Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Жұма, 27 желтоқсан, 04:58

Күре жолдар күрмеусіз болса

13.12.2022

260

0

Аудан әкімі Асқарбек Есжановтың елді мекендер халқымен кездесуінде көбіне халықтың талап-тілегіне жол мәселесі арқау болған еді. Расында ауданда, оның ішінде ауылдық округтерде ішкі көшелердің сапасына қатысты мәселелер баршылық. Әсіресе соңғы жылдары оның шешімін табуға жасалған жұмыстар көңіл көншітеді.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметіне сүйенсек, Жалағашта республикалық маңызы бар 50, облыстық маңызы бар 60,6, аудандық маңызы бар 123,5 шақырым автомобиль жолдары және оның бойында 20 көпір бар. Ал 232,4 шақырымды құрайтын 218 көшенің 75-і кентке тиесілі.  Ал ауылдық елді мекендерде 143 көше бар. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 109,9 шақырымы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда екен. Оған да шүкіршілік еттік. Ал 13,6 шақырымының сапасы көңіл көншітпейді. Әрине ол халықтың жүріп-тұруына кедергі келтіреді.

Бағдарлап отырсақ соңғы 2 жылда 1 млрд 93 мың теңгеге 4 елді мекенге кіреберіс 27,5 шақырым аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына және оңтүстік коллектор көпіріне, 1 млрд 57 млн теңгеге елді мекендердің 20 көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде Еңбек-Есет батыр аралығындағы автомобиль жолының 12,3 шақырымы да бар. Жоба құны 306 млн теңгені құрайды. Мәдениет ауылы бағытындағы автомобиль жолының 9,4 шақырымына да 308 млн теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілді. Дәл осындай жол құрылысы Таң, Қаракеткен ауылдарында да жалғасын тапты. Кент орталығында да соңғы жылдары жол сапасына мән берілуде. Кенттегі 6 көшеге 586 млн теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілсе, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Таң ауылындағы 14 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүрген. Ал шалғайдағы Аққыр ауылы бағытындағы оңтүстік коллектр көпіріне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға беріліпті. Жоба құны 300 млн теңгеге жуықтайды. Ал Есет батыр ауылы бағытындағы оңтүстік коллектор көпірін қайта жаңғырту жұмыстарын бастау үшін ұлттық қордан 59,7 млн теңге бөлініп, толық игерілген. Негізі жобаның жалпы құны 149,5 млн теңгені құрайды. Биыл көпірді қайта жаңғырту жұмыстарын толық аяқтау үшін облыс бюджетінен 79,6 млн теңге қаралып, қазіргі таңда мердігер мекемемен жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Биыл қараша айында нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Таң ауылына кіреберіс «Бозарық», Мәдениет бағытындағы «Қорқытбай», «Пірман» каналдарының бойындағы 3 көпірге сараптама қорытындысы алынып, апаттық жағдайда деп танылған. Жобалау-сметалық құжаттар әзірлеу үшін бюджеттік өтінім де тапсырылған. Мұнымен ауданда жол мәселесі түбегейлі шешімін тапты деп айта алмаймыз. Алайда жол құрылысы әлі де қарқын алуда. Биыл ел қазынасынан қаралған 549,5 млн теңгеге, облыс тайқазынан бөлінген 273,4 млн теңгеге, аудандық бюджеттен бөлінген 12,6 млн теңгеге 22,4 шақырымды құрайтын елді мекендерде 16 көше және аудандық маңызы бар кіреберіс жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Олардың қатарында Мырзабай ахун ауылынан 2 көшесі, Еңбек ауылынан 3 көшесі, М.Шәменов ауылынан 9 көшесі бар. Ал облыстық бюджет есебінен 72 млн теңгеге Аққыр ауылындағы 1 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бүгінге дейін Жаңадария ауылындағы 1 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жобаның жалпы құны 41 млн теңгені құрайды. Биыл әлі де ауданда бірнеше ішкі көшенің құрылысы басталады. Келер жылы да құжаттары әзірленіп жатқан көшелер баршылық. Бастысы халықтың талап-тілегі ескеріліп жатыр. Облыс, аудан бюджетінен қаншама қаражат ел игілігіне бөлініп жатыр. Мұның өзі халықтың мұң-мүддесін оң көзқараспен ұғына білген ел ағаларының, халық қалаулыларының жанашырлығы екені даусыз. Дәл осы қарқынмен жол құрылысы жалғаса берсе, ауданда жол сапасы айтарлықтай жақсарып, жалағаштықтардың көңіл-күйі көтеріліп, болашаққа нық сеніммен қарайтыны анық.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: