Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-11°C

, Дүйсенбі, 05 желтоқсан, 17:15

Киіктер кімге кедергі?

05.07.2022

98

0

Біз енді ақбөкенге тоқмейілси қалыппыз. Қазақтың кең даласында ақбөкендерге орын жоқ екен. Министрліктегілердің уәжіне сенсек, көбейіп кеткен киіктер шаруашылыққа кесірін тигізуде, сондықтан жануарларды атудан басқа амал жоқ екен… Ауыл шаруашылығы министрінің «Аң аулау және балық аулау объектілері болып табылатын жануарлардың құнды түрлерінің тізбесін бекіту туралы» 2015 жылғы 16 ақпандағы бұйрығына өзгерістер енгізіп, тізбеден «киік» деген сөзді алып тастау туралы әңгіме ел ішінде біраз талқыланды. Алайда еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі С.Брекешов Жайық популяциясына жататын 80 мың бас киікті ату туралы шешім қабылданғанын мәлім етті.

«Ғалымдар киік санын реттеу қажет­тігін айтты» деген министр аталған популяцияда бар деп есептелген 800 мың киіктің 80 мыңы жойылатынын айтқан. Министрдің айтуынша, киіктер егін алқаптарына кіріп кетіп, шаруашылыққа зиян тигізетін болғандықтан биологиялық негіздемеге сай оны реттеу қажет, яғни санын қалыпты жағдайда ұстау шарасы биылғы күз айларынан бастап жүзеге асырылмақ.

Қазіргі мәлімет бойынша Қазақ­станда 1 млн 300 мыңнан астам киік бар деп есептеледі. Киіктер еліміз бойынша негізінен үш аймақта топ-тобымен өмір сүреді. Бұл таралымдар Орал популяциясы, Бетпақдала популяциясы және Үстірт популяциясы деп аталады.

Министрліктің көбейіп кетті деп дабыл қағып, азайтуға асығып жүргені осы – Орал, яғни Жайық популяциясы. Көктемде төлдеуге дейін жүргізілген киіктер санағының нәтижелері бойын­ша, Жайық популяциясы биылғы төл­дерді есепке алмағанда 801 мың басты құрайды. 2015 жылғы жаппай қы­ры­лудан кейін, сол кездегі ең көп Бетпақ­дала популяциясының 90%-ға жуығы жо­йылып кеткен болатын, жеті жыл ішін­де Жайық популяциясының саны кө­бейді. Бетпақдала популяциясы да жақ­сы қарқынмен қалпына келуде және бүгінгі саны жарты миллионға жуық. Ең көп өсімді Үстірт популяция­сы көр­сетіп отыр. 2015 жылғы санақ бойын­ша Үстірт таралымында небәрі 1 270 бас қана киік қалған болатын. Оның үстіне Маңғыстауда су көздерін үнем­деу мақсатында жүз қаралы арте­зиан құдығын қолдан бітеу ақбөкен­дердің шөлден өлуіне, өлмегендерінің қоныс аударуына әкеліп соқтырды. Құзыр­лы органдар қатары селдіреп қалған киік попу­ляциясы Үстіртте қалпына қайта келмеді деген уәж айтқанымен, қо­ғамдық бірлестіктер, белсенді азамат­тар жергілікті, яғни ауыл тұрғындарын көмекке тарту арқылы іске белсене кі­рісті. Нәтижесінде, жеті жылда Үстірт­тегі киіктер саны 28 мыңға жуықтады.

Жерді жекеге иеленіп түрлі кәсіп­тік мақсатта пайдалану барысында кәсіпкердің мүддесі үшін киіктерді көбейді деп оққа байлау қаншалықты дұрыс және нақты көбейгені, нақты саны белгілі ме? Киіктердің кесірі кімге тиді, тисе қанша гектар жер, қанша теңге шамасында шығын бар? Бұл шығын киік басына шаққанда 80 мың киік тағдырын жұтуға тати ма?

Табиғат тепе-теңдігін өзі сақтап, өзі реттеп отырады. Бір жылдары ақбөкендер саны азайған соң азық іздеген қасқырлар малшылардың мазасын алып, малды қынадай қырған болатын. Малға араша түсу үшін оларды аяусыз аулау нәтижесінде, қазір қасқырлар саны азайды. Киіктер саны көбейсе тиісінше қасқырлар саны да көбейіп, табиғи реттелу жүрмес пе еді?

– Қазақстандағы киіктің барлық популяциясын вахталық әдіспен жұмыс істейтін және айтарлықтай сапа­лы мате­риалдық-техникалық жарақтан­дырылған «Охотзоопром «ӨБ» РМК инспекторлары қарқынды күзетіп отырғанын атап өту қажет. Бұл 2000 жылдардың ортасына дейін байқалған жаппай браконьерлікті іс жүзінде жоюға мүмкіндік берді. Қазір­гі уақытта табиғатты қорғау ор­та­сын­да киікті жануарлардың аңшы­лық түрлерінің тізбесінен алып тас­тау және оны санын реттеуді талап ететін жануарларға жатқызу мәселесі шешімін тапты. Қарапайым сөзбен айтқанда, ақбөкенге аңшылық лицензия алуға болмайды. Ал егер киік шамадан тыс көбейсе, белгілі бір деңгейге дейін ауыл­шаруашылық зиянкесі сияқты жойылып тұрады, – дейді «Табиғи орта» Батыс Қазақстан үкіметтік емес ұйымдары өңірлік қауым­­­дастығы кеңесінің төр­ағасы Әділ­бек Қозыбақов.

Сарапшының айтуынша, қоғамдық инспекторлардың, табиғатты қорғау құрылымдарының және құқық қорғау органдарының жөнге салған жұ­мы­сының, сондай-ақ жергілікті тұрғын­дарды киіктерді қорғау ісіне белсенді қа­тыстыру нәтижесінде киіктің Үстірт попу­ляциясының саны 20 еседен де көп өсті.

Жергілікті қоғамдастықтардың пікі­ріне қарағанда, болашақта киікті тұрақты пайдалану оған белгіленген квота бойынша лицензиялар арқылы табыс табуға мүмкіндік берер еді, та­быс­­тың бір бөлігі күзетті кү­шей­­туге жұмсалар еді. Маман киік аре­ал­­да­ры­ның аумақтарында жер­гілік­ті қо­ғам­дастықтарға аңшылық ал­қаптарын бекі­ту қажет деп санай­ды. Қорықшылық қыз­меттің бра­коньерлерді ұстауға құқық беретін өкілеттіктері оларға ақбөкенді және тұтас­тай алғанда Қазақстанның жануарлар дүниесін тікелей қорғауға мүмкіндік береді.

– Сондай-ақ жергілікті халықты эко­логиялық туризмді дамытуға бел­сенді тарту қажет. Бұл ауыл тұр­ғын­дары туристерге киіктерді тама­шалатқыза отырып, оларға қыз­мет көрсете алуы және басқа да ілес­пе қызмет көрсетуі үшін қажет. Осы­лай­ша, жергілікті қоғамдастықтар ақ­бөкендердің санын көбейтуге және жабайы табиғатты қорғауға мүдделі болады. Бір сөзбен айтқанда, мәселелер жеткілікті. Оны дұрыс шешу үшін барлық мүдделі тараптың – мемлекеттік органдардың, аңшылық шаруашылығы ұйымдарының және жергілікті қоғамдастықтардың, шаруа қожалықтарының мүдделерін міндетті түрде ескеру керек, – дейді ол.

Маман киіктердің саны шамадан тыс көбейгенде оны арнайы лицензиялармен белгіленген шекке сай аулауға болатынын айтады. Ал халық пікірі басқаша. Олар киіктердің кең далада маңып, елдің еркесі, жердің сәні болып жүре бергенін қалайды. Киікті аулаудың, атудың кесапаты болады дегенге сенеді. Расында, иіріп жаятын қой емес, түгендейтін түлік емес, азық-түлігін қамдап әлекке қала­тын мал емес, кең сахарада жа­йыла жусап жүрген киік кімге кедергі?! Табиғат­тың бұйрығымен киік өзінен зор жыртқыштың қорегі болып та жатады.

Жасыратыны жоқ, киіктің адал еті, қымбат бағаланатын мүйізі – бизнес көзі. Бір жылдары киіктің мүйізі сұра­нысқа қатты ие болып, шетелге өткізіп пайда тапқандар аз болған жоқ. Естуімізше, құрамынан түрлі дәрі-дәрмек жасайды. Ал қазір ауланған киіктің еті, мүйізі және терісі қайда кететіні – жұмбақ, сондықтан түрлі қиял ойға келеді.

– Жергілікті қауымдастықтар үшін ешқандай пайда болмайды. Сонымен қатар тәркіленген киіктердің мүйіздерін өртеу тәжірибесі қолда­нысқа еніп отыр. Сол мүйіздің көп­шілігі браконьерлерден емес, жыл сайын табиғи түрде өлетін киіктердің мүйізін жинаған қарапайым ауыл тұрғындарынан алынған болуы мүмкін және сол мүйіздерді өртеу үшін жыл сайын 40-50 млн теңге бюджеттен бөлініп тұратынымен қоса, енді осы 80 мың киікті аулау үшін салық төлеушілер есебінен 700-800 млн теңге қарастырылуы мүмкін. Ал егер мемлекет 80 мың киікті аңшылық шаруашылықтарына кем дегенде 20 мың теңгеден лицензия арқылы өткізсе, еліміздің бюджеті шығынға ұшырамай, керісінше 1,6 млрд теңге табыс табар еді. Киік – біздің табиғи байлығымыз, егер мұнай мен газ тау­сылатын ресурс болса, жануарлар дүниесі сарқылмайтын ресурс, егер оны ұтымды пайдаланатын болсақ, – дейді сарапшы маман Ә.Қозыбақов.

Ә.Қозыбақов 2017 жылы «2023 жылы киіктің Үстірт популяциясы 32 мыңға жетеді» деген болжам жасаған екен. Биылғы ресми санақ бойынша ақбөкен саны 28 мыңға жетті, яғни жұттан аман болып, өсу тенденция­сы сақталатын болса, болжамы артығымен орындалатыны анық.

Құрамында майы, холестерині аз, жеңіл әрі адал болғандықтан етін ас ретінде тұтынуға болады, мүйізі баға­лы бұйым, демек киік­ті өсіріп, саны көбейген соң белгілі шектік санын сақ­тай отырып, өнімін мемлекеттік қажеттілік ретінде пайдалануға не ке­дергі? Мысалы, етін өңдеп халық тұты­нуына ұсынып, мүйізінен дәрі жасау отандастарымыздың қолынан келмей ме, әлде оған еш қажеттілік жоқ па? Киіктерді атуға шешім шығару ақбө­кен­дерге деген аяусыздыққа, оңай олжаға құнығуға, көңіл көтеріп желі­гуден туған жапа тармағай жабайы атуға жол ашу болып жүрмей ме?!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: