Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-8°C

, Сейсенбі, 10 желтоқсан, 00:07

Кадрлық резервке алынған педагог мектепке конкурссыз директор болып тағайындалады

27.11.2024

410

0

«Білімдегі өзгерістердің 1 000 көшбасшысы» жобасына қатысып резервке алынған қарапайым педагог шалғайдағы ауыл мектебіне конкурссыз директоры болып тағайындалады. 

Бұл туралы бүгін аталған жоба қатысушыларына сертификат тапсыру рәсімінде Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев айтты деп хабарлады kaz.inform.kz 

«Қазақстанда 2023 жылы тұңғыш рет білім беру саласында «Білімдегі өзгерістердің 1 000 көшбасшысы» жаңа жобасы басталған болатын. Бұл жоба Президенттік жастар кадрлық резерві сияқты білім беру саласында кадрлық резервті қалыптастыруға бағытталған. Бұрын білім беру жүйесінде мектептердің, білім беру ұйымдарының басшыларын тағайындау конкурс арқылы және негізінен мамандардың біліктілігіне, жинаған еңбек өтіліне қарай жүзеге асырылды. Бірақ, әлемдік тәжірибені зерттей келе байқағанымыз, Еуропа елдерінде, АҚШ-та білім беру ұйымдарының басшыларын тағайындау арнайы дайындықтан өткеннен кейін ғана жүзеге асырылады. Осыны ескере келе Оқу-ағарту министрлігі арнайы бағдарлама жасап, 4 сатыдан өтетін оқуды ұйымдастырды», — деді ол.

Оның атап өтуінше, былтыр бұл жобаға мектеп директорларының 8 мыңнан астам орынбасары қатысты. 4 сатыдан өткен 207 адам кадрлық резервке алынды. Ал олардың 170-і мектеп директоры болып тағайындалды.

«Олардың басқа мамандардан айырмашылығы кадрлық резервке алынған маман конкурссыз басшылыққа тағайындалады. Резервтен директорлық лауазымға тағайындалған педагогқа «жоғары деңгейдегі басшы» деген арнайы санат беріледі. Олардың жалақысы 2 есеге дейін өседі. Бұл жобаның мақсаты — басқару жүйесін күшейту, сол арқылы білім сапасын арттыру», — деді комитет төрағасы.

Қаныбек Жұмашевтің дерегінше, биыл жобаға 13 мыңнан астам қатысты. Оның ішінде 376 адам кадрлық резервке өтті. 

«Жобаның биылғы айырмашылығы қарапайым педагогтардың да қатысуына мүмкіндік бердік. Олар мектеп директорының орынбасары лауазымына конкурссыз тағайындалады. Сонымен қатар, шалғай ауылдардағы мектептерде кадр жетіспейді. Оларға директор болып баратын мамандардың да үлесі аз. Сондықтан, біз кадрлық резервке енген қарапайым педагогтерді шалғай ауылдағы мектепке директор боламын десе, конкурссыз негізде тағайындаймыз. Кадрлық резервке енген педагогтер білім саласына жаңа леп әкеледі деп отырмыз», — деді ол.

Фото: inbusiness.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: