Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Сейсенбі, 26 қараша, 01:43

Азық-түлік бағасы бақылауда ма?

18.06.2024

490

0

Соңғы жылдары елімізде азық-түлік бағасының күрт қымбаттауы тұрғындарды алаңдатқаны рас. Атқарушы билік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік құнын мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы төмендетуге тырысқанымен, қымбатшылықтың қарқыны қайтпай тұр. Осы ретте Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасына қатысты жағдай қаралды.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың мә­­­лі­метінше, бір апта ішінде 10 түрлі тауар­дың, атап айтсақ, қырыққабат 9,7, пияз 1,3, қарақұмық жармасы 1,1, тауық еті 0,6, күріш 0,4, күнбағыс майы 0,4, макарон өнімі 0,2, қант, сүзбе және ұн бағасы 0,1 пайызға төмендеген. Жалпы елімізде негізгі азық-түлік ба­ғасының индексі 0,1 пайызға түскен. Баға 11 облыста, әсіресе Алматы, Пав­лодар, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында айтарлықтай төмендеген.
Оңтүстік өңірлерде ерте пісетін көкөністерді жинау науқаны басталып жатыр. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің ай­туынша, ерте пісетін картоп – 219 мың тонна, қырыққабат – 105 мың тонна, сәбіз – 32 мың тонна, пияз – 66 мың тонна көлемінде күтілуде. Бұл көлем маусым-шілде айларында халықтың аталған көкөністерге деген қажеттілігін қанағаттандыруға жеткілікті.

– Өндірушілерден мега­полис­тер­ге тікелей жеткізуді қамтамасыз ету үшін Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Павло­дар, Солтүстік Қазақстан және Түр­кіс­тан облыстарындағы ауыл шаруа­шылығы өнімін өндірушілердің тізімі құрылды, барлығы 900-ден астам кә­сіпорын. Мәліметтер Астана, Алматы және Шымкент әкімдіктеріне көкө­ністерді жеткізу келісімдерін жасау үшін берілді, – дейді Ербол Тасжүреков.
Ал Сыр өңірінде азық-түлік бағасы, оның ішінде көкөніс бағасының көр-сеткіші басқа аймақтарға қарағанда әлдеқайда тұрақты. Жергілікті билік те алдағы уақытта бақша өнімдерінің бағасы тұрақты болатынын айтады. Бұлай пайымдауға негіз бар. Бүгінде ауыл тұрғындары өздерінің ауласына немес шаруа қожалықтар дайындап берген арнайы жерлерге бақша дақыл­дарын егуді әдетке айналдырған. Мә­се­лен, былтыр ау­данда жеке тұрғындар тарапынан картоп, көкөніс және басқа да бақша дақылдарын егуге 500 гектар жер б­өлінген. Сол жерге 921 отбасы 217,3 гектар картоп, 63 гектар көкөніс, 219,7 гектар басқа да бақша дақылдарын еккен. Осылайша жалағаштықтар ең­бек­тің арқасында қыстық азығын жинап алған болатын.
Биыл да бұл үрдіс жалғасын тап­пақ, тіпті бөлінетін жер көлемі де был­­тырғыдан көп екен. Ал шаруа қо­жа­лықтар былтыр 75 582 центнер картоп, 190022 центнер көкөніс және 283 824 центнер басқа да өнім алған.
Өздеріңізге белгілі, жергілікті ша­руа адамдары өзінің өнімдерін жәр­меңкеге әкеліп, қолжетімді бағада сау­­далауды үрдіске айналдырған. Мә­селен, аудандағы «Ер-Әлі» ШҚ бұл мақ­сатта былтыр картоптың 1 келісін 120 теңгеден, сәбізді 125 теңгеден сатты. Мұнан бөлек аудан бойынша «Бай­қоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік кор­порациясының тұрақтандыру қо­рын­дағы өнімдері жылжымалы жәр­меңке арқылы тұрғындарға төмен ба­ға­мен ұсынылуда. Бұл шаралар да баға­ның тұрақтауына сеп болады.

Жандос МАХМҰТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: