ауыл имамының жастармен кездесуі, «Ана – өмір бастауы» атты көпбалалы аналармен басқосу және 31 мамыр қуғын-сүргін құрбандарын еске алу кеші өткенін де атап өтті.
Жыл соңында үздік атанып, аудан мерейін асырған ауыл кітапханасының бұған дейінгі жетістігін де айтпай кету мүмкін емес. Жүйелі жұмыстың нәтижесін көріп, еселі еңбегі еленген кітапхана ұжымы «Үздік кітапханашы-2018», «Рухани қазына-2019» фестивалінде кітапхана «Жаңалық жаршысы – кітапхана» номинациясымен марапатталған.
Рухани ордадағы кітап көрмелерімен түгел танысқан әріптесім екеуміз үздік кітапхана атануы да тегін емес екен дедік. Ауыл тұрғындары, әсіресе жастар жағы кітапханаға жиі бас сұғып, жаңа кітаптармен танысуға тырысады. Ал біз алдағы уақытта ауыл кітапханасы мұнан да жоғары нәтижелерді көрсетеді деп сенеміз.
Н.АЛМАСҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!