Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

28°C

, Жексенбі, 21 шiлде, 21:10

Кәсіпкерлер неге мобильді
аударымнан бас тартты?

07.01.2024

317

0

Жыл басынан бері саудагерлер дүкенінің төрінен «каспий жоқ, қолма-қол қабылдаймыз» деген ескертпе қағаздарды іліп қойғанын көріп жүрміз. Бүгінде халықтың, оның ішінде кәсіпкерлердің арасында мобильді аударымдарды қабылдау бағытында түсініспеушіліктер туындап жатқаны рас. Оған дейін төлем түрін өз ыңғайына қарай төлеп үйренген тұтынушылар үшін бұл қиынға соғуда. Қаңтардан бастап банк ұйымдары жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары бойынша деректер беретін болады. Яғни күнтізбелік үш ай қатарынан ай сайын 100 түрлі тұлғадан мобильді аударымдар алған азаматтар бақылауға алынады.

Бұл өз кезегінде 2022 жылдың наурыз айында қабылданған жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі бойынша кәсіпкерлік белсенділік белгілері бар мобильді аударымдарды бақылау болып табылады. Бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Нұржан Қуандықов жалпыға бірдей декларацияның бірінші кезеңіне 570 мыңнан астам адам қатысып, қазіргі таңда бір тоқсанда ай сайын 100-ден астам аударым алған 8122 тұлғаның жеке шоты тексеріліп жатқанын айтқан.
– Жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметке арналмаған банк шотына айына 100-ден астам аударым жасалса және осындай көрсеткіш 3 ай қатарынан қайталанса, Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғадан салық талап етуге құқылы. Себебі бұл операциялар кәсіпкерлік қызметтен кіріс алу белгілері бар операциялар қатарына жатады. Әзірге бұл мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайларының шотына түскен ақшаға қатысты. Екінші кезеңде квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері ілігеді. 2025 жылы үшінші кезеңде жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары бақыланса, 2026 жылдан бастап барлық қазақстандықтардың ақшалай ауда­рымдары туралы мәлімет комитеттің қарауына түседі.Жеке тұлғалар бұрынғыдай өздерінің жеке мақсаттары үшін туыстарына, достарына, ата-аналары мен балала­рына және басқа да өмірлік жағдайларға арналған ауда­рымдарды жасай алады және қабылдай алады, – дейді аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Руслан Байғазиев.
Айта кетейік, бизнестік мақсаттағы төлемді қабылдау үшін кәсіпкерлердің жеке бизнес шоттары болуы қажет. Сауда орындарында кассалық аппаратпен саудаласу міндеттеледі. Егер кәсіпкер жеке шотына мобильді аударым түсіріп отырса, онда айыппұл төлейді. Жеке шоттарын тексеру көлеңкелі бизнес өкілдерін анықтауға, арнайы өлшемшарттар аясында тіркелмеген кәсіпкерлер мен кірістерін жасырып жүрген салық төлеушілерді анықтауға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда әлеуметтік желі арқылы қайырымдылықпен де айналысып жатқан азаматтар бар. Өздеріңіз білетіндей, олар көбіне халықтан қаражат жинау мақсатында өзінің жеке шоттарын пайдаланып жатады. Бұл шара кәсіп­керлік бағыттағы жұмысқа жатпайды. Дегенмен олардың шот­тарына 100-ден аса аударым түсетіні бел­гілі. Осы тұста төлемдердің мақсаты мен себебін анықтау бойынша тексеру жүргізіледі. Камералық бақылау ая­сын­да хабарлама жолданғаннан кейін салық төлеуші хабарламаға түсіндірме бере алады. Яғни қайырымдылық көмек ретінде қабылданғанын растайтын құжат болғаны жөн.
Елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтып жатқан азаматтар да бар. Мысалы, жеткізушілер мен такси жүргізушілері. Олар арнайы платформаның көмегімен жұмыс істейтіні белгілі. Бүгінде Мемлекеттік кірістер комитеті өзін-өзі жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін платформалармен келісімге келгендерін тілге тиек етті.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, биылдан бастап декларацияны заңды тұлғалардың құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлердің басшылары, олардың жұбайлары тапсырады. Шамамен 3,9 миллион адам жоспарланған. 2025 жылы қаңтардан бастап азаматтардың басқа санат­тары (жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнет­кер­лер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және тағы басқалары) тапсырады. Бұл санаттағылар – 6,9 миллион адам. 2025 жылы декларация тапсыратын тұлғалар 13 миллионнан асады деп жоспарланған. Яғни әрбір адам мүлкін, ақшасын және құнды қағаздарын декларацияда көрсетуі міндетті.
– Басқарма тарапынан аудан орталығында орналасқан кәсіпкерлік нысандарда мобильді ақша аударымдары қызметіне «төлем жасау» функциясы жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қазір тауар мен қызмет ақысын мобильді аударымдар арқылы алып, таза табысын жасырған бизнес өкілдері де аз емес. Бұдан былай тұтынушы тауар үшін «төлем жасау» бағанына өтіп, есеп айырысады, яғни кәсіпкерге қызметі үшін қаржы аударсаңыз, ол – «төлем» деп аталатындығы түсіндірілді. Сол төлемдер туралы салық органдарына банктерден ақпарат түсіп тұрады. Бұдан бөлек заңға сәйкес мо­бильдік төлемдер арқылы тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу үшін есеп айырысу кезінде онлайн-бақылау-касса машиналарын қолдану заңдастырылады. Салық заңнамасына енгізіліп жатқан өзгерістер жаңа салық түрі емес. Бұрынғыдай кәсіпкерлер өз салық режимін қандай негізде жүзеге асырды, салық есептерін дәл солай жүргізіп отырады, – дейді аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Руслан Байғазиев.
Ол жоғарыдағы өзгерістер осыған дейін табыс көзіне сай салық төлеп жүрген кәсіпкерлерге әсер етпейтінін, тек заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағыт­талғанын да тілге тиек етті.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: