Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

19°C

, Бейсенбі, 09 мамыр, 08:35

Көңілі гүлдей көркем жан

07.03.2024

435

0

Аяулы ана, ардақты әже үшін өткенге көз жүгіртіп, асыр салып ойнаған немерелеріне сүйсінуден асқан бақыт бар ма, сірә!. Кейіпкеріміз де өткен күндерін еске алып, ойға шомды. Терезе алдына барып, аулада асыр салып ойнаған немерелеріне көз салды. Оларға қарап өткен күндерін сағынды ма, әлде немерелерінің бақытты балалық шағы жүрегін жылытты ма, әйтеуір әңгімесін бастамас бұрын жылы жымиды.

– Орта мектепті бітірісімен аудандық бас­па­ханаға жұмысқа орналастым. Алғашқы жұмыс ор­ным болғандықтан қатты қобалжыдым, оның үстіне халықты ақпараттандыратын аудан­дағы жалғыз газет бол­ғандықтан жігер мен жауап­кершілікті аса қажет ететін. «Еңбектің наны тәтті» демекші, қор­ғасынның адам өміріне зияны болса да, ли­нотипті серік етіп, барлық жаңа­лық­ты халыққа жеткізуге тырыстық. Таңмен та­ла­са жұмысқа асы­ғып, ақпарат май­данының ты­нымсыз әрекеті күнделікті жұмысымызға ай­налды. Уақытпен санаспай қоғамның қайнаған ортасымен араласып кеттік. Көпқабатты зәу­лім ғимараттың жоғарысы редакция болса, тө­менінде баспахана орналасты. Таңнан кешке дейін дүрсілдеп, қорғасын балқытылып, одан шық­қан әріптер қалыпқа құйылып жататын. Со­ның қасында әсте тыным таппай бәріміз са­ғаттап тапжылмай жұмыс жасайтынбыз. Қазіргі за­ман­ның технологиясымен шығып жатқан газеттен айыр­машылығы аспан мен жердей. Оны сол кездегі мехнатты көзбен көріп, қолымен ұстағандар біледі, – дейді Қоғажай Ерғалиева.


Кейіпкеріміз ұзақ жылдар қо­ғам­ тынысын, ауданның қоғамдық-саяси өмі­рін ха­лық­қа ақ­параттандырып, аудандық «Жа­ңа­дария», қа­зіргі «Жалағаш жаршысы» газе­тінде баспагер бо­­лып адал қызмет жасады. Қазір де сол ең­бекқорлығының арқасы болар, аудандық газеттің ардагерлер ұйымының төрайымы болып, бізе әрдайым ақ батасын беріп жүреді.


Сұқпат барысында Қоғажай апай өте қо­нақжай, кез келген адамға қоғадай жапырылып, құрмет көрсететін, көңілі даладай кісі екенін де аң­ғардық. Әріптестеріміз айтқандай, жұ­мысқа келгенде өте талапшыл, тәртіптің адамы екенін де байқадық. Өзі де газет шығып жатқанда қате кетіп жатса, «бір әріпке бола линотипті қыз­дырып, қорғасынды балқыту оңай емес. Дұрыстап екі жұмыс қылмай тексеріп беріңдер» деп қатуланып кететінін де күліп еске алды.


Сондай талапшылдығынан болар, шар­­болаттай ширыққан кейіпкеріміз арада үш жыл өткен соң партияға үміткер ретінде ұсыны­лып, 1975 жылы қыркүйек айында партия қа­тарына қабылданады. Өзіне жүктелген міндетті қалт­қысыз орындаған жас маман екі мәрте ау­дандық советтің депутаты, пле­нум мүшесі ре­тінде қоғамдық жұмыстарды жауап­кершілікпен ат­қа­рады. Осылайша ол аудандық ре­дакция және баспахананың бастауыш партия ұйы­мының хат­шысы болды. Еселі еңбектің арқа­сында 1977 жылы Қазақ ССР Министрлер Со­ветінің баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мем­лекеттік комитет дипломымен, 1980 жылы Еңбекшілер депутаттары облыстық со­­ве­ті ат­қару комитетінің грамотасымен, 1990 жылы Қа­зақ­стан Журналистер одағы облыстық ұйы­­мы­ның «Құрмет» грамотасымен, бірнеше мәрте ау­дан әкі­мінің алғыс хатымен марапатталды. Арада жыл өткенде «Еңбек ардагері» медалін кеудесіне тақты.


Кейіпкеріміз қазір де елдің тыныс-тіршілігін, қо­ғам­ның беталысын тамыршыдай дөп басып, аудан өміріндегі жаңалықтарды қалт жібермей қадағалап, өз қолтаңбасын қалдырып, ұлттық мұралардың на­сихатталуына үлес қосып келеді. Өткен жылдың соңында ардагер баспагер өзінің туған жерінде отыз жыл табан аудармай жасаған қызметінің бағасын алып, «Жалағаш ауданының Құрметті азаматы» атанды. Қоғамда белсенді тұлға, отбасында аяулы әже болып, бір әулеттің шырағын жағып, отағасы Төлепберген ағамызбен ұл-қыз тәрбиелеп, олардан немере сүйіп, өркенін өсіріп отырған ел анасы Қоғажай апайдың ғұмыр жолы – бүгінгі жастарға, бізге өнеге.

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: