Не себепті жұқпалы ауруларға қарсы екпе жасату керек? Қазір қоғамда дерттің алдын алу шараларында осындай сауал туып жатады. Негізінен вакцинациялау халық денсаулығын сақтауға, ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Балалар үшін жұқпалы аурулардан қорғанудың ең тиімді және кейде жалғыз тәсілі вакцинация болып табылады. Ол балалар мен жасөспірімдерді көптеген аурулардан, ауыр асқынулардан және тіпті өлімнен құтқарады. Жыл сайын әлемде 10 жасқа дейінгі балаларды иммундау үшін 2,5 млрд-дан астам вакцина дозасы пайдаланылады. Иммундау балаларды полиомиелит, қызылша, дифтерия және сіреспе сияқты көптеген қауіпті аурудан қорғауда маңызды. БАҚ өкілдерімен өткен брифингте аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлжазира Жалғасова осылай деді.
Спикердің сөзінше, ҚР Ұлттық күнтізбесіне сәйкес, тұрғындарға 20 жұқпалы ауруға қарсы ақысыз, жоспарлы иммундау жүргізіледі. Профилактикалық күнтізбедегі инфекцияға қарсы вакцинация тегін. Себебі әр адам тегін екпе алуға құқылы. Ал егудің көбін нәресте бірінші жылында алады. Бұл баланың шектеулі байланыстан қажетті иммунитеті балабақшаға барған кезде көп көлемді инфекциядан қорғану үшін осы кезде қалыптасады. Себебі ауру балалық шағында ауыр түрде өтеді екен.
– Халықты вакцинациялау аумақтық медициналық ұйымдардың егу пункттерінде жүргізіледі. Арнайы контингентке вакцинация тиісті бөлімнің кезекші пунктінде болады. Кейбір жағдайларда, яғни халық санының аз болуы, стационарлық егу бөлмесінің болмауы, төмен температуралық режимі бар тоңазытқыш жабдық болмаған жағдайда вакцинация жасау үшін жылжымалы вакцинация пункттері немесе жылжымалы вакцинацияу бригадасымен ұйымдастырылады. Бұл ретте 1 вакцинация бригадасының құрамына 1 дәрігер, 1 егу медбикесі және қажет болған жағдайда 1 тіркеуші кіреді. Ауылдық жерде құрамында дәрігер болмаған жағдайда 1 фельдшер, 1 егу медбикесі және қажет болған жағдайда 1 тіркеуші бар вакцинация бригадасын құру рұқсат етіледі.
Гүлжазира Саттарқызы «Вакцина қауіпсіз бе?» деген сауалымызды да жауапсыз қалдырмады. Ол Қазақстанда тұрғындарды иммунизациялау үшін ҚР-да мемлекеттік тіркеудің ем шарасынан өткен вакциналар қолданылатынын айтады. Мемлекеттік тіркеу ем шарасы күрделі көп кезеңді үрдіс және нағыз замануи жабдықталған. Тіркелетін вакцина үшін өндіруші елде мемлекеттік тіркеудің болуы, сондай-ақ өндіруші елде, басқа да елдерде клиникалық қолдануы бойынша деректерінің болуы талап етіледі. Ал балаларды екпемен қамтамасыз ету мақсатында вакцинаның өндірілуі ДҰҰ сертификатталған, сапасына кепіл берілген вакциналар Қазақстанда сатып алынады.
Бұған дейінгі брифингтердің бірінде сала мамандары жаңа туған сәбиге де екпе салу жұмыстары жүретінін айтқан. Алайда ол кейбір ата-аналардың қарсылығынан екпе салынбаған сәбилер де болғанын қаперге салған. Осы ретте Г.Жалғасоваға «Сәбидің дүниеге келген алғашқы күнінен бастап екпе салу дұрыс па?» деген сауал жолдағанбыз.
– Сәбидің қанына анасының жүктілігі кезінде құрсағынан антиденелер енеді. Сондықтан бала туылған сәттен бастап (гепатит В және туберкулез дертінен) екпе жасатқан жөн, өйткені сәби бұл инфекциялардан мүлде қорғаусыз дүниеге келеді. Басқа жағдайларда, мысалы, 6-12 ай өткеннен кейін қызылша мен қызамық ауруларына антиденелердің концентрациясы азаяды. Сондықтан балаға 12 айдан бастап қызылша мен қызамық ауруларына қарсы екпе егу керек. Вакцинация қаншалықты ерте басталса, соншалықты сәби инфекциялық ауруларға шалдықпай, оның иммунитеті қалыптасады, – дейді ол.
Айта кетейік, аудандық аурухананың перзентхана бөлімшесінде биыл қаңтар-наурыз айларында 119 нәресте дүниеге келген. Оның 117-сіне вирусты «В» гепатитіне, 116-сына туберкулезге қарсы алғашқы екпе салынған. Перзентханада алғашқы екпелерін салмау түрлі себептерге байланысты болады екен. Мәселен, шала туған нәресте салмағы 2 мың граммнан кем немесе 33 аптадан кем гестациялық жас, туа біткен аурулары бар, құрсақішілік инфекциялармен туылған нәрестелерге алғашқы екпе жасалмайды. Нәрестенің жағдайы жақсарып, дене салмағын қосқаннан кейін емханаларда алғашқы екпелер жүреді. Спикер бүгінде перзентханада жаңа туылған нәрестелерге екпе жасатудан бас тартатын аналар да жие кездесетінін айтады.
– Ауданда ай сайын жұқпалы ауруларға қарсы вакцинациялау жұмыстарының есебі алынып, вакцинациялауға жататын мақсатты топтағы балалардың егу көрсеткішіне талдау жүргізіледі. Себептеріне байланысты уақытша екпелерін алмаған балаларды алдағы айға қайта жоспарлап, егуін алуына бақылау жүргізіледі. Аудандық аурухана вакцина қорымен жеткілікті қамтамасыз ету мақсатында алдын ала жоспар жасап, вакцина дозасын алуға облыстық денсаулық сақтау басқармасына өтінім береді. Бүгінде ауданда полиомиелитке қарсы ауыз арқылы тамызатын вакцина қоры Қызылорда обылысында тапшы болуына байланысты вакцинациялау жұмысы оңтайлы деңгейден төмен орындалып отыр. Ал қалған жұқпалы ауруларға қарсы вакцинациялау шаралары толық орындалып, вакцинациялау ай сайыңғы оңтайлы деңгейде қалыптасқан, – дейді Г.Жалғасова.
Түрлі ауруларға қарсы екпе алудың маңызы айтпаса да түсінікті. Алайда соңғы жылдары сылтау тауып, екпе салдыруға немқұрайлы қарайтын ата-аналардың саны көбейген. Сала маманы қаншалықты инфекциялар ауыр өтетінін кейбір тұлғалар ұмыта бастағанын айтады.
– «Инфекциялар қайтпасқа жойылды» деген жалған ұғым пайда болды. Сәйкесті иммунизациялау шарасын іске асыру деген қажеттілікте күмән туындады. БАҚ-та және интернетте вакцинациядан кейін шыққан асқынулар жайлы жағымсыз ақпарат көбейіп кетті. Мұндай ақпараттың іс жүзінде ешқандай дәлелі жоқ, – дейді спикер.
Айта кетейік, 2005 жылдан бері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен Еуропа аумағында жыл сайын иммундау апталығы өткізіледі. Биыл 23-29 сәуір аралығында «Еуропалық иммундау» аптасын өткізу жоспарланып отыр.
Алдағы уақытта иммундау апталығында екпесіз қалған басқа мемлекеттерден келген тіркеусіз, тұрақты мекен-жайы жоқ халық топтарын, дін қауымдарын анықтап есепке алу және жұқпалы ауруларға қарсы жоспарлы иммундау жұмыстары ұйымдастырылады. Иммундау апталығы кезінде тіркелу орнына қарамастан аудан азаматтарының аумақтық емдеу-профилактикалық мекемелеріне барып, Ұлттық күнтізбеге сәйкес екпе алуына мүмкіндігі бар.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!