4-12 мамыр аралығында Қырғызстанның Бішкек қаласында тоғызқұмалақтан қыздар мен әйелдер арасында Халықаралық турнир өтті. Оған аудандық «Наркескен» спорт клубының «Тоғызқұмалақ» үйірмесінің жаттықтырушысы Ақерке Кенжебекова қатысты. Жеңісті жолдан жығылмайтын жас спортшымыз бұл жолы да топ жарып, ел мерейін үстем етті.
– Қазақстан мен Қырғызстаннан 130-ға жуық спортшы қатысты. Басты қарсыластарым Қырғызстаннан Азия чемпионы Айзада Бақтыбаева мен Алтынай Шамбетова болды. Соңғы шешуші кезеңде Азиза Жамансартова есімді спортшымен бақ сынастым. Еліміздің абыройы үшін барынша мұқият ойнауға тырыстым. Қазақ 7 санын қашанда киелі деп санаған. Сондықтан мен де көбіне ойынды 7-ші отаудан бастаймын. Себебі бұл отау маған ойынды жеңіспен аяқтауыма септігін тигізеді, – дейді Ақерке Батырбекқызы.
Бірнеше мәрте жарысқа қатысып, жүлделі орындардан төбе көрсеткен Ақерке – Азия және Әлем чемпионы. Ол – 2016 жылы Ресей Федерациясының Алтай Республикасында тоғызқұмалақтан өткен жастар арасындағы Азия чемпионатының ІІ орын иегері. 2017 жылы Астана қаласында өткен ересектер арасында IV әлем чемпионатының қола жүлдегері. 2018 жылы Моңғолия Республикасында өткен ересектер арасында IV Азия чемпионатының алтын жүлде иегері атанған. Сондай-ақ ол Моңғолия Республикасының Баян-Өлгей қаласында 9 елден 200-ден астам спортшы қатысқан тоғызқұмалақтан өткен VI Азия чемпионатының алтын жүлде иегері атанып, ел мерейін асқақтатқан болатын. Бұдан бөлек Румыния мемлекетінің Констанца қаласында ересектер арасында өткен әлем кубогында тоғызқұмалақ спортының рапид түрінен де үлкен жетістікке жетіп, Әлем чемпионы болды.
– Ақерке мен жетекшілік ететін үйірмеге алғаш келген күннен өзінің тоғызқұмалаққа деген қарым-қабілетін көрсетіп, үйреткен білімді тез қағып алатын, ойлау қабілеті жылдам шәкірттерімнің бірі. Ол тыңғылықты әрі үздіксіз дайындықтың арқасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Кешегі ойында да оқ бойы озық шығып, кіл мықтының арасынан өзінің қарым-қабілеті мен талантын көрсете білді. Алдағы уақытта Ақеркені екі жарыс күтіп тұр. Бірі – топтық әйелдер чемпионаты, ол Ақтау қаласында өтеді. Ал екіншісі – Әлем кубогы, ол шілдеде өтеді. Бұйыртса, осы екі жарыстан да жеңіспен ораламыз деген ойдамыз, – дейді білікті бапкер Асхат Маратұлы.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ақерке Батырбекқызы спортшы үшін ең үлкен күш өзіне сенім білдірген жандардың қолдауы екенін жеткізді. Ол тілектес болған жерлестеріне ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта бұдан да зор жетістіктерге ұмтылатынын айтты.
Айта кетейік, «Тоғызқұмалақ» үйірмесі 2022 жылдан бастап «Наркескен» спорт клубы жанынан ашылып, жұмысын бастаған. Қазіргі таңда үйірме құрамында 20 шәкірт тәрбиеленуде. 4 мың жылдан астам тарихы бар бұл спорт түрінен аудан спортшылары халықаралық, республикалық ірі додаларда жүлдесіз оралған емес. Қазіргі таңда ауданда тоғызқұмалақ спортынан 1 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 1 спорт шебері және 40-қа жуық спорт шеберлігіне үміткер бар.
– Әр жарыста туған жеріміздің атын, әнұранын әлем алдында шырқату – менің басты мақсатым, алдағы сайыста артылған сенімнің ақталуына бар күш-жігерімді саламын. Үлкен додаларға қатысуыма демеушілік етіп, жетістікке жетуіме жағдай жасап отырған «Наркескен» спорт клубының директоры Ғалымжан Ержанов пен осы спортқа мені бала кезімнен баулыған бапкерім Асхат Маратұлына үлкен алғысымды білдіремін, – дейді Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ақерке Батырбекқызы.
Тоғызқұмалақ – ақыл-ойдың ұшқырлығын талап ететін ең күрделі ұлттық ойын. Ұлттық спортымызды жандандырып, ұшқыр ой, қажырлы қабілетінің арқасынща дүбірлі додаларда топ жарып, еліміздің көк байрағын көкке көтеріп жүрген Ақеркенің алдағы сайыстарда топ жаратынына сенеміз.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!