Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 27 шiлде, 06:13

Бішкектен жеңіспен оралды

14.05.2024

733

0

4-12 мамыр аралығында Қырғызстанның Бішкек қаласында тоғызқұмалақтан қыздар мен әйелдер арасында Халықаралық турнир өтті. Оған аудандық «Наркескен» спорт клубының «Тоғызқұмалақ» үйірмесінің жаттықтырушысы Ақерке Кенжебекова қатысты. Жеңісті жолдан жығылмайтын жас спортшымыз бұл жолы да топ жарып, ел мерейін үстем етті.

– Қазақстан мен Қырғызстаннан 130-ға жуық спортшы қатысты. Басты қар­сыластарым Қырғызстаннан Азия чемпионы Айзада Бақтыбаева мен Ал­тынай Шамбетова болды. Соңғы ше­шуші кезеңде Азиза Жамансартова есімді спортшымен бақ сынастым. Елі­міз­дің абыройы үшін барынша мұ­қият ойнауға тырыстым. Қазақ 7 санын қа­шанда киелі деп санаған. Сон­дық­тан мен де көбіне ойынды 7-ші отаудан бастаймын. Себебі бұл отау маған ойын­ды жеңіспен аяқтауыма септігін ти­гізеді, – дейді Ақерке Батырбекқызы.
Бірнеше мәрте жарысқа қатысып, жүлделі орындардан төбе көр­сет­­кен Ақерке – Азия және Әлем чемпионы. Ол – 2016 жылы Ресей Фе­дерациясының Алтай Рес­пуб­ли­ка­сын­да тоғызқұмалақтан өткен жастар арасындағы Азия чемпионатының ІІ орын иегері. 2017 жылы Астана қа­ла­сында өткен ересектер арасында IV әлем чемпионатының қола жүлдегері. 2018 жылы Моңғолия Республикасында өткен ересектер арасында IV Азия чемпионатының алтын жүлде иегері атанған. Сондай-ақ ол Моңғолия Рес­публикасының Баян-Өлгей қаласында 9 елден 200-ден астам спортшы қатысқан тоғызқұмалақтан өткен VI Азия чем­пио­натының алтын жүлде иегері атанып, ел мерейін асқақтатқан болатын. Бұдан бөлек Румыния мемлекетінің Кон­станца қаласында ересектер ара­сында өткен әлем кубогында тоғыз­құ­малақ спортының рапид түрінен де үлкен жетістікке жетіп, Әлем чемпионы болды.
– Ақерке мен жетекшілік ететін үйір­меге алғаш келген күннен өзінің тоғызқұмалаққа деген қарым-қабілетін көрсетіп, үйреткен білімді тез қағып алатын, ойлау қабілеті жылдам шәкірт­терімнің бірі. Ол тыңғылықты әрі үз­діксіз дайындықтың арқасында халық­аралық дәрежедегі спорт шебері атан­ды. Кешегі ойында да оқ бойы озық шы­ғып, кіл мықтының арасынан өзінің қарым-қабілеті мен талантын көрсете білді. Алдағы уақытта Ақеркені екі жарыс күтіп тұр. Бірі – топтық әйелдер чемпионаты, ол Ақтау қаласында өтеді. Ал екіншісі – Әлем кубогы, ол шілдеде өтеді. Бұйыртса, осы екі жарыстан да жеңіспен ораламыз деген ойдамыз, – дейді білікті бапкер Асхат Маратұлы.
Халықаралық дәрежедегі спорт ше­бері Ақерке Батырбекқызы спортшы үшін ең үлкен күш өзіне сенім білдірген жандардың қолдауы екенін жеткізді. Ол тілектес болған жерлестеріне риза­шылығын білдіріп, алдағы уақыт­та бұ­дан да зор жетістіктерге ұмтыла­тынын айтты.
Айта кетейік, «Тоғызқұмалақ» үйір­­месі 2022 жылдан бастап «Нар­кес­­кен» спорт клубы жанынан ашы­лып, жұмысын бастаған. Қа­­зіргі таңда үйірме құрамында 20 шәкірт тәрбиеленуде. 4 мың жыл­дан астам тарихы бар бұл спорт тү­рі­нен аудан спортшылары ха­лық­аралық, республикалық ірі дода­ларда жүлдесіз оралған емес. Қазіргі таңда ауданда тоғыз­құ­малақ спор­тынан 1 халықаралық дә­режедегі спорт шебері, 1 спорт шебері және 40-қа жуық спорт шеберлігіне үміт­кер бар.
– Әр жарыста туған жеріміздің атын, әнұранын әлем алдында шырқату – менің басты мақсатым, алдағы сайыс­та артылған сенімнің ақталуына бар күш-жігерімді саламын. Үлкен дода­лар­ға қатысуыма демеушілік етіп, же­тістікке жетуіме жағдай жасап отырған «Наркескен» спорт клубының ди­рек­торы Ғалымжан Ержанов пен осы спортқа мені бала кезімнен баулыған бапкерім Асхат Ма­рат­ұлына үлкен ал­ғысымды білді­ремін, – дейді Халықа­ралық дәрежедегі спорт шебері Ақерке Батырбекқызы.
Тоғызқұмалақ – ақыл-ойдың ұш­қыр­лығын талап ететін ең күрделі ұлт­тық ойын. Ұлттық спортымызды жа­н­дандырып, ұшқыр ой, қажырлы қа­бі­летінің арқасынща дү­бірлі дода­лар­да топ жарып, еліміздің көк бай­рағын көкке көтеріп жүрген Ақеркенің алдағы сайыстарда топ жаратынына сенеміз.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: