Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Сенбі, 07 желтоқсан, 16:19

Бас имамға темір тұлпардың кілтін табыстады

10.12.2022

2943

0

Тоқсан сайын ауданның бас имамы Айбек Мәдиевтің редакцияға қоңырау шалатыны бар. Мақсат – имандылық үйінде өтетін қайырымдылық шарасын басылым бетіне жариялау. Әрине, «Оң қолың бергенді сол қолың білмесін» деген қағиданы имекең бізден жақсы біледі. Бұл тұрғыда Айекеңнің ойы басқа, яғни жомарт жандардың қайырлы амалын басқаларға үлгі ету еді түпкі ойы.

Айекең осы мақсатпен бізге хабарласқан сайын «Тағы да Дастан Ержанов шығар» деп іштей ой түйетін болдық. Олай болжам жасауға да негіз жоқ емес еді. Себебі осы күнге дейін Айекең айтқан қайырымдылық шаралардың 70-75 пайызына «Қарабура Ата – 1» ШҚ төрағасы Дастан ағамыз қаржылай һәм материалдық көмек көрсеткен.

Бүгін орталықтағы мешіт жанынан өтіп бара жатып, тағы бір игі шараның куәсі болдық. Жақындасақ, бұл жолы имекең жамағатқа емес, жиылған жұрт Айекеңе ақтілегін жаудырып жатыр. Бақсақ, аудандағы Ержановтар отбасы бас имам Айбек Мәдиевке темір тұлпар табыстап жатыр екен. Тағылымды шарада Ержановтар отбасының ардақты анасы, қаржы саласына қажырлы еңбегі сіңген ардагер Нұржамал Құрманаева бас имамға темір тұлпардың кілтін табыстап, асыл дінімізді дәріптеудегі еңбегін құрметтеп, отбасына амандық тіледі.

Ержанов Дастан ағамыз тоқсан сайын аудандағы жағдайы төмен 40-50 отбасына 2 тонна ақкүріш үлестіреді екен. Мұнан бөлек жылына 3 рет 40-50 отбасына құрбандық шалып, тегін ет таратады. Тіпті жылына 3-4 мәрте 10-15 отбасына тегін азық-түлік үлестіруді дәстүрге айналдырғанына да біршама уақыт болған. Ал өткен жылы орталықтағы «Иманқұл» атындағы имандылық үйі берілген сәтте тағы бір отбасына баспана кілтін табыстаған. Бүгін игі шара жалғасын тауып, бас имам Айбек Мәдиевке темір тұлпардың кілті берілді. Алла ағамызға зор денсаулық, отбасына амандық, кәсібіне береке берсін дейміз. Тапқанын астына басып жемей, айналасына шашып жейтін арда азаматтардың әрбір ісі кейінгі буынға үлгі ғой. Бүгін осындай игі шараның куәсі болған жайымыз бар.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: