Президент жарлығына сәйкес ауыл әкімдерінің халықпен кездесуі Еңбек ауылында да өтті. Жиын барысында ауыл бойынша ІІ тоқсанда атқарылған жұмыстар сараланып, талқыланды. Еңбекпен еңсе тіктеген елді мекеннің бүгінгі тірлігі тындырымды, шаруасы ширақ. Халқы да бірлікті ту етсе, ауыл әкімі елді мекеннің гүлденуіне жүйелі жұмыс атқаруда. Кездесуден түйгеніміз, елді мекенде жүйелі жұмыс бар, бірақ алдағы уақытқа жоспар да жоқ емес. Тарқатып көрелік…
Сәуір айынан бастап ауылдың ішкі аяқ су жүретін арықтары күл-қоқыстан тазартылып шығарылған 24 куб күл-қоқыс елді мекен сыртындағы тиісті орынға шығарылыпты. Ауыл әкімінің өткен жылғы халықпен кездесуінде Қ.Адаев көшесінің 15 жылдан бері бір фазамен жұмыс жасап, электр энергиясының күші өте аз екені айтылып, жаңа трансформатор орнату мәселесі көтерілген болатын. Аталған мәселе бойынша биыл мамыр айында аталған көшеге Сырбай ата көшесіндегі трансформатордан үш фазалық электр энергиясы тартылған. Ауыл әкімі Қ.Қалданов жыл басынан бері жеке қабылдауға келген 6 тұрғынның барлығының өтініштері қанағаттандырылғанын атап өтті.
Кездесуде баяндалғандай, ауылда мәдениет саласы бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, биыл Балалар жылы аясында домбыра үйірме мүшелерінің қатысуымен «Күй киелі – өнер» атты аудандық күй байқауы өткізілген. Бұдан бөлек Мәдениет және өнерді дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткен «Жігіт сұлтаны – 2022» аудандық байқауында бақ сынаған Сағындық Серікбол жүлделі ІІІ орын иеленсе, Бұқарбай Естекбайұлының туғанына 210 жыл толуына орай «Ел қорғаған – ер бабам» атты ардагерлер арасындағы аудандық жазба ақындар мүшәйрасында Қозыбек Әбілдаев жүлделі І орын алған. Сонымен қатар үрдіске айналған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық кезеңінен еңбектік Бекниязовтар отбасы жүлделі ІІ орынды иеленіп, облысқа жолдама алыпты.
Қазір жергілікті шаруашылық төрағаларының туған жерін түлетуге атсалысып жатқаны бізді қуантады, әрине. Әсіресе өңірдің өрісін кеңейтіп, ауылды абаттандыру бағытында серіктестік басшылары тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар Еңбек ауылында анық байқалады. «Еңбек-Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауыл орталығындағы аялдама жанына брусчатка төсеу, гүл егу және демалыс орнына әткеншек орнату жұмыстарын жүргізген.
Бұған дейін де мақаламызға арқау еткендей, ауылдың жанашыр азаматы Шакизатхан ағамыздың еңбегін айтпай кетуге болмас. Еңбектің еңсе тіктеуі, көркейіп-көгалдануы жолында аянбай қолғабыс болып жүрген ел ағасының игі ісі көпке үлгі боларлықтай дүние. Әсіресе еңбектік ағайынның әлеуметтік жағдайының түзелуіне де көп көңіл бөліп келеді.
Айта кететін болсақ, «Еңбек-Жер» ЖШС төрағасы Шакизатхан Ысқақов бұған дейін ауылдың үстімен өтетін үлкен жолға жарық бағаналарын орнатып, елді мекен ішінен бірнеше балалар ойын алаңын салуға қолғабыс етті. Қазір ауылдың ажарын айшықтап, елдің әлеуетін арттырар барлық жобада жомарт жанның қолтаңбасы бар десек, қателеспейміз.
Шакизатхан Ысқақовтың бір ғана шаруашылықпен бүтін бір ауылдың қажетіне жарап, өңірді өркендету жолында жарқын жобаларды қолға алғаны кейінгі буынға үлгі болары анық. Әр жылдардағы күзгі науқанның уақытында шаруашылықтағы дала дарабоздарының еңбегін лайықты бағалап, олардың әлеуметтік жағдайына да көңіл бөлген атпал азаматпен аққошқарлықтар мақтанады.
Бір қуантарлығы, туған жерге тағзым етіп, елдің алғысын алуды көздеген ауыл жанашырының Еңбекте жүзеге асырар жұмыстары жалғасын тауып келеді. Кейін жергілікті халыққа арзан бағада өз өнімін ұсынатын арнайы сауда орталығын салды. Қазір ауыл тұрғындары той-томалақ, құдайы ас секілді отбасылық дәстүрлі шараларды өткізу үшін бұрынғыдай аудан не облыс орталығына сабылмайды. Себебі мұндай шараларды өткізетін ауылда жаңа тойхананың зәулім ғимараты бар. Оның да құрылысының қалануына Шакизатхан ағамыз қыруар қаржы бөлді. «Ауылына қарап азаматын таны» деген қазақта қанатты сөз бар. Осы бір мағыналы сөздің мәніне терең үңілген ел ағасы туған жерге тағзым етуді жадынан шығармай, көпшілдігімен көптің алғысына бөленіп келеді.
Игі істерінің бірінде тіпті ауылдағы Т.Дәуітбаев атындағы орталық көшенің бойында орналасқан қосқабатты 4 үйдің шатырын жаңартып, сыртын әрілеу жұмыстарын да жеке қаражатымен жүзеге асырды. Мұнан бөлек Қ.Адаев көшесіндегі 5 үйдің қоршауын заманауи үлгіде жаңартып, орнатып берді. Қартын қазынаға балаған ауыл баласы ардагер Қ.Бекниязов атамыздың да жаңадан бой көтерген тұрғын үйінің шатырын орнатып, ақсақалдың батасын алды.
Ал осындай ел үшін еңбек етіп жүрген ел ағасының елеулі ісін жалғастырып жүрген, әлеуметтің әлеуетін арттыруда жүйелі жұмыстарды атқарып жүрген ауыл әкіміне елінің айтарлықтай өкпесі жоқ екенін білдік. Бастысы ауылда тіршіліктің көзі бар, ауызбіршілік бар, үйлесімді тірлік бар. Қалғаны кезең-кезеңімен жүзеге аса беретініне сенеміз.
Нұр НАУАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!