Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Бейсенбі, 05 желтоқсан, 17:30

Дания өз алаңында дес бермеді

15.10.2023

260

0

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Еуро-2024 іріктеу кезеңі аясындағы жетінші тур ойнын Дания құрамасымен өткізіп, 3:1 есебімен жеңіліп қалды. Копенгагендегі жергілікті «Паркен» ста­дио­нындағы матчта жерлестеріміз елордадағы камбэкті қайталай алмады.

Осы жылдың наурыз айында өз елімізде өткен ойында жерлестеріміз бүкіл әлемді таңғалдырып, азулы «Дат динамитін» 3:2 есебімен тізе бүктіріп, тамаша камбэк жасаған еді. Бұл ойында отандық футбол жанкүйерлері мен сарапшылар жерлестерімізден жеңіс күтпесе де, бір ғажайыптың боларына үміт артып, кем дегенде сырт алаңда тең нәтижеге қол жеткізетініне сенім білдірген еді. Өкінішке қарай, бәрі біз ойлағандай болмады. Өз жанкүйерлерінің алдында ойнаған даниялық футболшылар бұл жолы осалдық танытқан жоқ. Әрине, бұл жеңіліске Қазақстан құрамасының бапкерлер құрамын да, футболшыларын да еш айыптай алмаймыз. Олар жеңіс үшін барын салды, бірақ қарсыластың Дания екенін ұмытпауға тиіспіз. Әлем футболында енді-енді еңсе тіктеп келе жатқан Қазақстан құрамасынан даниялықтар екінші рет, оның үстіне өз алаңында жеңілетін болса, бұл күн Дат футболының тарих жылнамасына қара таңба бо­лып басылып, жанкүйерлері бұл же­ңілісті өмір бақи ұмытпайтын еді. Намысқа тырысқан Каспер Юльманн шәкірттері бар-жоғы екі доп айырмасымен ғана жеңіске жетті.

Копенгагендегі матчқа дейін фут­бол мамандарының көбі Дания Қа­зақстан құрамасын бұл жолы қал­пақпен ұрып алады, Астанадағы жеңілістің кездейсоқ екенін дәлелдеуі үшін бұл бәсекеде ірі есеппен жеңеді, тіпті қазақ футболшыларына өз алаңындағы жеңісі үшін пұшайман жегізеді дегендей батыл пікір біл­дір­ген еді. Бірақ біздің футболшылар сол футбол сарапшыларының бол­жам-жоспарының күл-талқанын шы­ғарды. Жерлестеріміз екінші тайм­да есеп айырмасын қысқартып, Шмейхель қорғаған қақпаға жиі шабуыл жасап кеткенде даниялық жанкүйерлер­дің демін ішке тартып, «апырай-ай, қазақтар бірінші голын соқты, енді тағы да камбэк жасап кетпей ме екен?» деген оймен матчты соңына қарай мазасыз күйде тамашалағаны жүздерінен анық байқалып тұрды.

Матчтан бір сағат бұрын алаңға шығатын футболшылардың тізімі жарияланғанда Адиев бар назарын Данияға емес, бұл матчтан бірер күн­нен кейін өтетін финдерге қар­сы ойынға аударғанын дереу түсіне қойдық. Өйткені құрама капитаны Асхат Тағыберген, қапталдағы қор­­ғаушы Ян Вороговский, Аслан Дарабаев секілді негізгі құрамның ойын­­шыларына демалыс беріп, Дос­ма­ғанбетов, Қайыров секілді қосал­қы құрам ойыншыларын бірінші минуттан бастап ойынға араластыр­ды. Сондай-ақ Могамед Адиев бұл ойын­да ұлт­тық құрама тізгінін ұстағалы бері бірінші рет үш шабуылшымен ойнады. Тактикалық тұрғыда жиі қате­лесе бермейтін бас бапкердің бұл жол­ғы жүрісі де өз жемісін берген сияқ­ты. Қарсыластардың алғаш­қы минут­тардан бастап шабуылға ден қо­йып, қорғанысқа баса мән бермейті­нін болжап, қарсы шабуыл­да да бір нәти­же шығаруды ойлас­тырған еді.

Кездесудің алғашқы жарты саға­тын жерлестеріміз жоспардағыдай өткізді деп айтуға болады. Бірінші гол соғылғанға дейін қорғаныстағы да, шабуылдағы да жігіттер өз міндетін абыроймен атқарып жатты. Тек ойын­ның 36-минутында алаң иелері стандарт жағдайдан гол соғып кеткеннен кейін жерлестеріміз ойынды уысынан шығарып алғандай болды. Кристиан Эриксеннің асырған пасына Йоахим Андерсен бірінші жетіп, алаңнан шығып бара жатқан допты әріптесі Йонас Виннге дәл жет­кізді. «Вольфсбург» клубының жас шабуылшысы тепкен доп екі қор­ғаушымыздың ортасынан өтіп, қақпа торынан табылды. Ал бірінші таймға қосылған қосымша минутта Роберт Сков алаң иелерінің басымдығын арттырып, командасын үзіліске 2:0 есебімен шығарды.

Екінші таймда Могамед Адиев алаңға Абат Айымбетовтің орнына Асхат Тағыбергенді, қорғаушы Тимур Досмағамбетовтің орнына Ян Воро­говскийді шығарды. Бұл, бір жағынан, финдерге қарсы ойын алдында Айым­бетовке демалыс беру және Тағы­берген мен Вороговский бабында болу үшін берілген мүмкіндік еді. Сондай алаңның орталығында доп ұстап, қаптал арқылы шабуылға жаңа леп беру болды. Кездесудің екінші бөлігі бас бапкердің жоспары бо­йынша өтті. Дегенмен екінші тайм басталған бетте Роберт Сков екінші мәрте көзге түсіп, есепті ұлғайта түс­ті. Арада он минут өткенде Ян Воро­говский оң қапталдан Бағдат Қайы­ровтың асырған добынан кейін есеп айырмасын қысқарта алды. Бірақ әрі қарай біздің жігіттерде гол соғатын мүмкіндік болғанымен, матч соңына дейін ойын есебі өзгеріссіз қалды. Осылайша, Қазақстан құрамасы сырт алаңда Дания құрамасына 3:1 есебімен жол берді.

Сондай-ақ біздің топтағы өзге ойын­дарға тоқталар болсақ, Слове­ния өз алаңында келесі қарсыласы­мыз – Финляндияны 3:0 есебімен тізе бүктірсе, Солтүстік Ирландия Сан-Ма­ри­ноны да дәл сондай есеппен жеңді. Жетінші турдан соң Н тобында Словения мен Дания құрамалары кезекті жеңісінен кейін 16 ұпай­мен көш бастап, Қазақстан мен Фин­лян­диядан (12 ұпай) төрт ұпайға алға ұзап кетті. Солтүстік Ирландия алты ұпаймен бесінші сатыға жайғасса, алтыншы орындағы Сан-Маринода соқыр ұпай да жоқ.

17 қазанға жоспарланған сегізін­ші турда жерлестеріміз сырт алаңда Финляндиямен кездессе, Дания Сан-Мариноға, Солтүстік Ирландия Сло­венияға қонаққа барады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: