Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-8°C

, Сейсенбі, 10 желтоқсан, 00:23

Цифрлық қадағалау: Сапа бақылауда бола ма?

06.01.2024

296

0

Апта басында Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен отырыста ауыл шаруашылығы жануарларын қадағалау жүйесін жетілдіру процесі талқыланды. «Етті ветеринариялық-санитариялық сараптау» жаңа модулінің арқасында ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ақпарат жүйесінде мал сою орындарында сараптама актісі мен анықтама беру және жануардың өмірлік циклі туралы ақпарат жиналған QR-код жасау процесі цифрландырылды.

Бұл QR ет сатылатын орындарға орналастырылады, ол жануарларды ве­­­те­ринариялық тексерусіз мал союдың ал­дын алуға мүмкіндік береді. Жаңа мо­дуль Алматы, Павлодар және Жетісу облыстарында пилоттық режимде сы­налып жатыр.
Бұл тәсіл шекаралық өткізу бекет­терінде де енгізілген. Келіп түскен жүктер туралы мәліметтер ақпарат жүйесіне енгізіледі, тексеру және сынама алу актілерінің электрондық нұсқасын қа­лып­тастырады, олар мемлекеттік ве­те­ринариялық инспекторға және вете­ринариялық зертхана қызметкеріне жібе­ріледі. Бүгінде жүйе Павлодар облы­сының шекара маңындағы бекет­терде тестілеуден сәтті өткен.
– Ел аумағында мал соятын 904 нысан бар, оның ішінде 109-ы ет өңдеу кәсіпорны, 281 мал сою пункті және 514 мал сою алаңы бар. Ветеринариялық талаптарға сәйкес келмегендіктен, 106 мал сою нысаны жабылды, 2023 жылы қаңтар-қазан айлары аралығында 661 мал сою алаңының есеп нөмірлері кері алынды, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.
Сонымен қатар вице-министр бар­лық ірі ауылдық округте вете­рина­рия­лық-санитариялық сараптама зерт­ханасы бар мал сою пунктілерін ашу қажеттігін атап өтті. Кеңесте Аман­ғали Бердалин Қазақстан аума­ғында жануарлар мен құстарды жос­пар бо­йынша диагностикалау және вак­ци­на­циялау туралы сөз етті. Диагнос­тика­лық және профилактикалық іс-шаралар туралы барлық мәлімет АШЖБ ба­за­сына енгізілген. Нәтижесінде соңғы жылы елімізде қауіпті аурулар ошақ­тары 38 пайызға төмендеген.
Шегірткеге қарсы күреске дайындық туралы ауыл шаруашылығы вице-ми­нистрі Азат Сұлтанов баяндады. Соңғы жылдары Ақтөбе және Қостанай об­лыс­тарында зиянкестердің таралу алаң­­­­ы өскен. 2023-2024 жылдары ше­­­гіртке таралуының 11 жылдағы ре­кордтық көрсеткіші орын алып отыр. Егістік жерлерді шегірткеден уақытылы сақтау үшін алдын ала мемлекеттік са­тып алу жоспары жасалып, кон­курс­тар жарияланған. Оңтүстік өңір­лер­де қа­жетті жұмыстарды сәуір айында, сол­түс­тікте мамырда бастау жос­пар­ланып отыр.
Серік Жұманғарин Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірге мал союдағы жаңашылдықтар, олар­дың артықшылықтары бойынша тұрғындар арасында кең ауқымды ақ­параттық жұмыс жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ егістік жерлерді шегірткеден уақытылы өңдеу үшін барлық қажетті процедураны жедел жүргізу қажет.
Айта кетейік, облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, биыл Қызылорда об­лысындағы аса қауіпті деп танылатын 14 жұқпалы аурудың алдын алуға рес­публикалық бюджеттен 6973,5 мың доза ветеринариялық препарат жет­кізіліп, елді мекендерге таратылған. Өткен жылмен салыстыр­ғанда препа­рат­тар 1 млн-ға артып отыр.
Жергілікті жерлерде аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы алдын ала егу және диагностикалық тексеру жұ­мыстары тұрақты өткізілуде. Нәти­же­сінде облысқа берілген вакцина қол­данылатын аусыл бойынша таза аймақ мәртебесін Дүниежүзілік жануарлар ден­саулығы ұйымы наурыз айында қайта растаған.
Сондай-ақ энзоотиялық аурулардың алдын алу шаралары да тұрақты жүр­­гізіліп келеді. Атап айтқанда, об­лыс­­тық бюджеттен бөлінген қаржыға 6 энзоотиялық ауруға қажетті 707,4 мың доза ветеринариялық препа­рат­­ алынған. Қазіргі таңда 8 вете­ри­на­риялық станция, 139 пунктте бар­лығы 746 маман жұмыс жасайды. Білікті ветеринар мамандардың сапалы жұ­мы­­­сының арқасында аймақта төрт тү­лік арасындағы аса қауіпті жұқпалы аурулар азайған.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: