Ала жаздай егіс басында еңбектің көркін қыздырған шаруа адамдарының бәрі осында. Әрқайсысының жүзінде қуаныш бар, дәстүрлі шарада бас қосқан ауыл еңбеккерлерінің еңбегі еленетін күн де жетті. Бұл сабантой – күзгі науқанның қорытынды жиыны. Кім жаздай қалай еңбек етті, соған сай табысқа кенеледі. Қарапайым шаруа адамдарының көбісі үш мезгіл тынымсыз еңбек еткендей, барлығы бүгін қаржылай қолдаудан құр қалмайтын сияқты. Өйткені көңілі шат, жүздері жарқын.
Иә, Ақсудағы «Сәрке батыр» ЖШС еңбеккерлері жыл сайын ауыл шаруашылығы саласын табысты қорытындылайды. Осыған дейінгі су тапшылығы олардың сағын сындырған жоқ, керісінше егіс басында еңбек адамдары жауапкершілікті еселеді. Кезекпен су алу арқылы бұл мәселені еңсерген ауылдағы ағайын биыл да қамбаны астыққа толтырды.
Аудан әкімінің орынбасары Әліби Байнахатов алдымен шаруа адамдарының ала жаздай еткен еңбегін тілге тиек етіп, серіктестіктің алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
– Бүгін серіктестік ұжымы үшін маңызды күн, сіздердің жаздай егіс басында қалай еңбек еткендеріңізге ел куә, біз де жақсы білеміз. Сол еселі еңбектеріңіз ауданның әлеуетін арттыруға, серіктестік жұмысында серпін қалыптастыруға оң әсерін тигізді. Сабантойда бас қосқан еңбек ұжымын бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Биыл «Сәрке батыр» ұжымы саланы табысты қорытындылады, мұның бәрінде әрқайсысыңыздың қолтаңбаларыңыз бар. Келер жылды да сіздердің табыспен аяқтайтындарыңызға сенім мол. Баршаңызға бүгінгі сабантой құтты болсын, серіктестіктің жұмысы серпін алып, жұмыс алға баса берсін, табысты болыңыздар, – деді Әліби Байнахатов.
Ақсудағы батыр атындағы шаруашылық 100 адамды жұмыспен қамтып отыр. Былтыр серіктестік ұжымы 850 гектар алқапқа Сыр салысын екті, мұнан бөлек 220 гектар жаңа жоңышқа егіп, 440 гектар ескі жоңышқаны күтімге алды. Ал егінді әртараптандыру мақсатында 80 гектар алқапқа мақсары, 50 гектар жерге бидай екті. Ақегістің уақытында суды аз қажет ететін дақылдар да мол өнім берді. Ал күріштің әр гектарынан 55 центнерден орташа өнім жиды.
Жалпы шаруашылықта 35 диқан бар, олардың жаздай күріштің күтіміне басымдық бергенін көзімізбен көрдік. Тіпті қамбадағы астық та ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегінен хабар беріп тұр.
Биыл күріштен мол астық алған диқандар қатарында Рамазан Абайділдаев та бар. Тіпті ол биыл көш бастады, әр гектардан 68 центнер өнім жиған даңғайыр диқандардың ізбасары келер жылды да табысты қорытындылайтынына сенеді. Кешегі сабантойда миллионер атанған еңбек адамдарының қатарында ол да бар.
– Су мәселесі оңай болған жоқ, бірақ Сыр салысының негізгі қорегі де осы. Диқандар ақылдаса келе кезектесіп су алуға бел будық. Соның арқасында бұл мәселені айналып өттік. Шүкір, өнімнің көлемі де, сапасы да жақсы болды. Негізі, диқандар жұмысы жазда басталады, бірақ біз өзіміз күріш егетін алқаптың қай жері қалай, барлығын жақсы білеміз. Сондықтан ерте көктемде жерді сүдігерлегенде механизатордың қасына жайғасып, бірге жұмыс жасадық. Соның нәтижесі болар, кешегі күзгі науқанда табысты болдық. Бүгін басшылық тарап еңбегімді елеп, 1 млн теңге қаржылай сыйақы берді, еңбектің еленгеніне қуанамыз. Бұл қолдау біз секілді қарапайым шаруа адамдарына айтарлық шабыт қой. Бұйыртса, келер жылы да тынбай еңбек етеміз, – деді тәжірибелі диқан.
Сабантойда қаржылай және бағалы сыйлықтарға тек ол ғана ие болған жоқ. Барлығының еңбегі еленіп, бірнеше адам 1 млн теңгеден қаржылай сыйлық алды. Мұнан бөлек 500, 400 мың теңгеден сыйақы алғандар да табылды. Сондай-ақ қаншама еңбек адамына бағалы тұрмыстық заттар табыс етілді.
Майталман механизатор Болатбек Ембергеновтың батыр атындағы шаруашылықта еңбек етіп жатқанына бірнеше жыл болды. Өз ісінің маманы «мынау сенің міндетің, анау менің жұмысым» дегенді мүлде білмейді. Қай жерде еңбек күші жетіспейді, сонда барып ұжыммен мәселені еңсереді. Көктемде жер айдаса, жаздай еңбек адамдарын жұмысқа жеткізу оның негізгі міндетіне айналады. Ал күзде күріш тасымалына тікелей жауапты.
Кеше майталман механизатордың да еңбегінің еленгеніне қуанып қалдық. 1 млн теңге қаржылай сыйақы алғандар қатарында ол да бар. Табыстау сәтінде әріптестерінің орнынан тұрып, құрмет көрсеткенінен шынында адал еңбекке берілген азамат екенін айқын аңғардық.
– Күріштің барлық бейнетін тек механизатор немесе диқанмен байланыстыра алмайсыз, шындығында мұнда осы ұжымдағы бәрінің өз үлесі бар, тіпті қарауылға дейін. Сондықтан мен биылғы жетістікті осы ұжымның еңбегі деп білемін. Рас, жаңа еңбегімізді елеп, басшылық құрам мерейімізді өсірді. Жыл сайын алға қойған межемізді орындап, сенім үдесінен шығып келеміз, сол абырой биігінен түсірмесін. Әр жұмыстың өз қиындығы мен қызығы болады, өз ісіне адал адам ғана соның барлығын еңсереді. Осы ретте батыр атындағы шаруашылық ұжымы аз еңбек еткен жоқ, бүгін соның нәтижесін көріп отырмыз, барлығына рахмет, – деді Болатбек ағамыз.
Иә, расында жылдың табысты аяқталуында барлығының үлесі бар. Мақсат ортақ, ауызбіршілік мығым орта табысқа да, абыройға да кенеледі. Біз қай кезде барсақ та егіс басынан табылатын шаруашылықтың бас агрономы Қанат Демесінов те сабантойда 1 млн теңге қаржылай сыйақыға ие болды. Осындай ісіне мығым азаматтардың құрметке бөленгеніне куә болып қуандық.
Сабантойда серіктестік төрағасы Жамбыл Шажанбаев алдағы жоспарымен бөлісіп, басқа да еңбек адамдарына бағалы тұрмыстық заттар үлестірді. Сондай-ақ ол әріптестерінің еңбегіне ерекше тоқталып, алдағы жылды да табысты қорытындылауға нақты мақсаттары барын жеткізді.
«Сәрке батыр» бір ғана серіктестіктің табысы үшін емес, ауылдың қажетіне де шама-шарқынша қолғабыс етіп отыр. Шаруашылық жыл сайын заманауи техникалармен жарақталып, мұнда еңбек өнімділігі айтарлықтай артып келеді. Сондықтан олардың алдағы жылды да табыспен қорытындылайтынына сенім мол.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!