Өткен аптада ауданда медицина саласының үздік дәрігері, құрметті донор, «Шапағат» мерекелік медалінің иесі Ақназар Бектасовты еске алуға арналған жасөспірімдер арасында бокстан облыстық ашық турнир басталған.
Турнирдің алғашқы күнінде аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов доданы ашып, медицина саласының үздігі Ақназар Бектасұлының қызмет жолына тоқталып, турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен бірге Ақназар Бектасұлының бауырлары Байділдә Сәрсенов, Төлек Бектасов, бас төреші Қызылорда облысының жасөспірімдер арасында бокстан аға жаттықтырушы Сәбит Сейілов турнирдің маңыздылығына тоқталды.
Ақназар Бектасов ақхалатты үлкен армияның бел ортасында жүріп еңбек еткен. Ол алғаш аудандық орталық ауруханада балалар дәрігері болып жұмыс жасады. Тынымсыз еңбек, үздіксіз іздену мен үйренудің арқасында 1970-1980 жылдары ол хирург-дәрігер дәрежесіне көтерілді.
Адам ағзасының ішкі құрылысына ота жасау аса біліктілікті қажет ететіні айтпаса да түсінікті. Осы орайда Ақназар Бектасовты алғаш наркозбен ота жасауды ауданда сәтті іске асырған хирург деуге болады. Ол кезде отаға қанды облыс орталығынан таситын. Осыны ескерген ол аудан орталығынан қан дайындайтын арнайы бөлім ашуды қолға алады. Мұның алғашқы мүшелері болып Валентина Чернова және Сахан Берліжанова сынды ауданның тұрғындары тіркелді. Бұлардың қатарына дәрігер Ақназар Бектасовтың өзі де қосылды. Хирургтік міндетін атқара жүріп, ауыр науқастар кездескенде донор болып қан беруді әдетке айналдырды. Осы салада еңбек еткен жылдары қан беру арқылы 75 науқастың өмірін сақтап қалды. Сол еңбегі үшін 1989 жылы «ҚСРО-ның Құрметті доноры» атағын иеленді.
Міне, осындай тұлға атындағы турнирге Сыр бойының түкпір-түкпірінен рухқа толы балғын спортшылардың жиналуы заңдылық. Жалпы тартысты турнир үш күнге жалғасып, 182 спортшы өзара мықтыны анықтады.
Иә, жас былғары қолғап шеберлерінің жарысқа асқан тиянақты дайындықпен келгені шаршы алаңдағы шапшаң қимылынан байқалып тұр. Әрбір кездесу мықты бәселекестікпен өтіп, көрерменнің шабытын арттырып, көңілін көтерді. Жасөспірімдердің жекпе-жекте қолданған әдіс-тәсілдері құтты бір Бекзат Саттарханов, Бақтияр Артаев және Серік Сәпиев ағаларынан көшіріп алғандай ширақ көрінді. Турнирді тамашалаған жалағаштық жанкүйерлер ел боксының болашағы жарқын екеніне тағы бір мәрте көз жеткізгендей болды.
– Бұл турнир 16 салмақ дәрежесінде және халықаралық бокс федерациясының талаптарына сай өтті. Мұндай жарыстардың жиі ұйымдастырылуы әр баланың қарым-қабілетін көрсетіп, толықтай ашылуына жағдай жасайды, – дейді №13 аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің бокстан жаттықтырушысы Әмірбек Әкімбек.
Турнир қорытындысында кіші жасөспірімдер арасында ең үздік боксшы жерлесіміз, 26 келі салмақтың алтын медаль иегері Зият Сырмағанбет атанды. Ал 2010-2011 жылғы жасөспірімдердің үздік боксшысы номинациясын 55 келі салмақ жеңімпазы, жерлесіміз Нұраділ Нұрсұлтан болды. Иә, 3 күнге жалғасқан дүбірлі дода әр өңірден келген боксшылар әлеуетінің барын, бәсеке жыл өткен сайын қыза түсетінін дәлелдеп берді.
Жандос Махмұтұлы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!