Көктем басталса, аққұмдықтар егіннің қамына кіріседі, содан күздің соңына дейін дамыл таппайтын дала дарабоздары жер жыртудан дән жинауға дейінгі егіс басындағы қызу еңбектің бәрінде табандылық танытады. Әсіресе ауылдағы «Аққұм-Жер» шаруа қожалығының ұжымы соңғы жылдары саланы табысты қорытындылап келеді. Әлбетте бұған ұжымның ымырамен іс қылуы басты себеп болғаны айтпаса да түсінікті.
Биыл да шаруашылық үшін табысты жыл болды десек те жарасатындай, елмен бірге маусымында аяқсу тапшылығын олар да сезінді, бірақ кезекпен су алу арқылы бұл мәселені де айналып өткендей. Тілшілік тіршілікпен еңбек адамдарының егіс басындағы қызу жұмысын ақпараттандыру мақсатында Аққұмға бұған дейін талай ат ізін салғанымыз бар. Әсіресе күздің басында анасынан сөз естіген баладай басы салбыраған бітік шыққан өнімге қарап, жақсылыққа жорығанбыз. Баққанымыз бақа болмады, расында күзгі науқанда шаруашылық ұжымы қамбаны астыққа толтырып, өз табысын ғана еселеп қоймай, ауданның ауыл шаруашылығы саласына серпін берді.
Жалпы Рүстем Сәрсенбаев басшылық ететін шаруашылық табыс пен халықтың талап-тілегін тең ұстайды. Бір сөзбен айтқанда, төраға Рүстем Сәрсенбаев алдына келген ауылдағы ағайынның бірде-бір мәселесін ескерусіз қалдырған емес. Керісінше Аққұмда басқа да түрлі жобаларды қолға алып, ауылдағы ағайынның екі қолға бір күрек табуына қолғабыс еткісі келеді. Әлбетте бұған қатысты ойда жүрген жарқын жобалары жоқ емес, ол жағын алдағы уақыттың еншісіне қалдырдық.
Биыл шаруашылық ұжымы 874 гектар алқапқа Сыр салысын екті, одан бөлек 200 гектар жоңышқа мен бидайы тағы бар. Ақегістің уақытында бидайдан межелі өнім жиса, маусымында жоңышқасын да жинап алды. Ал диқандардың жаздай күріштің күтіміне бар күшін салғаны анық байқалады. Күзгі науқанда Сыр салысының әр гектарынан 68 центнер орташа өнім алды. Толайым табыстың түбінде адал еңбек жатқанын біз де жақсы білеміз. Ал сол еңбекті лайықты бағалау төрағаның да негізгі міндеті болса керек.
Рүстем Сәрсенбаев – бұл жағынан өресі биік азамат. Осыған дейін егіс басында берген сұхбатында «адал еңбек қалайда лайықты бағалануы керек, онсыз жұмыс жүрмейді, күзгі науқанды бірыңғайласақ, сабантойда жалақыдан бөлек жұмысшылар қаржылай сыйлыққа ие болады» деген уәдесі бар. Төраға бұл сөзіне берік екен, оған жақында шаруашылықтың қорытынды шарасында көзіміз жетті.
«Аққұм-Жердің» сабантойы облыс орталығындағы маңдайалды мейрамхананың бірінде болды. Бұл жолы егіс басындағыдай қолға ілінгенімен емес, еңбек адамдары түгел жаңа көйлек-шалбармен жүр. Маңдайдағы қыртыс та жазылған, шаруашылықтың саланы табыспен қорытындылауында барлығының қолтаңбасы бары анық байқалады. Бәрі де қаржылай һәм бағалы сыйлықтан үмітті. Қуанғанымыз, ешқайсысының сағы сынбады, бәрі де еңбегіне сай құрметке бөленіп, алды қомақты қаражат алды.
Сабантой ауыл ақсақалдарының батасымен басталды, қазыналы қария Қосым Жүсіпбеков шаруашылықтың биыл табысты еңбек еткенін, оның жемісін тұтас ауыл жұрты көріп отырғанын жасырмады. Сондай-ақ ол еңбек ұжымының алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
– Аққұмдықтар үшін биыл берекелі жыл болды, ауылдағы маңдайалды шаруашылықтың бірі «Аққұм-Жер» қамбасы астыққа толды. Мұнда үлкен еңбектің үлесі барын жақсы білеміз. Ауыл әкімі арқылы елді мекендегі шешімін таппаған мәселелер бойынша төрағаның бұған дейін талай алдына бардық. Шүкір ғой, қазіргі жастардың көзі ашық, істің жүйесін біледі. Рүстем баламыз біз көтерген қай мәселені де аяқсыз қалдырмай, оның шешіміне жұмыс жасады. Жаздың ортасында жайылымға барар жол бойында орналасқан каналдың көпірі сыр берді. Енді қанша жылдан бері жөндеу көрмеген ғой, осылайша ауылдың өрісі тарылды. Бұл мәселені де шаруашылық төрағасының назарына салдық, егіс басындағы қызу жұмыстың жүріп жатқан кезі, соның бәрінде уақыт тауып, көпірді күрделі жөндеуден өткізді. Тізе берсек, бұл шаруашылықтың ауылға пайдасы мол, қаншама адамды жұмыспен қамтып отыр. Келер жылы да алға қойған өз мақсаттары бар, соның барлығына табыс тілейміз, қамбаларыңыз астыққа тола берсін, – деді қазыналы қария.
Бірді айтып, екіге кетті демеңіздер, ақсақалдың сөзіне арқау болған көпірдің мәселесін біз де уақытында басына барып көрдік. Сол тұста Рүстем Сәрсенбаев «халық айтса, жерде қалмайды, мейлінше шешімін табуға жұмыс жасаймыз» деп тағы уәде еткен. Төраға сөзінде тұрды, көп ұзамай сол көпірді күрделі жөндеуге 10 млн теңгеден астам қаржы құйды. Қазір бұл мәселе де толық шешімін тауып, ауылдағы ағайын алғысын жаудырды.
Мұнан кейін қонақтар Сыр өнерпаздарының мерекелік концертін тамашалады. Ал кезек марапаттау рәсіміне келгенде ауыл еңбеккерлерінің жүздері жадырап сала берді. Дала дарабоздарының алды 1 млн 500 мың теңге, басқа да қаншама диқан мен механизатор 1 млн теңгеден қаржылай сыйлыққа ие болды. Мұнан бөлек бірнеше еңбек адамы 700, 600, 500, 400 мың теңгеден қаржылай сыйлық алды. Сондай-ақ аспаздар мен басқа да еңбеккерлер бағалы тұрмыстық заттарға ие болды. Ауыл еңбеккерлеріне жалпы құны 30 млн теңге үлестірілді.
Бұл шара нағыз сабантойға лайық өтті. Дән себемін дегенше механизаторлардың егіс басында қалай еңбектенгені, жаздай диқандардың күріштің күтімін қалай жасағаны, одан кейінгі комбайнерлердің қызу жұмысы, бәрі-бәрі бейнекөрсетілім арқылы көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ ұлттық спорт түрлерінен жарыс та ұйымдастырылды. Жеңімпаздар әдеттегідей қаржылай және бағалы сыйлықтарға ие болды.
Шаруашылық төрағасы Рүстем Сәрсенбаев келер жылы да межелі өнімге қол жеткізу үшін дайындықты бастап кеткенін айтады. Мәселен, алдағы жылы шаруашылық 1120 гектар алқапқа күріш егуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ 500 гектар алқапқа бидай және жоңышқа егу көзделуде. Бұдан «Аққұм-Жердің» келер жылы егісті әртараптандыруға басымдық беретінін анық байқадық.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!