Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

23°C

, Жұма, 26 сәуiр, 15:26

Ерлік ешқашан ұмытылмайды

03.05.2023

481

0

Әлемге қауіп төндірген Чернобыль апатына биыл 37 жыл. Адамзат тарихындағы ең ірі апаттардың бірі саналатын Чернобыль атом электр станциясында 1986 жылдың 26 сәуірінде апат болды. Кеңес одағы тарихында миллиондаған адамның өмірінде қаралы күн болып қалған осы оқиғаның салдары өшпес із қалдырды.

Қаншама жаңа ұрпақ дүниеге келгенімен, талай отбасын қара жамылдырған жойқын апат әлі күнге ұрпақтарының жа­дында. Өткен аптада Тағзым алаңында Чернобыль апатынан зар­дап шеккен жауынгерлерді еске алуға арналған жиын өтті. Шараға аудан басшылығы бастаған бірқатар азаматтар мен боздақ­тар­дың ұрпақтары қатысты.


Тағзым аллеясына жиналған жалағаштықтар арнайы ескерт­кіш алдына гүл шоқтарын қойып, қиын шақта қаза болған аза­маттар рухына құран бағыштап, қыршын кеткен боздақтарды 1 минут үнсіздікпен еске алды. Чернобыль апатының зардаптарына тоқ­талған аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов ол күн тарих беттерінде мәңгілік қалатынын жасырмады.


– Қоршаған ортаға, тұрғындар мен құтқарушылардың ден­сау­лығына орасан зиян тигізген апаттың зардабын жоюға елімізден 32 мыңнан астам адам тартылды. Оның ішінде Жалағаш жерінен 7 адам аттанып, қазіргі таңда ол боздақтардан арамызда 4 аза­мат қалды. Сонау қиын кезеңдер ел жадынан ешқашан өш­пейді, өйт­кені бейбіт күн оңайлықпен келген жоқ, – деді аудан әкі­мінің орынбасары.
Жалпы, сәуір айында болған апаттан Украинаның елеулі ау­­мағы радиоактивті ластанып, адамдар өміріне орасан қауіп төндірді.Шарада тағзым алаңына жиылған жұртқа Чернобыль апатының сал­дары мен қиыншылықтары, ауыр қасіреті, зардаптары туралы апатты жоюға қатысқан Жалағаш ауданындағы жетекшісі Серік­бай Ибраев жүрек түкпіріндегі қиын бір шағын еске алып, сөз етті. Осынау азабы ауыр апатта боздақтардың ел үшін еткен ерлігі ұрпақ жадында мәңгі сақталары хақ!


Ақтоты Ержанқызы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: