Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-7°C

, Сәрсенбі, 11 желтоқсан, 21:35

Ел қоржынында 10 алтын

10.10.2023

273

0

Спортсүйер қауымның делебесін қоздырған XIX Азия ойындары да тарих қойнауына енді. Жарты ай бойы сары құрлықтың 45 елінен келген 12,5 мың спортшы өзара мықтыны анықтады. Ал еліміздің атынан 30 спорт түрінен 524 қазақстандық сынға түсті.

Иә, биылғы Қазақстан құрамасының нә­тижесі ойдағыдай болмады. 2018 жылы Индонезия астанасы Жакартада өт­кен байрақты бәсекеде 15 алтын мен жалпыкомандалық есепте 9 орынды иелен­генде, бұл нәтижеге көңіліміздің толмай­тынын жеткізген болатынбыз. Бұл жолы тіпті ондыққа да кіре алмадық. Нақтырақ айтсақ, 10 алтын, 22 күміс және 48 қола медальмен ұлттық құрама жалпы есепте 11 орынға тұрақтады.
Жексенбіде Лотус гүлі деп аталатын 80 мыңдық алып стадионда Азия ойын­дарының жабылу салтанаты өтті. Әдет­тегідей Қытай тарапы ежелгі дәстүр мен жаңа технологияларды ұштастырып, өте жоғары деңгейде құрлық олимпиадасын сәтті аяқтады. Келесі ойындардың қо­жайыны Жапонияның Нагоя қаласына эстафета беріліп, азиада алауы мәреге жетті.
Жасыратыны жоқ, Қазақстан үшін бұл Азия ойындарының нәтижесі күткендей болмады. Дегенмен жарқын эмоция сый­лаған сәттер де, жеңіліске құлазыған кездер де болды. Спортсүйер қауым 15 күн бойы спортшылардың жеңіс үшін таласын тамашалап, мықты бәсекеге қарық болды. Асланбектің ширек фи­налдағы төрешілердің әділетсіздігіне қарамастан қарсыласын үш мәрте нокдаунға жіберіп, жеңісті жұлып алғаны әлі де көз алдымызда. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» демекші, боксшыларымыздың осы төреліктің тура болмағаны кесірінен жарыс жолынан шығып қалғаны жан­күйерлерді қынжылтты. Венокуров сал­ған ізбен велоспортшыларымыз қос ал­тынды қанжығасына басты. Әсі­ресе Алексей Луценко мен Евгений Фе­до­ровтың көпшілік топтан қара үзіп, қол ұстасып мәреге бірдей келгені ел рухын көтерді. Сол сәтте Алексейдің ізет­тілікпен Евгенийге жол беріп, інісіне ал­тын сыйлауы сондай жылы көрініс болды.
Сұрмергендер де ерледі. Үш бір­дей спортшымыз мәрені дәл көз­деп, 3 алтынды атып алды. Әсем Орынбай бастаған сұрмергендердің салқын­қан­ды­лығы мен дәлдігі қарсылас­тарын таң қалдырды. Каратеде жекпе-жек отаны Жапонияның өзін шаң қаптырып кеттік. Біздің каратешілер 8 жүлде алып, сары құрлықта мықты екенін тағы бір дәлелдеді. Әрине жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. У-шу шебері Аян Тұрсынның қолаға қанағаттанбай, қарсыласына жол бергеніне намыстанып, көз жасына ерік бергені қазақ жұртының көңіліне қаяу түсірді. Жарыстың соңғы күндері көр­кем гимнастикада Әлия Юсупова мен шәкірті Елжана Таниева күміс медаль алып, көптен күткен нәтижеге қол жеткізіп, қуаныштан жылап та алды.
Азия ойындарының алғашқы күн­де­рінде Сыр өңірінің үш бірдей спорт­шысы Мағжан Шамшадин, Абылайхан Жұбаназар, Шархан Нұрлыхан дзюдо­дан үздік үштікке кіріп, қола медаль иеленді. Стенд атудан жерлесіміз Айжан Досмағамбетова қола жүлде жеңіп, аймақ спортының абыройын асқақ етті. Бокстан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев жүлделі екінші орынға тұрақтап, күміс медалды қанжығасына басты. Сондай-ақ «Париж – 2024» олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды. Құрлық додасының соңғы күнінде өз мықтылығымен бәрін там­сандырған сырбойылық Мөлдір Жаң­бырбай каратэден нәтижелі өнер көр­сетіп, күміс жүлде еншіледі. Осы­лайша сырбойылық спортшылар Азия ойындарында ел қоржынына 2 күміс, 4 қола салды.
Иә, Азия ойындары қазақ спорт­шылары үшін жемісті болмады деген баға беріп жатырмыз. Дегенмен спорт­тағы бұл олқылықтарды алдағы үлкен додаларда толықтай жоюға болады. Намысты, еңбекқор спортшыларымыз барда Қазақ елі халықаралық додаларда әлі талай атой салып, әнұранымызды шырқатып, байрағымызды көкке кө­те­ретініне кәміл сенеміз. Енді спорт­шыларымыз 8 айдан кейін баста­латын Париж олимпиадасында жоғары нәтиже көрсетеді деген үміт бар.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: