Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-1°C

, Жұма, 15 қараша, 04:13

Елдің бірлігіне сызат түспеуі керек

16.10.2022

336

0

Еліміз бүгінде жаңа әрі әділетті Қазақстан құру жолында әлеуметтік-саяси реформаларды жүзеге асыруда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бағытта қолға алған бастамалары халықтың қолдауына ие болуда. Жыл басындағы Конституциямызға өзгерістер енгізу жөніндегі референдум, Президенттің жеті жылға және бір мерзімге сайлануы туралы өзгерістерді де жұртшылық қуанышпен қабылдады. Алдағы уақытта, атап айтқанда, 20 қарашада өтетін Президент сайлауы осы үлкен өзгерістердің заңды жалғасы деп түсінеміз.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның «Бірліктен айырылған ел қаңғып қалады» деген сөзі бар. Бүгінгі алмағайып уақытта, біз үшін ең қажеті – бірлік! Арыстарымыз азаттық жолында саналы түрде құрбандыққа барып, сан жылдар бойы қайрат-жігер, ақыл-парасатымен елдік үшін күресті. Тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін енді бізге ұлт болып ұйысу – ең маңызды міндет. Ұлттық идеологияны қатаң жолға қойып, Ұлттық мемлекет ретінде дамитын уақыт жеткені бұлтартпайтын шындық.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады» деп тауып айтқан сөзі бар. Яғни тілді елді, шекараны қорғағандай қорғауымыз керек.

Қазір жалпы әлемде халықаралық геосаяси жағдай ушығып тұр. Көрші елдеріміз отқа оранып, жалын шарпуы бізге де сезілуде. «Шақырған қалың қазақ көшіне шектеулер табылып, шақырмаған жаттың көші ағылып жатқанда, шекарамызды берік қымтап, қорғана білуіміз керек» деген саяси сауатты азаматтардың пікіріне құлақ түрген жөн болар.
Ұлттың рухани ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының осыдан 100 жылдай бұрын айтқан өнегелі өсиетінде «Біз басқалардан кем болмау үшін білімді, бай және күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек, бай болу үшін кәсіп керек, ал күшті болу үшін бірлік керек» деген еді.
Дәл қазір бізге осы бір ғасыр бұрын айтылған елге ең қажетті талаптарға сай болатын заман туып тұр. Қоғамды демократияландыруға бағытталған ауқымды шаралардың ықпалын қазақстандықтар қазірдің өзінде айқын аңғарып отыр. Саяси партияларды тіркеудің оңтайлануы, партиялық тізіммен қоса мажоритарлық негізде жекелеген адамдардың өзін-өзі ұсыну мүмкіндігі сайлаудың әділ өтуіне бастайтын бірден-бір қадам болса керек.
Кейбір азаматтар «Президент сайлауына қажетті дайындыққа аз уақыт беріліп отыр. Жылдар бойы тұқыртылып келген саяси партиялар үгіт-насихат жұмыстарын жолға қойып үлгермейді» деген сыңайда уәж айтуда. Алайда әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, екі ай жеткілікті кезең екенін көреміз. Қазірдің өзінде партиялар кандидаттарын таңдап үлгерген сияқты. Үміткерлердің қатарында жеке тұлғалар да баршылық.
Осы Президент сайлауына байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына Үндеу жариялап, жағдайды толықтай түсіндіріп берді. Кезектен тыс сайлау – жекелеген топтың немесе адамның мүддесі үшін емес, еліміздегі басталған оң өзгерістер мен Жаңа Қазақстанды қапысыз құру үшін аса қажетті шара дейтініміз де сондықтан. Ендеше, еліміздің жарқын болашағы үшін осы бастамаларға қолдау көрсетіп, реформалардың жүйелі жүзеге асуына үлесімізді қосқанымыз жөн болар. Ел біріксе, алынбайтын қамал, шықпайтын шың болмайды. Сондықтан осы сайлаудан ел зор үміт күтеді.

Ерлан Созақбаев

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: