Бірлігі бекем, тірлігі түзу, ынтымағы жарасқан Еңбек ауылында бүгінде 43 «Алтын алқа», 54 «Күміс алқа» иесі бар. Отбасының ұйытқысы, ұрпақ жалғастығы болған батыр аналар түрлі салада қызмет етіп, еңбектен бақытын тапты. Бесік жырымен бала тербеткен аналардың бастамасымен ауылда «Батыр аналар» ансамблі құрылған.
Ауылдағы «Батыр аналар» ансамблі 1988 жылы құрылған. Сол жылы алғашқы құрамдағы 19 батыр ана ауылдық мәдениет үйінде жеке концерт берген. Алтынқұрсақты аналардың шығармашылық кешіне ауыл түгел қатысқан. Алғашқы концерттен-ақ көрерменнің сұрауымен батыр әжелер көршілес Жаңадария, Аққұм, Ақарық, Шаған, Мырзабай ахун сынды ауылдарға концерттік іс-сапармен шығып, өз өнерлерін көрсете бастаған.
Ансамбль құрамында Әдеп Толыбаева, Айнагүл Бұрышова, Набира Каукенова, Жанымкүл Есімова, Ақзереп Аяпова, Қантай Итенова, Жұмакүл Бексейтова, Абаштар Жұмағұлова қазақ, орыс халық әндерін әуелете шырқаса, Зәпен Жалғасбаева қазақ биін билеген. Сонымен қатар ансамбль құрамындағы Дәркүл Тоқабаева, Рая Нұрханова, Гүлсім Жаңабаева халыққа ой салар көріністерді сахналаған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, ансамбль жетекшісі Рахия Жұбатханова өзбек, сыған, үнді халықтарының ұлттық биін нақышына келтіре орындаған деседі.
Мәдениет үйінде өнерлі топтың үлгілі жолын дәріптейтін арнайы кабинет те жасақталған. Мұнда ансамбль тарихымен терең танысуға болады. Аты аңызға айналған өнер ұжымының жеткен жетістіктері өте көп. Республикалық және облыстық конкурстарда топ жарған.
Ауылда тәрбиелік бағытта батыр аналардың қатысуымен жиі кездесулер, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Ақжаулықты аналарымыздың ғұмыры өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.
2018 жылы Аққошқар ауылдық мәдениет үйінде «Батыр аналар» ансамблі өзінің 30 жылдық мерейтойын облыстық деңгейде атап өткен. Мерейтой қарсаңында аналарымыз сахна төрін өзінен кейінгі ізбасарларына, яғни ансамбльдің ізін жалғастыруды ауылдағы 18 жас батыр анаға аманаттаған.
Өткенге көз жүгіртіп, тарихқа қанық болу үшін кеше Еңбек ауылына атбасын бұрып, ансамбльдің алғашқы жетекшісі Рахия Жұбатханова анамыздың қара шаңырағына барып қайттық.
– «Батыр аналар» ансамблі 1988 жылы құрылып, мен оған 30 жыл жетекшілік жасадым. Ауыл, аудандарды аралап концерт беріп, билет бағасын арзандау қойып, халықтан жиналған қаражатты сол ауылдың әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларына азық-түлікке деп табыстап кететінбіз. Қай ауылға барсақ та осы үрдісімізді тастаған емеспіз. Одан бөлек арнайы облыстық шараларға шақырту түсетін. Әсіресе сәбилер үйі мен қарттар үйіне концерттік бағдарламамен жиі баратынбыз. Құрқол бармайық деп, үйден сүт, айранымызды, балаларға киімдер апарып беретінбіз, – дейді Рахия Жұбатханова.
Батыр ана 10 рет құрсақ көтеріп, қызын қияға, ұлын ұяға қондырған. Ол – бүгінде 37 немере, 8 шөберенің ортасындағы бақытты әже.
Тағы бір айта кететін дүние бар, аналарымыздың алтын қолынан шыққан көрпешенің сан түрі аудандық «Иманқұл», ауылдық «Мүсірәлі баба» мешіттеріне сыйға тартылған. 6 баланың анасы Айнұр Доспанбетова – құрақ құрау ісінің шебері. «Күміс алқа» иегері хоббиін кәсіпке айналдырған. Ол 1 млн теңге қайтарымсыз грант алып, өз жұмысын бастаған.
– Жүн түтіп, жіп иіру, жылы киім тоқу, киіз үйге арналған кілем мен әшекей жасауды аналарымыз бен әжелерімізден үйрендік. Қолөнер мен қолданбалы өнер біздің халықтың қанында бар. Бұл білім әрқашан ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады. Дәстүріміз бен мәдениетімізді сақтау біз үшін де өте маңызды, – дейді алтынқұрсақты ана.
Ансамбльдің белді әншісі Дәркүл Тоқабаева бүгінде 80-нен асты. Ол – 10 балаға өмір сыйлаған батыр ана. Бүгінде 70-тен аса немересі мен 50-ден аса шөбересі бар. Тек бала тәрбиесімен ғана емес, жас кезінде шаруашылықта сауыншы әрі сушы болып еңбек етіп, күріш екті. Батыр ана – бүгінде Аққошқар ауылдық мәдениет үйіндегі «Қолөнер» үйірмесінің жетекшісі. Он саусағынан өнер тамған әжеміз ауыл жастарын ұлттық ою-өрнектерімізбен безендірілген кілемдер тоқу, ши орау, түскиіз ою, құрақ құрауды жастарға насихаттауда.
Бүгінде «Батыр аналар» ансамбліндегі 18 ана аудан, облыс сахналарында өнер көрсетіп, батыр аналар жолын жалғап, қазақ өнеріне қалтқысыз қызмет етіп келеді.
Айта кетейік, мақаламызға арқау болған Еңбек ауылы «Батыр аналармен» ғана танымал емес. Ауылда соңғы 7 жылда құқық бұзушылық орын алмаған. Еліне құрмет көрсетіп, көпшілікті рухани байлыққа кенелтіп жүрген батыр аналарымыздың өнер жолы ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қала бермек.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!