Мемлекеттік бағдарламалардың басым бөлігі кәсіпкерлік саласына бағытталуда. Мақсат – елдегі жұмыссыздық деңгейін азайту, кәсіпке бетбұрғандарға қолдау көрсету, кәсіппен айналысып отырғандардың кәсібінің көкжиегін кеңейтуге көмек беру, сол арқылы саланы дамыту. Бұл ретте атқарылып жатқан жұмыстар жемісін беріп те жатыр. Қуантарлығы, біздің өңірде де өзін-өзі жұмыспен қамтып, кәсіпке бетбұрғандар қатары артуда.
Ал мемлекеттің кәсіпкерлікті дамыту жолындағы атқарған шаруасы аз емес. Саланы өркендетуде қашанда табандылық қажет болса, мемлекеттік бағдарламалардың да тиімділігін айтпай кете алмаймыз. Біздің ауданда да мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді пайдалана отырып, шағын және орта бизнесті қолға алғандар көп. Алдымен мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін айтсақ, шағын және орта бизнестің даму деңгейі көңіл қуантады. Өйткені кәсіпкерлік саласы кенже қалмай, қолдан келгенше кәсібін дөңгелентемін дегендерге қолдау бар. Теңге тиыннан құралады деген сөз бар.
Ештеңе де, ешқандай жетістік те оңайлықпен келмейді. Барлығы да әуелі ниеттен, содан кейін табандылық пен ізденістің арқасында орындалады. «Өзгеге қол жайып отырғаннан уақытында әрекет етсең, әрекетіңе қарай берекеті болады» деген бүгінгі кейіпкеріміз де сөзінің басын еңбектену керек деп бастады.
Жалпы, аудан бойынша биыл 6 айда 3 302 кәсіпкерлік субьектісі тіркелсе, оның 3 155-сі нақты жұмыс жасап тұр. Жыл басымен салыстырғанда ауданда кәсіпкерлік субьектісі 218-ге көбейген. Макроэкономикалық көрсеткіштерге тоқталатын болсақ, осы жылы 18 млрд 769 млн теңге инвестиция тарту жоспарланған. Бұл көрсеткіш осы жылдың 5 айында 6 млрд 628 млн теңгені құраса, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 5 есеге жоғары орындалды. Өнеркәсіп өнімдері өндірісіне байланысты ауданда 6 айда 18 млрд 110 млн теңге өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, меже 199,8 пайызға артық орындалып отыр.
Оның ішінде 5 млрд 225 млн теңгенің өнімі өндіріліп, есепті кезеңмен салыстырғанда 30,6 пайызға өсім қалыптасқанын да айта кету керек. Сонымен бірге бөлшек сауда айналымы да өткен жылмен салыстырғанда 15,7 пайызға артық орындалып отыр. Яғни 1 млрд 198 млн теңгенің айналымы жасалған. Ал кәсіпкерлікті дамыту, жұмыс жасап тұрғанын одан әрі жақсарту мақсатында мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар арқылы 76 жоба 1 млрд 494 млн теңгеге қаржыландырылды. Оның ішінде мал шаруашылығы, өңдеу, егін шаруашылығы мен қызмет көрсету салаларына байланысты бөлінетін болады.
Қазіргі таңда ауыл аймақтардағы кәсіп иелерінің жұмысын жандандыру қолға алынуда. Оған облысымызға 3 млрд теңге қаржы бөлінген. Бүгінде ауданда 1 млрд 49 млн теңгені құрайтын 149 жобаның құжаттары дайындалған. Алдағы уақытта бұл жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асады.
Айта кетейік, бұл жобалардың ішінде өңдеу саласына байланысты 9 жоба бар. Жылыжай және қызмет көрсету саласы мен 7 кооператив құрылған. Оның 1-еуі сүт өңдеу, қалғаны ет өңдеу бағытында малды бордақылап, өңдеуші кәсіпорынға сатып, жұмыс жасауды көздеп отыр.
Қуантарлығы, бүгінде ауыл азаматтарының кәсіп ашуға ынтасы басым. Сол себепті олар мемлекеттен қандай да бір қолдау болса, соған қол жеткізуге тырысады. Бұл тұста «Ауыл аманаты» жобасы аясында қатысушыларға 2,5 пайызбен несие беру көзделген. Егер мал шаруашылығын қолға алса, 7 жылға, ал басқа кәсіпті дөңгелентемін десе, 5 жылға дейін беріледі.
Жоба аясында жеке кәсіпкерлерге 8 млн 600 мың теңге, ауыл шаруашылық кооперативтеріне 27 млн 600 мың теңгеге дейін беріледі. Сонымен бірге аталған жобаны жүзеге асыруға аймақ бойынша жалпы құны 3 млрд теңге қаражат қаралған. Бағдарламаны іске асырудың маңыздылығы ең алдымен халықтың табысын арттыруға, сондай-ақ экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамытумен ұштасқан нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған.
Жалағашта мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Кәсіпкерлер көшпелі қазақ тұрмысынан бастап күні бүгінге дейін жалғасқан атакәсіптің бұл түрін де жаппай қолға алуда. Ата-бабамыз төрт түлікті қастерлегені сонша жайлаудан күзеуге, одан қыстауға көшіп, малдың қоңды, төлді болуына жағдай жасаған. Ауыл шаруашылығының бір саласы мал басын көбейту, ірілендіру мен асылдандыру саланың дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Ауданда мал басын арттыру мақсатында шаруа қожалықтар мемлекет ұсынған бағдарламаларды тиімді пайдаланып келеді.
Жоғарыда айтылған жобалардың барлығы жоспарлы түрде жұмысын жүзеге асыратын болса, жалағаштық жұмыссыздар санының азаюына едәуір септігін тигізіп қана қоймай, саланың дамуында серпін болар еді. Бұл дегеніңіз, халықтың әл-ауқатының артуына, тұрмыс сапасының жақсаруына, бір жағынан саланың өркендеуіне, аудан бюджетінің молаюына да септігі тимек. Әсіресе ауданымыз көркейіп, дамудың даңғыл жолына түспек. Ең бастысы, аудандағы жыл сайын ел игілігіне жұмыс істейтін әлеуметтік нысандар қатары толығады.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!