Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Сейсенбі, 15 қазан, 17:50

Былғары қолғап шеберлері жарады

14.05.2024

1115

0

Өткен аптада ауданда медицина саласының үздік дәрігері, құрметті донор, «Шапағат» мерекелік медалінің иесі Ақназар Бектасовты еске алуға арналған жасөспірімдер арасында бокстан облыстық ашық турнир басталған.

Турнирдің алғашқы күнінде аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов доданы ашып, медицина саласының үздігі Ақназар Бектасұлының қызмет жолына тоқталып, турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен бірге Ақназар Бектасұлының бауырлары Байділдә Сәрсенов, Төлек Бектасов, бас төреші Қызылорда облысының жасөспірімдер арасында бокстан аға жаттықтырушы Сәбит Сейілов турнирдің маңыздылығына тоқталды.
Ақназар Бектасов ақхалатты үлкен армияның бел ортасында жүріп еңбек еткен. Ол алғаш аудандық ор­талық ауруханада балалар дәрігері болып жұмыс жа­сады. Тынымсыз еңбек, үздіксіз іздену мен үйренудің ар­­­қа­сында 1970-1980 жылдары ол хирург-дә­рігер дә­режесіне көтерілді.
Адам ағзасының ішкі құры­лы­сына ота жасау аса біліктілікті қажет ететіні айтпаса да түсінікті. Осы орайда Ақназар Бектасовты алғаш наркозбен ота жасауды ау­данда сәтті іске асыр­ған хирург деуге болады. Ол кезде отаға қанды облыс орталығынан таситын. Осыны ескерген ол аудан орта­лығынан қан дайындайтын арнайы бөлім ашуды қолға алады. Мұның алғашқы мүшелері болып Валентина Чернова және Сахан Берліжанова сынды ауданның тұр­ғын­дары тіркелді. Бұлардың қатарына дәрігер Ақназар Бектасовтың өзі де қосылды. Хирургтік міндетін атқара жүріп, ауыр науқастар кездескенде донор болып қан беруді әдетке айналдырды. Осы салада еңбек еткен жылдары қан беру арқылы 75 нау­қастың өмірін сақтап қалды. Сол еңбегі үшін 1989 жылы «ҚСРО-ның Құрметті доноры» атағын иеленді.
Міне, осындай тұлға атындағы турнирге Сыр бойының түкпір-түкпірінен рухқа толы балғын спортшылардың жиналуы заңдылық. Жалпы тартысты турнир үш күнге жалғасып, 182 спортшы өзара мықтыны анықтады.
Иә, жас былғары қолғап шеберлерінің жарысқа асқан тиянақты дайындықпен келгені шаршы алаңдағы шапшаң қимылынан байқалып тұр. Әрбір кездесу мықты бәселекестікпен өтіп, көрерменнің шабытын арттырып, көңілін көтерді. Жасөспірімдердің жекпе-жекте қолданған әдіс-тәсілдері құтты бір Бекзат Саттарханов, Бақтияр Артаев және Серік Сәпиев ағаларынан көшіріп алғандай ширақ көрінді. Турнирді тамашалаған жалағаштық жан­күйерлер ел боксының болашағы жарқын екеніне тағы бір мәрте көз жеткізгендей болды.
– Бұл турнир 16 салмақ дәрежесінде және халықаралық бокс федерациясының талаптарына сай өтті. Мұндай жа­­рыстардың жиі ұйымдастырылуы әр баланың қарым-қабілетін көрсетіп, толықтай ашылуына жағдай жасайды, – дейді №13 аудандық олимпиадалық ре­зерв­тің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мекте­бінің бокстан жаттықтырушысы Әмірбек Әкімбек.
Турнир қорытындысында кіші жасөспірімдер арасында ең үздік боксшы жерлесіміз, 26 келі салмақтың алтын медаль иегері Зият Сырмағанбет атанды. Ал 2010-2011 жылғы жасөспірімдердің үздік боксшысы номи­на­циясын 55 келі салмақ жеңімпазы, жерлесіміз Нұраділ Нұрсұлтан болды. Иә, 3 күнге жалғасқан дүбірлі дода әр өңірден келген боксшылар әлеуетінің барын, бәсеке жыл өткен сайын қыза түсетінін дәлелдеп берді.

Жандос Махмұтұлы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: