Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-8°C

, Сейсенбі, 10 желтоқсан, 00:21

Интернет құнын өсіру кімдерге тиімді?

26.12.2023

515

0

Жаз айларында Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин интернет құны арзан 20 елдің қатарына кіретінімізді айтқан. Осы мәлімдемеден кейін ұялы байланыс операторлары тариф бағасын көтеріп жіберді. Сол уақытта «Ookla» деректеріне сәйкес, Қазақстанда 4G қолжетімділігі 84,5 пайызды құраған, ал 5G енді енгізілуде.

Десе де Қазақстанда интернет са­па­­сына қатысты тұтынушылар тара­пы­нан әлі де шағым азаяр емес. Мем­­лекет басшысы да жауапты ми­нис­трге мә­селенің шешіміне қатысты сұ­рақ қой­ған. Ал Бағдат Мусин интернет жыл­дам­дығының тым төмендігін тариф құ­нының арзанды­ғымен байланыстыр­ды.
– Арзан байланыс операторлар үшін тиімді емес екенін түсіну маңызды. Бұл – бизнес, сондықтан бизнесті да­мыту, яғни желіні құру және сапаны жақ­сарту үшін инвестиция қажет. Кі­ріс­­пен бірге инвестициялар келеді. Егер табыс төмен болса, даму үшін ин­вес­тиция құйылмайды, тиісінше сапа да болмайды. Әлеуметтік желілердің да­муына байланысты елде трафикті тұтыну бірнеше есе өсті. Бұл нені білді­реді? Бұл операторлар желісіндегі жүк­­­теме де артты деген сөз. Бірақ шы­ғындар тұтынылатын трафиктің кө­ле­міне сәйкес тепе-тең түрде өскен жоқ. Қазақстан мобильді трафикті тұ­тыну бойынша жетекші елдердің бірі және мобильді желіні қолдану жағынан да алдыңғы қатарда, – дейді министр.

Бағаның өсуін ұялы байланыс опе­ра­торлары тұтынушыларға сапалы қыз­мет көрсетумен байланыстырды. Алай­да бағаның бірден өскеніндей ин­тер­нет жылдамдығы да жақсарған жоқ.
«Ookla» компаниясы әлемнің әртүрлі ел­деріндегі интернет жылдамдығын зерт­теп, рейтингін шығарды. Мобильді ин­тернет жылдамдығы бойынша Қа­зақ­с­тан орташа есеппен 35,49 Мбит/с көр­сет­кішпен 67 орынға тұрақтады. Ал тір­келген интернет жылдамдығы бо­йын­ша еліміз 51,41 Мбит/с көр­сеткіш­пен 94 орында.

324,92 Мбит/с жылдамдықпен БАӘ мо­бильді интернет жылдамдығы бо­йын­ша көш бастап тұр. Одан кейінгі орындарға Қытай (161,56 Мбит/с), Нор­вегия (153,18 Мбит/с), Дания (147,03 Мбит/с), Оңтүстік Корея (136,40 Мбит/с) жә­не Нидерланды (122,94 Мбит/с) жай­­ғас­қан. Тіркелген интернет жыл­дамдығы бойынша жетекші елдердің ондығына Син­гапур (263,51 Мбит/с), Гонконг (259,02 Мбит/с), Чили (249,82 Мбит/с), Қытай (248,92 Мбит/с), Монако (247,37 Мбит/с), БАӘ (239,40 Мбит/с), Исландия (226,05 Мбит/с), АҚШ (219,71 Мбит/с), Таиланд (216,26 Мбит/с), Дания (209,52 Мбит/с) кірді.

Қазақстанда 6 406 елді мекен бар, оның 6 290-ы – ауыл. Өкініштісі, елі­міз­дің 1 432 ауылында мобильді ин­тер­­нет жоқ. Қазіргі таңда 116 қала мен 4 858 ауыл 3G (2 813 ауыл) және 4G (2 045 ауыл) мобильді техно­логия­ла­ры­мен интернетке қол жеткізіп отыр. Сон­дай-ақ ADSL технологиясы бойын­ша интернетпен 1 950 ауыл және тал­­шықты-оптикалық байланыс желі­лері тех­нологиясымен 2606 ауыл қамтыл­ған.

Елде 1432 ауылдың мобильді ин­тер­­­нетсіз қалғанын министрлік те жоқ­қа шығармады. Оның 504-ін биыл­дан бас­­­­тап спутниктік жүйелер арқылы қам­­та­­масыз ету қарас­тыры­лып жа­тыр.

Министрлік Үкіметтің «Қолжетімді Ин­тернет» ұлттық жобасын бекіткенін, оның аясында 2024-2027 жылдары тал­шықты-оптикалық байланыс желі­ле­рі арқылы 3 мыңнан астам ауылды, оның ішінде мобильді интер­неті жоқ 928 ауылды интернетпен қамту жос­пар­­­ланғанын айтты. Жалпы ұлттық жоба­ны іске асыру үшін 1 499,9 млрд теңге қарастырылған.

Ұялы байланыс операторларының тарифтік жоспар­ларындағы интернет-трафиктің болмауы мәселесіне Цифр­лық даму министрі Бағдат Мусин түсініктеме берді. Ол қазақстандықтарға әлеуметтік желіде аз уақыт өткізуге кеңес береді. Себебі кейбір ұялы байланыс опе­ра­торлары бұ­дан былай әлеуметтік желілерге шексіз ин­тернетке қол жеткізуді қамтамасыз етпейді. Осыған бай­ла­нысты пайда­ланушылар 15-20 гигабайт трафикті тез тау­­сылып, тарифтік пакетін қайта қосуға мәжбүр болып отыр.

– Операторлардың тарифтік саясаты бар, бірақ олар халықаралық трафикті кез келген пайдалану үшін клиент­тердің ақшасынан төлейді. Осы қауіпсіздік трафигіне қызмет көрсететін жабдықты қоса алғанда және т.б. Неліктен олар бұлай жасады, мен айта алмаймын. Мұны опера­торларға айту керек, – деді Бағдат Мусин.

Қазақстандықтар Илон Масктың «SpaceX» компа­ния­сының Starlink терминалдарын орнатуды бастады. Цифр­лық даму министрлігі мұфның заңсыз екенін және айып­пұл салуға болатынын атап өтті.

Елдегі шалғай ауылдардың көбінде интернет байланысы нашар екенін жақсы білеміз. «Бұл мәселені отандық опера­тор­лар шешеді» деу қиын. Соңында мемлекет Илон Масктің SpaceX компаниясына жүгініп, Starlink интернетіне үміт артты.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрлігі SpaceX компаниясының көмегімен шал­ғай­дағы 10 ауылдық мектепті ғаламторға қоспақшы. Starlink желісі қанатқақты режімде Көктал, Күйген, Қараой, Жіңішке, Ереуіл, Кенсу, Сарыкөл, Талды, Қарағайлы, Майшұқыр ауылдарының мектептерінде жұмыс істейді.

Министрліктің Starlink-ті таңдауының 3 себебі бар, бі­рін­шіден, шалғай аймақтарға қолжетімді, жоғары жыл­дамдық және цифрлық инфрақұрылымды дамытуға жол ашы­лады. Министр Бағдат Мусин «Digital Bridge – 2023» форумында отандық телеком-компаниялардың шал­ғайдағы мектептерді интернетпен қамтамасыз ете алмағанын айтқ­ан, ведомство сол себепті Илон Масктің компаниясына жүгінген.

– SpaceX вице-президенті Лорен Дрейер екеуміз Пре­зидентке спутниктік антенналар арқылы секундына 4 мегабит интернет алатын шалғай аудандардағы 2000 мек­тепті Starlink-пен 6 ай ішінде қамтамасыз ететінімізді хабарладық. Осылайша мектептердегі интернет мәселесін біржола шешеміз. Кейде ел ішіндегі мәселелерді өзіміз шеш­кіміз келгенмен қолдан келмей жататыны бар. Бұлай бол­ғанына кешірім сұраймын. Бірақ SpaceX сияқты дамыған технологиялар бар кезде оларды қолданбау да қателік бо­лар, – деді Б.Мусин.

Жақында ғана Павлодар облысындағы 20-ға жуық мек­теп­ті Starlink-ке қосу да жоспарланып отырғаны айтыл­ған. Бұлар – интернетке кіру мен желі қосудың техникалық мүмкіндігі жоқ ауылдық мектептер. Қосылу құны бір абонент үшін айына 200 долларды немесе 94 мың теңгені құрайды.

Жалпы бұған қатысты тарифті көтеруде елдің талабы ескерілмейді, оны мойындау керек, бірақ интернет жыл­дамдығына қатысты мәселені тариф құнының ар­зан­дығымен байланыстырды ма, енді жауаптылар нә­тиже шығару керек. Тамызда министр интернет құнын көтеруге қатысты ұсыныс айтып еді, іле-шала байланыс операторлары тариф құнын қымбаттатты. «Неге осылай интернет жылдамдығы да аз уақытта нәтиже бермейді?» деген сауалдың әлі күнге дейін жауабын ешкім бере алмай отыр. Демек интернет жылдамдығына қатысты мәселені оның құнын көтерумен ғана шеше алмаймыз. Өкініштісі, баяғы тариф құны да қайтып орнына келмейді. Міне, осылайша тиімсіз әрі то­лық зерттелмеген жобаның тұтынушылар жемісін емес, зарда­бын көруге мәжбүр болып отыр.

Ерлан ӘНУАРҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: