Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Жұма, 13 желтоқсан, 01:18

Ауылға баратын дәрігерлерге 8,5 млн теңге біржолғы көтерме ақы беріледі

24.01.2024

377

0

Парламент мәжілісі кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Заңға сәйкес, енді ауылға жұмыс істеу үшін баратын медицина қызметкерлеріне 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем беріледі.

Мәжіліс депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл норма медицина кадрларын ынталандыру және ауылдағы кадр тапшылығын жою үшін қабылданып отыр.

«Бұған дейін біз ауылға баратын жас дәрігерлерге біржолғы көтерме ақы береміз деп айтқан едік. Қазір біз сол уәдемізді орындап отырмыз. Бүгін заң қабылданды. Енді ауылға барған, медицина саласында істейтін жас маман біржолғы 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде (8,5 млн теңге – Sputnik) көтерме ақы алады», – деді Аймағамбетов мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап беріп.

Депутат бұл көтерме ақы қолданыстағы әлеуметтік көмектерге қосымша енгізіліп отырғанын атап өтті.

«Қазір «Дипломмен ауылға» бағдарламасы және тағы басқа көтерме ақы бар, оны ешкім алып тастаған жоқ. Сол көтерме ақының үстіне біз тағы бір жаңа көтерме ақыны енгізіп отырмыз. Медицина саласында істейтін мамандарды қолдау үшін, ауылдағы медицинаны дамыту үшін, ауылдағы кадр тапшылығын шешу үшін 100 ең төменгі жалақыға тең көмек береміз. Биыл оның мөлшері 9 миллион теңгеге жуықтайды», – деді мәжілісмен.

Аймағамбетовтің айтуынша, ауылға баратын дәрігерлердің еңбек өтілі ескерілмейді. Олар тек көтерме ақыны алғаннан кейін бес жыл сол ауылда жұмыс істеуге міндеттеледі.

Айта кетері, биылдан бастап елімізде ең төменгі жалақы 85 мың теңгені құрайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: