Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

30°C

, Сәрсенбі, 09 шiлде, 18:53

Бүгін – Су шаруашылығы қызметкерлері күні

09.07.2025

11

0

9 шілде – Қазақстанда су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылған сәттен бастап су саласы мамандарының мәртебесін арттыруға ерекше назар аударып келеді.

Мәселен «Табиғи монополиялар туралы» заңға түзетулер әзірленіп, қабылданды. Бұл биылғы 1 қыркүйектен бастап су саласындағы 25 мыңнан астам қызметкердің еңбекақысын электр және жылу энергетикасы саласының мамандары деңгейіне дейін көтеруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жақын арада «Қазсушар» РМК-ның маусымдық 435 қызметкері тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі.

Су саласы мамандарының біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Былтыр «Қазсушар» РМК-ның 500-ден астам қызметкері мамандандырылған орталықтарда оқудан өтті. Министрлік биыл бұл көрсеткішті екі есеге арттыруды көздеп отыр.

Су министрлігінің мәліметінше, қытайлық әріптестермен жасалған келісімдерге сәйкес, қазақстандық су мамандары көршілес елде біліктілік арттыру курстарынан өтіп жатыр. Қазіргі уақытта 60 адам оқудан өтті. Жыл соңына дейін Қытайда тағы 60 маман оқудан өтеді. Барлық шығынды Қытай тарапы өз мойнына алды.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға толықтырулар енгізілді. Енді су шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан мамандарға мемлекеттік награда – «Қазақстанның су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы беріледі.

– Әріптестерімді Су шаруашылығы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында сіңіріп жатқан табанды әрі жанқияр еңбектеріңіз ерекше құрмет пен шексіз алғысқа лайық. Су шаруашылығы саласының болашағы жұмысшылардың қажырлы еңбегімен құрылып келеді. Елді мекендер, егістік алқаптары мен өнеркәсіп нысандары тіршілік нәрімен қамтамасыз етіліп отыр. Осы мерекеде сіздерге және жақындарыңызға денсаулық, табыс, молшылық, жарқын болашақ және ашық аспан тілеймін! – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: