Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда еліміздегі еңбек ресурстарының тапшылығы бар өңірлерде жаңадан жұмыс орындарын ашу, мемлекеттен берілетін әлеуметтік көмекпен азаматтардың қамтылуы, жалпы әлеуметтік бағдарламалардың нәтижелі орындалуы бойынша Үкіметке пәрменді шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Атап айтқанда, еңбек нарығын цифрландыру, жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын реформалау, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту, тұрғындарды жұмыспен қамтуды арттыру үшін басқа да ауқымды іс-шаралар қарастырылған. Бүгінде жергілікті билік осы тапсырмалар аясында қандай міндеттерді атқарды және сол жобалардың іске асырылу барысы қалай? Жыл басынан бері қанша адам жұмыспен қамтылды? Осы және басқа да сұрақтарға жауап алу мақсатында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қанат Бөленбаевпен сұхбаттасқан едік…
– Қанат Шамшатұлы, әуелі аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жұмысы, мақсаты жайында кеңірек айтып өтсеңіз…
– Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жұмыссыз азаматтарды есепке тіркейді және жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау үшін қажетті құжаттарды қабылдайды. Жұмыссыздарды тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетеді, уақытша жұмыс орындарын ұсынады. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқамерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастырады. Әлеуметтік кәсіптік бағдар беру жұмыстарын ұйымдастырады. Азаматтардың барлық санаттарына арналған бос орындар жәрмеңкесін және халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Бүгінде барлық қызметтер өз мерзімінде орындалып жатыр. Биыл аудан бюджетінен 1203615,9 мың теңге, оның ішінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бойынша 5775,64 мың теңге, жұмыспен қамту орталығы бойынша 626051,9 мың теңге қаржы қаралды. 2023 жылдың 1 қазанына қаралған қаржы – 907296,3 мың теңге, Оның бүгінде 907155,4 мың теңгесі, 99,98 пайызы игерілді.
– Әлеуметтік көмек, жәрдемақылармен қамту шараларын жүргізу барысы, яғни атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау бойынша ауданда қандай жаңалықтар бар? Бұл ретте қандай іс тындырылып жатыр?
– Биыл мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке аудан бюджетінен 126,7 млн теңге және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының бір жастан алты жасты қоса алғанда 19,8 млн теңге қаралды. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жөнінде 19 учаскелік комиссия жұмыс істейді. Оның ішінде кент бойынша 5 учаскелік комиссия, әр ауылдық округ бойынша 1 учаскелік комиссиядан бекітілген.
Биыл атаулы әлеуметтік көмек 224 отбасының 1313 мүшесіне 69,2 млн теңге және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының бір жастан алты жасты қоса алғанға дейінгі әр балаға 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 186 отбасының 341 баласына 10,6 млн теңге, барлығы 79,8 млн теңге тағайындалып, 74,4 млн теңге төленді.
– Атаулы әлеуметтік көмектен босатылған аудан азаматтары бар ма?
– Иә, бар. 2023 жылдың 1 қазанына атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан 51 отбасының 293 мүшесі босатылды. Оның ішінде өз өтініші бойынша тоқтатылғандар – 12 отбасы, кедейлік шегінің мөлшерінен 35 отбасының табысы асып кеткен, 1 отбасы табысын жасырған, 3 отбасы комиссия шешімімен тоқтатылған. Себебі 1-еуінің ата-анасымен бірге тұрады, 1-еуі ірі қара малдарын жасырған, ал 1-еуі өтініште көрсетілген мекен-жайда тұрмайтыны анықталған.
– Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке өтініш білдірген тұрғындар қатары көп пе? Статистика не дейді?
– Әрине бүгінде мемлекет тарапынан қарастырылған әлеуметтік көмектер жеткілікті. Сондықтан әрбір азамат сол көмектен дәмелі. Нақтырақ айтқанда, ауданда мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке өтініш білдірген 224 отбасы бар. Оның 1313 мүшесінің 18 жасқа дейінгі 834 бала болса, оның ішінде мүгедектігі бар 2 бала, мүгедектігі бар 1 егде кісі, 2 зейнеткер, 64 студент тіркелген. Сондай-ақ еңбекке қабілетті 411 азамат, оның ішінде жұмыссыздар 80, жүгіну мезетінде жұмысы барлар 194, бала күтімінде 137, басқа себеппен 1 азамат бар. Белсенді шараға қатысушылардың 15-і тұрақты жұмысқа орналасқан, 9-ы қайтарымсыз грант алды, 63-і қоғамдық жұмысқа, 2-еуі әлеуметтік жұмыс орнына, 3-еуі жастар тәжіребиесіне жіберілген.
– Атаулы әлеуметтік көмек арқылы тұрғын үй көмегіне қол жеткізген азаматтар бар ма?
– Биыл тұрғын үй көмегін көрсетуге аудан бюджетінен 3323 мың теңге қаралған. Бүгінгі күнге 18 отбасының 44 мүшесіне 527,1 мың теңге тағайындалып, төленді.
– Ауданда басқа біз біле бермейтін қандай әлеуметтік көмектер жасалуда?
– Мамандандырылған туберкулезге қарсы медициналық ұйымнан шығарылған, туберкулезден емделудің сүйемелдеу сатысындағы азаматтарға биыл 15733 мың теңге қаралды. Яғни 43 азаматқа қосымша тамақтануға 6439,6 мың теңге әлеуметтік көмек тағайындалып, 42 азаматқа 5685 мың теңге төленді. Сондай-ақ «Отан Даңқ» орденімен наградталған, республикалық құрметті атағына ие болған 2 азаматқа 104,9 мың теңге әлеуметтік көмек тағайындалды. Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда кемінде 6 ай жұмыс істеген 105 азаматқа облыстық бюджеттен 14300 мың теңге төленді. Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқан 4 азаматқа 566 мың теңге берілді. Кеңес армиясының мүгедектігі бар 4 азаматына 566 мың теңге табысталды. Екінші рет некеге тұрмаған, қайтыс болған соғыс мүгедектерінің және соларға теңестірілген мүгедектердің әйелдеріне, яғни 2 азаматшаға 276 мың теңге және ауған соғысына қатысқан 21 азаматқа аудандық бюджеттен 2898 мың теңге төленді.
Мұнан бөлек Семей ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен 15 азаматқа 2122,6 мың теңге жеке шоттарына аударылды. Тәжік-Ауғанстан учаскесінде әскери міндетін орындаған 14 азаматқа 1977,6 мың теңге, таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге, сондай-ақ бұрынғы КСРО ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшысы болған және қатардағы құрамының 6 азаматына 797 мың теңге төленді. Өрттің салдарынан зардап шеккен 1 отбасына 517,5 мың теңге тағайындалды.
Тағы айта кететін жайт, облыс әкімінің гранты бойынша 17 студентке 7744 мың теңге оқу ақысына, 4222,8 мың теңге тамақтануы мен жүріп-тұруына, барлығы 11966,8 мың теңге аударылды. Ауылдық елді мекендерде тұратын және жұмыс істейтін әлеуметтік сала мамандарына отын сатып алу бойынша әлеуметтік көмек ретінде 1690 маманға 23322 мың теңге қаржылай көмек берілді.
– Мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдауға ерекше көңіл бөлініп жатқаны белгілі. Аудандағы осындай азаматтар бұл қолдаудан құр қалып жатқан жоқ па?
– Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларының тиімді жүйесін құру мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. ҚР-да мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар бар. Оның мақсаты мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялауға байланысты ҚР қабылдаған міндеттемелерді іске асыру және Қазақстанның 2030 жылға дейінгі әлеуметтік жаңғыруы шеңберінде барлық осал топтар үшін қолайлы орта құру арқылы инклюзивті қоғам қалыптастыру болып табылады.
Аудан бойынша мүгедектердің орталықтандырылған деректер қорына сәйкес, биыл 962 мүгедектігі бар адам тіркелген, оның ішінде 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 222 бала бар. Жалпы бұл жұмыстар мүгедектерді сауықтыру жеке оңалту бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады. Бүгінде барлығы 504 жеке оңалту бағдарламасы даярланып, оның 338-і немесе 67 пайызы орындалды. Нақтырақ айтсақ, биыл 555 мүгедектігі бар адам міндетті гигиеналық құралдармен, яғни 54-і таяқпен, 18-і балдақпен, 2-еуі жетек арбамен, 39-ы кресло арбамен, 111-і санаторлы-курорттық жолдамамен, 77-сі тифлотехникалық құралдармен, 17-сі сурдотехникалық құралдармен, 96-сы протездік ортопедиялық құралдармен қамтамасыз етілді.
– Мүгедектігі бар азаматтардың ауданда емін-еркін қозғалысына қандай жағдай жасалған?
– Әрине бөлім тарапынан мемлекет ұсынған барлық көмекті ұсынып жатырмыз. Мәселен, азаматтардың еркін жүріп-тұруына «Инва такси» қызметіне биыл облыстық бюджеттен 6956 мың теңге қаржы қаралған. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде мүгедектігі бар тұлғаларды оңалту шараларын жүзеге асыру бойынша «Инватакси» қызметін ұйымдастыру «Тұран-Шах Қызылорда» мүгедектер қоғамдық бірлестігімен келісім-шарт негізінде 2 автокөлік қызмет көрсетеді. Осы қызмет түрін пайдаланатын мүгедектігі бар 77 адамға 2878 мың теңге қаржы төленген.
– Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мемлекет тараыпынан басқа қандай көмектер берілуде?
– Есту кемістігі бар 6 мүгедектігі бар азаматқа 1 ымдау тілі маманы, жүріп-тұруы қиын І топтағы мүгедектігі бар 96 адамға жеке көмекші қызмет көрсетуде. Облыстық мүгедектерді оңалту орталығына баруға өтініш білдіргендерден биыл 53 адам жіберілді. Оның ішінде 18-і – зейнеткер. Қызылорда қаласындағы №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына 3 мүгедектігі бар жалағаштық орналастырылды. Аудан бойынша тірек қозғалыс аппараты бұзылған және психоневрологиялық патологиясы бар мүмкіндігі шектеулі 12 балаға күндізгі стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу бойынша 54 баланың ата-анасынан құжаттар қабылданып, 2596,4 мың теңге төленді.
Аудан бойынша 80 мүгедектігі бар азаматқа, оның ішінде 18 жасқа дейінгі 55 балаға үйден әлеуметтік қызмет көрсетілуде. Жыл басынан бері 4 тұрғынға «Кәмелетке толмағандарға және әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі кәмелетке толған адамдарға қатысты» қорғаншылық немесе қамқоршылық тағайындау жөнінде өтініш түсіп, 2 адамға қорғаншылық немесе қамқоршылық тағайындалды.
– Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру жайы қалай?
– Аудан әкімдігінің «2023 жылға мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарына квоталар белгілеу туралы» 2022 жылдың 15 қарашасында №216 қаулысымен 4 мекемеге 6 жұмыс орындарының саны бекітіліп, биыл 4 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналасты.
– Аудан бойынша жаза өтеу орындарынан босатылған және аудандық пробация қызметінде есепте тұрған азаматтармен жұмыс қалай жүруде?
– Аудан бойынша жаза өтеу орындарынан босатылған және аудандық пробация қызметінде 48 азамат есепте тұр, оның ішінде 43 пробация қызметінде және 5 полиция бөлімінде есепке алынған. Биыл бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар үшін 1 жұмыс орны және аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға 5 жұмыс орнына квота белгіленіп, 6 квота толығымен орындалды.
– Халықты жұмыспен қамтудың өңірлік картасын іске асыру бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталсаңыз…
– Биыл жоспарланған халықты жұмыспен қамту динамикасы бойынша 2927 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Нәтижесінде биыл 2161 жұмыс орны ашылды. Жоспар 73,8 пайызы орындалды. Ұлттық жобалар аясында 46 адам жұмыспен қамтылып, оның 28 жұмыскеріне міндетті зейнетақы жарналары төленді.
– Әрине жаңа жұмыс орындарын ашудың бірден-бір тиімді жолы, ол – кәсіпкерлік субъектілерін көбейту. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Биыл жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантқа 198,7 млн теңге қаралды, яғни кәсіп ашуға ниетті 144 адамды қолдау жоспарланды. Жыл басынан бері 2 рет комиссия отырысы өтіп, 72 адам комиссияның оң шешімін алды. Жаңа бизнес идеяларға іске асыруға арналған грант жеңімпаздарына 99,4 млн теңге қаржы төленді.
– Жастарды жұмыспен қамтуда бөлім тарапынан қандай іс-шаралар атқарылуда?
– Биыл жастар тәжірибесіне қаралған қаржы – 411,1 млн теңге, жоспар бойынша 250 жас аудан азаматын қамтуымыз керек. 2023 жылғы 1 қазанға 353 адам жастар тәжірибесінің қатысушысы болып тіркелген. Былтырдан жалғастырушы 169 адам бар, оның ішінде 89 жас тәжірибені аяқтап, 16 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Ал биыл 210 жас түлек жастар тәжірибесіне жолданды. Сондай-ақ 15 азамат алғашқы жұмыс орнына жолданды.
– Жұмыспен қамту аясында ауданда атқарылып жатқан басқа қандай жаңалықтар бар?
– Мәселен, биыл аудан бойынша ақылы қоғамдық жұмыс орындарына 937 адам жолданды. Бүгінде қоғамдық жұмысты 209 адам аяқтап, 73 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Жалпы мемлекеттік қолдау шараларынсыз жоспар бойынша 999 адам жұмыспен қамтылу қажет болса, 2023 жылы қазанға дейін 446 адам жұмысқа тұрды. Ұрпақтар келісім шарты аясында 6 азамат, күміс жас жобасына 23 аудан тұрғыны жолданды. Сонымен қатар жұмыс берушілердің өтінімі негізінде қысқамерзімді курстарға оқытуға 10 аудан азаматы жіберілді. Оқу биыл қазан айында басталды.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Жандос Жазкен
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!