Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Сәрсенбі, 11 желтоқсан, 13:50

Кенеден келер кесел көп

06.06.2023

579

0

Қазақтың көшпелі тұрмысындағы тәжірибелі іс – мал қорасын қыстаудан жайлауға көшкенде немесе жайлаудан қыстауға көшкенде көңін аударып кету. «Бұл не үшін?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Әрине ата-бабамыз тегіннен-тегін бұлай істеген жоқ. Әрбір істің астарында терең мән, тіпті философия жатыр деуге болады. Бұрынғының адамдары жазық далада күн кешкендіктен түрлі жәндіктерден қорғанудың әдістерін жетік білді және оны тәжірибеде қолданды. Міне, біздің әңгіме басында айтқанымыз кенеден сақтанудың бір әдісі болатын.

Жуырда өткен брифингте Жалағаш аудандық СЭББ басшысының мін­детін атқарушы Г.Айымбетова кене шағудан сақтану, алдын алу және алғашқы көмек көрсету, кенеден жұ­ғатын конго-қырым геморрагиялық қыз­басының негізгі белгісі турасында кеңінен сөз етті.
Жалпы, конго-қырым гемор­ра­гиялық қызбасы – жедел вирусты ауру, та­биғи ошақты зоонозға да қатысты. Екі толқынды қызбаны мінездейді, жалпы интоксикациямен және тром­богеморрагиялық синдром­мен жүреді.
Маманның айтуынша, Қырымда алғаш рет конго-қырым геморрагиялық қыз­басын алғаш рет ресейлік виру­солог М.П.Чумаков 1944-1945 жыл­дары анықтаған. Кейін бұл ауру Конгода, Нигерияда, Сенегалда, Ке­нияда сипатталған. Қазақстанда бұл геморрагиялық қызба «көкала» деген атпен 1948 жылдан бері белгілі. Конго-қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары және Шымкент қаласында.
Биыл Жалағаш ауданындағы 12 елді мекен осы ауру бойынша қолайсыз деп анықталған. Конго-қырым гемор­рагиялық ауруы бойынша эндемиялық аймақта жоқ дегенде бір науқас неме­се вирус тасымалдаушы кене тіркелген кезде бүкіл елді мекен энде­миялық ошақ болып табылады.
– Қарапайым кенеден жұғатын кон­­го-қырым геморрагиялық қызбасы­ның негізгі белгісі науқастың басы қатты ауырып, дел-сал күйге түсіп, тамаққа тәбеті болмайды және дене қызуы көтеріледі. Терісіне бөртпелер шығып, иньекция салған, шымшыған жерлерде терісі көгеріп, ауру белгілері пайда болады. Ағзаның қанды ұйыту қабілеті бірте-бірте жоғалып, адам қансырау салдарынан қаза болуы мүмкін. Бұл дерттің қауіптілігі осы аурумен сырқаттанған адамның қаны сау адамның денесіне тисе, дерттің жұғуына себепші болады. Кене шағу қауіптілігі кейбір кенелердің ағзасында ауруды тарататын вирустардың сақталуында жатыр. Кенелер адамға мал жайғау, малды сауу, сыртта бақша егу, отын-шөп дайындау, табиғатта дем алу, тағы сол сияқты жағдайларда жабысады. Өйткені қарап отырсақ, кенелердің шығу мерзімі де осы күз, жаз айларында. Дәл осы мезгілдерде адамдар кененің шағуынан зардап шегіп жатады. Табиғат аясына, саяжайға демалған сәттерде дененің киімнен ашық жерлерін мейлінше азайту керек.
Адам денесіне жабысып, қан сорып жатқан кенені тұмсық астынан жіңішке жіппен байлап, асықпай, жұлқымай, кене мұртшаларын толық шығарғанша ақырын тарту керек. Егер кененің басы толық шықпай, теріде қара дақ түрінде қалып қойса, өздігінен шығуын бақылау немесе емхана хирург дәрігеріне қаралу керек. Кенені жұлған соң қолды мұқият жуып, йод немесе спиртпен сүрту керек. Өйткені кейбір жағдайларда кенелер қан сору кезінде теріге патогенді вирустар жұқтырылған зәрін қалдыруы мүмкін.
Табылған кенені жағып немесе қайнаған суға салып құртқан жөн. Кенені жұлу да қауіпті, өйткені жұлу кезінде де кене басы теріде қалып кетеді, улы сөлі адам ағзасына тарала береді. Кене шаққанда ағзаның қанды ұйыту қабілеті бірте-бірте жоғалып, адам қансырау салдарынан қаза болуы мүмкін. Бұл дерттің қауіптілігі сол, осы аурумен сырқаттанған адамның қаны сау адамның денесіне тисе, дерттің жұғуына себепші болады, – деген Г.Айымбетова ауру көбінесе маусымдық мезгілдерге бай­ланысты, әсіресе мамыр және та­мыз айларында көп кездесетінін жасырмады.
Брифингте айтылған мәліметтерге сүйенсек, ауданда конго-қырым ге­мор­рагиялық қызбасының эпиде­мия­лық және эпизотиялық ахуалы жыл­дан-жылға күрделенуде. 2014-2022 жылдары аралығында КҚГҚ-сы нақтыланған жағдайы ауданның 8 елді мекенінен кездескен. Барлығы 11 жағдай тіркеліп, оның 4 жағдайы өліммен аяқталған. Ауданда тұр­ғындар арасында өткен жылы КҚГҚ-ға күдікті 10 науқас тіркеліп, оның 4 жағдайы зертханалық жолмен нақтыланған. Осы науқастардың ара­сында ме­дици­налық көмекке дер кезінде жүгін­беу салдарынан 2 науқас қайтыс болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда басқа да жәндіктер мен кенелер­дің шағуымен 19 адам медици­налық көмекке жүгінген. Ал биыл жыл басынан бері 31 кене шағу жағдайы есепке алынған. Өткен жылдың осы уақытымен са­лыс­­тырғанда 1,1 есеге, оның ішін­де Жа­лағаш кенті мен Ақсу, Есет батыр, Еңбек елді мекендерінде өсу тен­ден­циясы бар.
– Жыл басынан бері ҚР СЭБ «ҰСО» ШЖҚ РМК облыс бойынша филиалы аудандық бөлімшесінің бакте­риологиялық зертханасына КҚГҚ ви­руысын жұқтырушылыққа зерттеуге ауыл шаруашылығы жануар­лары­нан 419, табиғаттан 887, елді мекен­дегі суат, шаңлақ, пададан 606 кене, барлығы 1 912 кене жиналып жібе­рілді, оның ішінде 65 кенеден оң нәти­же анықталды. Көбінесе ауру адам­дардың 80 пайызының жастары 20-60 жас аралығында және бұл аурудың аса қауіптілігі өлім-жітім көрсеткішінің өте жоғары болуында, – дейді спикер.
Маманның айтуынша, инфекциямен зақымдалған жерде ешқандай өзге­рістер байқалмайды. Вирус қанға өте­ді және ретикулоэндотелиальды жүйе­нің клеткаларында жинақталады. Екінші зақымдалу кезінде айқын массивті вирустармен жалпылама инток­си­кация белгілері байқалады, қан тамырлардың эндотелилері за­қым­­далады және айқын әртүрлі дәре­­же­дегі тромбогеморрагиялық син­­­­­дром байқалады. Конго-қырым ге­мор­­рагиялық қызбасының белгілері инкубационды кезеңнің ұзақтығы 1-14 күн аралығында болады. Продро­малды көріністер болмайды. Ауру байқаусызда басталуы мүмкін, ауру деп оның басталған алғашқы сағаттарынан басталғанын айтуға болады. Дене температурасы тез көтеріледі, бас ауруы, тамаққа тәбетінің болмауы, буын мен белдің сырқырауы. Келесі күні лоқсуы, құсуы, іш өтуі, ине салған жерлерінің көгеруі, беті ісіп, қызаруы мүмкін. Бастапқы кезеңдерінің өзінде де жалпылама интоксикация белгілерін көруге болады, көптеген инфекциялық ауруларда болуы мүмкін.
Ауру одан әрі дамыған жағдайда науқастың мұрынынан, қызыл иегінен, ішектен қан кете бастайды, тері бөртпелері және тері астына қан құйылуы арқылы көкала дақтар пайда болады. Бұл кезде өте жоғары қызбамен және қатты әлсіздікпен көрінеді, бүкіл дененің қақсап ауруы, бастың қатты ауруы, бұлшық еттердің және буындардың ауруы байқалады. Аурудың бірінші белгілері пайда болған жағдайда өлім-жітімді болдырмау үшін емдеуді мүмкіндігінше тез бастау керек. Қазіргі уақытта конго-қырым геморрагиялық қызбасы ауруын емдеу әдістері тиімді нәтиже беруде.
– Кене шақса, міндетті түрде тұрғылықты жер бойынша емдеу мекемесіне медициналық көмекке жүгінген жөн. Медицина қызметкерлері 14 күнге медициналық бақылау жүр­гізеді. Кене шаққанда өзінің сіле­кейімен арнайы фермент бөледі, сол себепті көпшілік жағдайда кененің шаққаны білінбейді. Көктем мен күз айларында аудандағы КҚГҚ қолай­сыз болып табылатын 12 елді ме­кенге мал қоралары мен малдарына және санитарлық қорғаныш аймақ­тарына залалсыздандыру жұмыс­та­рын жүргізеді. Сондықтан аудан тұр­ғындары, өз аулалары мен мал қораларын күл-қоқыс пен көң-қилар­дан тазартқаны жөн, – дейді аудан­дық СЭББ басшысының міндетін атқа­рушы.
Жасыратыны жоқ, тұрғындардың басым көпшілігі өз денсаулығына немқұрайлы қарайды. Денсаулықты ауырған кезде емес, ауырмас бұрын, үнемі күту қажет. Адамға берілген күш-қуат пен әр ағза қалыпты тепе-теңдікте күтіммен жұмыс істеген жағдайда ағза да сізге ұзақ қызмет ететін болады. Қазақ «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бекер айтпайды. Басты байлық денсаулық екенін де естен шығармайық. Басқарма басшысының айтары да осы, денсаулық болмаса, ештеңе де болмайды.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: