Адам баласы қоғам ретінде өмір сүруге бейім жаратылғандықтан бір-біріне мұқтаж. Осындай мұқтаждық адамдардың бір-біріне жәрдемдесуін, бір-бірінің кем-кетігін толтыра отырып, үйлесім негізінде өмір сүруін талап етеді. Сондықтан да ислам діні жақсылық жасауды, өзара жәрдемдесуді әрі рухани, әрі материалдық қырынан жан-жақты қолға алып, оны діни-моральдық жауапкершілік ретінде жүктейді. Ал асыл дін қай уақытта да елді тура жолдан адастырмай, тек жақсылыққа үндеп, күллі мұсылманды екі дүниенің бақытына жетелейтін ізгілік нұры.
Қай уақытта да қоғам діннің адамгершілік құндылықтарына мұқтаж болып келген. Сондықтан да еліміздің барлық аймақтарында тұрғындардың сұранысына сай жаңа мешіттер бой көтеріп келеді. Осындай мешіттердің ашылуы халқымыздың руханиятының бет-бейнесін көрсетеді. Ауданымыздың көркін келтіріп, кент орталығынан бой көтерген «Иманқұл» мешіті де бүгінгі күні тұрғындардың діни сауаттылығын арттырып, халықтың көп баратын орындардың біріне айналған. Айбек Тынымбайұлы осы көп жылдық тарихы бар «Иманқұл» мешітінде 2016 жылдан бастап бас имам қызметін атқарған болатын. Қызмет бабына байланысты аудандағы бас имам қызметін аяқтап, іргелес жатқан Сырдария ауданының «Мұсылмандар» мешітінде бас имам қызметіне ауысты. Ал Жалағаш ауданының «Иманқұл» мешітінің бас имамы қызметіне Асхат Асқарұлы тағайындалды. Осыған орай аудан әкімі Асқарбек Есжанов қос имамды арнайы қабылдап, жаңа қызметтеріне сәттілік тіледі.
– Айбек Тынымбайұлы осы қызмет атқарған жылдары ауданда діни тұрақтылықтың сақталуына зор үлес қосты. Іскерлік және ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында және білімділігімен халыққа сапалы қызмет көрсете білді. Әлемді жайлаған пандемиямен күресте халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, сабырлыққа шақыру бағытында аянбай еңбек етті. Сонымен қатар әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық көмектер көрсету, шәкірт тәрбиелеу жұмыстарын да ұйымдастыра білді.
Бүгінгі күнге дейін аудандағы діни қызметінде белсенділік танытып, халық алғысына бөленген, діни істердің дамуына жұмыс атқарған Айбек Тынымбайұлы ендігі қызметін Сырдария аудандық «Мұсылмандар» мешітінде бас имам болып жалғастырады. Осы тұрғыда Айбек Тынымбайұлына өзімнің және аудан тұрғындары атынан зор алғысымды білдіре отырып, жаңа қызметіне сәттілік, абырой тілеймін, – деген аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы Айбек Тынымбайұлына ауданның ең жоғары марапаты «Құрмет грамотасын» табыстады.
Айта кетейік, Айбек Мәдиев 2004-2011 жылдары аралығында «Иманқұл» мешітінде азаншы, ұстаз, найб имам, имам қызметтерін атқарған. 2009 жылы Қызылорда қаласындағы «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде одан кейін «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде білім алған. Алла жолындағы ұлы істі жауапкершілікпен арқалап, игі істерге бастамашы бола білген Айбек Мәдиев осы қызмет атқарған жылдары ауданда діни тұрақтылықтың сақталуына зор үлес қосты. Іскерлік және ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында және білімділігімен халыққа сапалы қызмет көрсете білді. Ал ауданның «Иманқұл» мешітінде бас имамдық қызметіне кіріскен Асхат Асқарұлы 2013-2016 жылдары Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде білім алып, бұған дейін 2016-2023 жылдары Сырдария аудандық «Мұсылмандар» мешітінде бас имам қызметін атқарып келді.
Жиын барысында «Еліміздің өсіп өркендеуінде, мемлекет болып қалыптасуында діннің алатын орны зор. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап мемлекетімізде әрбір азаматқа өзінің ғазиз дінін, мүбәрак дінін ұстануына жағдай жасалып келеді. Бұл бағытта дін мен мемлекеттің бірлескен мақсаты – елдің тұтастығы, қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығы» екенін ескерген аудан басшысы «Иманқұл» мешітінің бас имамы қызметін абыроймен атқарған Айбек Мәдиевті жаңа қызметіне шығарып салды.
Басқосуда Қызылорда қаласындағы Ақмешіт-Сырдария мешітінің найб имамы Ж.Әбиұлы, аудандық мәслихаттың төрағасы Ө.Елеусінов, ауданның алқабилер кеңесінің төрағасы К.Сүлейменов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы О.Аханов қос имамның жаңа қызметіне сәттілік тілеп, осыған дейін аудандағы діни ахуалдың тұрақтылығына аянбай еңбек еткен А.Мәдиевке алғыс білдірді.
Нұр НАУАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!