Аяулы ана, ардақты әже үшін өткенге көз жүгіртіп, асыр салып ойнаған немерелеріне сүйсінуден асқан бақыт бар ма, сірә!. Кейіпкеріміз де өткен күндерін еске алып, ойға шомды. Терезе алдына барып, аулада асыр салып ойнаған немерелеріне көз салды. Оларға қарап өткен күндерін сағынды ма, әлде немерелерінің бақытты балалық шағы жүрегін жылытты ма, әйтеуір әңгімесін бастамас бұрын жылы жымиды.
– Орта мектепті бітірісімен аудандық баспаханаға жұмысқа орналастым. Алғашқы жұмыс орным болғандықтан қатты қобалжыдым, оның үстіне халықты ақпараттандыратын аудандағы жалғыз газет болғандықтан жігер мен жауапкершілікті аса қажет ететін. «Еңбектің наны тәтті» демекші, қорғасынның адам өміріне зияны болса да, линотипті серік етіп, барлық жаңалықты халыққа жеткізуге тырыстық. Таңмен таласа жұмысқа асығып, ақпарат майданының тынымсыз әрекеті күнделікті жұмысымызға айналды. Уақытпен санаспай қоғамның қайнаған ортасымен араласып кеттік. Көпқабатты зәулім ғимараттың жоғарысы редакция болса, төменінде баспахана орналасты. Таңнан кешке дейін дүрсілдеп, қорғасын балқытылып, одан шыққан әріптер қалыпқа құйылып жататын. Соның қасында әсте тыным таппай бәріміз сағаттап тапжылмай жұмыс жасайтынбыз. Қазіргі заманның технологиясымен шығып жатқан газеттен айырмашылығы аспан мен жердей. Оны сол кездегі мехнатты көзбен көріп, қолымен ұстағандар біледі, – дейді Қоғажай Ерғалиева.
Кейіпкеріміз ұзақ жылдар қоғам тынысын, ауданның қоғамдық-саяси өмірін халыққа ақпараттандырып, аудандық «Жаңадария», қазіргі «Жалағаш жаршысы» газетінде баспагер болып адал қызмет жасады. Қазір де сол еңбекқорлығының арқасы болар, аудандық газеттің ардагерлер ұйымының төрайымы болып, бізе әрдайым ақ батасын беріп жүреді.
Сұқпат барысында Қоғажай апай өте қонақжай, кез келген адамға қоғадай жапырылып, құрмет көрсететін, көңілі даладай кісі екенін де аңғардық. Әріптестеріміз айтқандай, жұмысқа келгенде өте талапшыл, тәртіптің адамы екенін де байқадық. Өзі де газет шығып жатқанда қате кетіп жатса, «бір әріпке бола линотипті қыздырып, қорғасынды балқыту оңай емес. Дұрыстап екі жұмыс қылмай тексеріп беріңдер» деп қатуланып кететінін де күліп еске алды.
Сондай талапшылдығынан болар, шарболаттай ширыққан кейіпкеріміз арада үш жыл өткен соң партияға үміткер ретінде ұсынылып, 1975 жылы қыркүйек айында партия қатарына қабылданады. Өзіне жүктелген міндетті қалтқысыз орындаған жас маман екі мәрте аудандық советтің депутаты, пленум мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарды жауапкершілікпен атқарады. Осылайша ол аудандық редакция және баспахананың бастауыш партия ұйымының хатшысы болды. Еселі еңбектің арқасында 1977 жылы Қазақ ССР Министрлер Советінің баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитет дипломымен, 1980 жылы Еңбекшілер депутаттары облыстық советі атқару комитетінің грамотасымен, 1990 жылы Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының «Құрмет» грамотасымен, бірнеше мәрте аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Арада жыл өткенде «Еңбек ардагері» медалін кеудесіне тақты.
Кейіпкеріміз қазір де елдің тыныс-тіршілігін, қоғамның беталысын тамыршыдай дөп басып, аудан өміріндегі жаңалықтарды қалт жібермей қадағалап, өз қолтаңбасын қалдырып, ұлттық мұралардың насихатталуына үлес қосып келеді. Өткен жылдың соңында ардагер баспагер өзінің туған жерінде отыз жыл табан аудармай жасаған қызметінің бағасын алып, «Жалағаш ауданының Құрметті азаматы» атанды. Қоғамда белсенді тұлға, отбасында аяулы әже болып, бір әулеттің шырағын жағып, отағасы Төлепберген ағамызбен ұл-қыз тәрбиелеп, олардан немере сүйіп, өркенін өсіріп отырған ел анасы Қоғажай апайдың ғұмыр жолы – бүгінгі жастарға, бізге өнеге.
Ақнұр АЛТЫНБЕК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!