Өткен аптада аудандық мәслихаттың кезекті сессия отырысы өтті. Оған аудандық мәслихат депутаттарымен қатар аудан әкімі Асқарбек Есжанов, ауылдық округ әкімдері, мекеме және бөлім басшылары және арнайы шақырылған сала басшылары қатысты. Жиынды мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов жүргізді.
Сессия отырысының күн тәртібінде аудан бойынша жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану жұмыстарының жайы, әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту, «Жалағаш ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы» аудандық мәслихаттың 2021 жылғы 17 қарашадағы № 10-2 шешіміне өзгеріс енгізу, «Жалағаш ауданы әкімдігінің жанындағы терроризмге қарсы комиссияның дербес құрамын бекіту туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының 2018 жылғы 13 шілдедегі №25-2 шешіміне өзгеріс енгізу жайы қаралып, жауапты мамандар баяндама жасады, депутаттар тарапынан талқыланды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша алдымен аудан әкімінің орынбасары Әліби Байнахатов баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл аудандық, облыстық бюджеттен қосымша қаржы қаралып, орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесіне жаңадан 5 тонналық «Урал» өрт сөндіру автокөлігі, 10 мотоцикл, бір трактор тіркемесімен, 26 рация алынып, қызметкерлерге арнайы нысандық жаздық, қыстық киімдер берілген. Сонымен қатар мекеме қызметкерлерінің жалақысы 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап 100 пайызға көтерілген. 2022-2023 жылдары мемлекеттік орман қоры жерлерінде қарақұйрық және ақбөкен жануарларын заңсыз ату дерегі тіркелмеген. Аудан бойынша барлығы 25 көл болса, бір көл резервте.
Сонымен қатар көктем айларында «Уылдырық – 2023» акциясы жүргізілген. Мемлекеттік орман қоры жерлерін күзету бойынша 22 орман күтушіге әрқайсысына 40 мың гектар жерден бекітілген. Көктемде уақытша тұқымбаққа 20 мың дана Сыр талы, терек қаламшалары, қарағаш тұқымдары себілген. Сондай-ақ орман қоры жерлерін өрттен бақылау үшін екі өрт бақылау мұнарасы Сырдария мен Жаңадария өзендерінің бойына орнатылған.
Бұл бағытта халықты ақпараттандыру бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылған. Мәселен, жергілікті тұрғындарға орман және дала өрттері туралы 200 үгіт-насихат парақшасы және жергілікті ақпарат құралдарына мақалалар мен хабарламалар жарияланған.
Баяндамашыға депутаттар тарапынан мемлекеттік орман қоры жерлерінде тас жол салу, құбыр тарту, электр қуатын беру, байланыс желілері, арна, бөгеттер салу және су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану және орналастыру жұмыстарының арнайы заңдылықтары, елді мекендер маңайында жыңғыл шабуға орындар белгілеу, оған рұқсат қағаздарын беру жұмыстарының жайы, тоқпен балық аулау жағдайларының тіркелген-тіркелмегені туралы сұрақтар қойылды. Сондай-ақ депутат Гүлзат Құрманбаева кенттің шығыс жағындағы Қызылорда қаласы бағытындағы теміржол бойы өткеліне дейін жасыл белдеу жүргізу жұмыстарының қандай себептермен тоқтап тұрғаны және осы белдеуді кеңейту бағытында қандай шаралар атқарылып жатқанын сұрады.
Мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов жануарлар санағының жүргізілу барысын, қасқыр сияқты жабайы аңдарды аулауға қаралған қаржы мәселесіне зер салып, осы жылдың 8 айында ағаш кесу, заңсыз сексеуіл сындыру бойынша екі жағдай ғана анықталғанын атап өтіп, осы бағытта жұмыстарды күшейтуді ұсынды.
Аталған сұрақтарға аудан әкімінің орынбасары Әліби Байнахатов және аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеме директорының орынбасары Ғ.Жәнібеков жауап берді.
Депутат Қуат Ахетов Сыр өңірінде Қызыл кітапқа енген құстар мен жануарлар туралы аудандық газетке жыл бойы мақалалар шығарылып отырғанын, алайда орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі тарапынан осы бағытта ұсыныс-пікір болмағанын баса айтты.
Сондай-ақ депутат Д.Құдабаев мия тамырын жинау кезінде табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және қоршаған ортаға зиян келтірмейтін жайларды ескеріп, дәрілік шөп мияның өсетін жерлеріне ресурстық зерттеу жүргізіп отыруды, орман және дала өрттерінің алдын алу бағытында өрт қауіпсіздігін сақтау шараларын күшейтуді ұсынды.
Мұнан кейін екінші және үшінші мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Қанат Бөлембаевтың баяндамасы тыңдалып, шешім жобалары талқыланып, бірауыздан бекітілді.
Төртінші мәселе «Жалағаш ауданы әкімдігінің жанындағы терроризмге қарсы комиссияның дербес құрамын бекіту туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының 2018 жылғы 13 шілдедегі №25-2 шешіміне өзгеріс енгізу туралы аудан әкімі аппаратының басшысы Ержан Қайнарбаев хабарлама жасап, депутаттар тарапынан жан-жақты сараланды. Нәтижесінде комиссия құрамына өзгерістер енгізуге келісім берілді.
Сессия отырысында сөз алған аудан әкімі Асқарбек Есжанов жиналыста қаралған мәселелердің өзекті екенін айтты. Сондай-ақ депутаттардың мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар мен мемлекеттік бағдарламалар туралы халыққа кеңінен түсіндіру керектігін жеткізді.
Мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов сессия отырысын қорытындылап, жалпы қоршаған ортаны қорғауға және сақтауға бәріміздің жауапты екенімізді айтып, алдағы уақытта орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, нәтижелі жұмыстар атқаруды ұсынды.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!