Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

9°C

, Дүйсенбі, 11 қараша, 13:41

Батыр аналар ауылы

27.02.2024

385

0

Бірлігі бекем, тірлігі түзу, ынтымағы жарасқан Еңбек ауылында бүгінде 43 «Алтын алқа», 54 «Күміс алқа» иесі бар. Отбасының ұйытқысы, ұрпақ жалғастығы болған батыр аналар түрлі салада қызмет етіп, еңбектен бақытын тапты. Бесік жырымен бала тербеткен аналардың бастамасымен ауылда «Батыр аналар» ансамблі құрылған.

Ауылдағы «Батыр аналар» ан­самблі 1988 жылы құрылған. Сол жылы алғашқы құрамдағы 19 батыр ана ауылдық мәдениет үйінде жеке концерт берген. Алтынқұрсақты ана­­лардың шығармашылық кешіне ауыл түгел қатысқан. Алғашқы кон­церттен-ақ көрерменнің сұрауы­мен батыр әжелер көршілес Жаңа­дария, Аққұм, Ақарық, Шаған, Мыр­­забай ахун сынды ауылдарға концерттік іс-сапармен шығып, өз өнерлерін көрсете бастаған.

Ан­самбль құрамында Әдеп То­лы­­баева, Айнагүл Бұрышова, На­бира Каукенова, Жанымкүл Есі­мо­­ва, Ақ­зереп Аяпова, Қантай Ите­­­но­ва, Жұмакүл Бексейтова, Абаш­­тар Жұмағұлова қазақ, орыс ха­­лық әндерін әуелете шырқаса, Зәпен Жал­­ғасбаева қазақ биін би­ле­ген. Сонымен қатар ансамбль құ­ра­­­мын­дағы Дәркүл Тоқабаева, Рая Нұрханова, Гүлсім Жаңабаева ха­­лыққа ой салар көріністерді сах­на­лаған. Ауыл тұрғындарының ай­туынша, ансамбль жетекшісі Рахия Жұ­бат­ханова өзбек, сыған, үнді ха­лықтарының ұлттық биін нақы­шына келтіре орындаған деседі.

Мәдениет үйінде өнерлі топтың үлгілі жолын дәріптейтін арнайы кабинет те жасақталған. Мұнда ан­самбль тарихымен терең танысуға болады. Аты аңызға айнал­­ған өнер ұжымының жеткен же­тіс­тіктері өте көп. Рес­публикалық және облыстық конкурстарда топ жарған.

Ауылда тәрбиелік бағытта ба­тыр аналардың қатысуымен жиі кез­десулер, түрлі іс-шаралар ұйым­дас­тырылып тұрады. Ақжаулықты аналарымыздың ғұмыры өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.

2018 жылы Аққошқар ауылдық мәдениет үйінде «Батыр аналар» ансамблі өзінің 30 жылдық ме­рейтойын облыстық деңгейде атап өткен. Мерейтой қарсаңында ана­ларымыз сахна төрін өзінен кейінгі ізбасарларына, яғни ансамбльдің ізін жалғастыруды ауылдағы 18 жас батыр ана­ға аманаттаған.
Өткенге көз жүгіртіп, тарихқа қа­нық болу үшін кеше Еңбек ауы­лы­на атбасын бұрып, ансамбльдің алғашқы жетекшісі Рахия Жұ­бат­ха­нова анамыздың қара шаңы­ра­ғына барып қайттық.
– «Батыр аналар» ансамблі 1988 жылы құрылып, мен оған 30 жыл жетекшілік жасадым. Ауыл, ау­дандарды аралап концерт беріп, билет бағасын арзандау қойып, халықтан жиналған қаражатты сол ауылдың әлеуметтік тұрмысы тө­мен отбасыларына азық-түлікке деп табыстап кететінбіз. Қай ауыл­ға барсақ та осы үрдісімізді тас­­таған емеспіз. Одан бөлек ар­­найы об­лыстық шараларға ша­қыр­ту тү­сетін. Әсіресе сәбилер үйі мен қарттар үйіне концерттік бағ­дар­ла­мамен жиі баратынбыз. Құрқол бармайық деп, үйден сүт, айранымызды, балаларға киімдер апа­­рып беретінбіз, – дейді Рахия Жұбатханова.

Батыр ана 10 рет құрсақ көтеріп, қызын қияға, ұлын ұяға қондырған. Ол – бүгінде 37 немере, 8 шөберенің ортасындағы бақытты әже.

Тағы бір айта кететін дүние бар, ана­ла­рымыздың алтын қолынан шық­қан көрпешенің сан түрі ау­дандық «Иманқұл», ауылдық «Мү­сір­әлі баба» мешіттеріне сыйға тар­тылған. 6 баланың анасы Айнұр Доспанбетова – құрақ құрау ісінің шебері. «Күміс алқа» иегері хоббиін кәсіпке айналдырған. Ол 1 млн теңге қайтарымсыз грант алып, өз жұмысын бастаған.

– Жүн түтіп, жіп иіру, жылы киім тоқу, киіз үйге арналған кілем мен әшекей жасауды аналарымыз бен әжелерімізден үйрендік. Қолөнер мен қолданбалы өнер біздің халықтың қанында бар. Бұл білім әрқашан ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады. Дәстүріміз бен мәдениетімізді сақтау біз үшін де өте маңызды, – дейді алтынқұрсақты ана.

Ансамбльдің белді әншісі Дәркүл Тоқабаева бүгінде 80-нен асты. Ол – 10 балаға өмір сыйлаған батыр ана. Бүгінде 70-тен аса немересі мен 50-ден аса шөбересі бар. Тек бала тәрбиесімен ғана емес, жас кезінде шаруашылықта сауыншы әрі сушы болып еңбек етіп, күріш екті. Батыр ана – бүгінде Аққошқар ауылдық мәдениет үйіндегі «Қолөнер» үйір­месінің жетекшісі. Он саусағынан өнер тамған әжеміз ауыл жастарын ұлттық ою-өрнектерімізбен безен­дірілген кілемдер тоқу, ши орау, түскиіз ою, құрақ құрауды жастарға насихаттауда.
Бүгінде «Батыр аналар» ансамб­ліндегі 18 ана аудан, облыс сах­наларында өнер көрсетіп, батыр аналар жолын жалғап, қазақ өнеріне қалтқысыз қызмет етіп келеді.
Айта кетейік, мақаламызға ар­қау болған Еңбек ауылы «Батыр аналармен» ғана танымал емес. Ауылда соңғы 7 жылда құқық бұ­зу­шылық орын алмаған. Еліне құрмет көрсетіп, көпшілікті рухани бай­лық­қа кенелтіп жүрген батыр анала­ры­мыздың өнер жолы ұрпақ­тан-ұр­паққа мұра болып қала бермек.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: