Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

17°C

, Сәрсенбі, 08 сәуiр, 17:30

Мейіргер Құндызай

07.04.2026

4

0

Құндызай Мырзабекқызы – денсаулық сақтау саласында 10 жылдан астам тәжірибесі бар білікті маман. Алғаш еңбек жолын аудандық ауруханада наркология бөлімінде бастаған ол қазіргі таңда емханада аға мейіргер қызметін абыроймен атқарып келеді.

– Бала күнімнен ақхалатты абзал жан болуды армандадым. Үлкен анам осы аудандық емханада бірнеше жыл мейіргер болып қызмет етті. Соған еліктеп, бала күнімнен «мен де үлкен анам секілді дәрігер боламын» деп жиі айтатынмын. Уақыт өте келе, мектеп бітірер шақ таяғанда бұл ойымды ата-анам да құп көріп, маған үлкен сенім артты. Осылайша мектеп бітірген соң Қызылорда облысындағы медицина колледжіне «Емдеу ісі» факультетіне оқуға түстім. Алғашқы еңбек жолымды аудандық ауруханадағы наркология бө­­лімінде бастап, кейін аудандық ем­ханаға аймақтық мейіргер болып ауыс­тым. Нақтырақ айтсам, №2 ай­мақ­тың ме­йір­­гері болып 9 жыл қызмет еттім, – дейді ол.
Құндызай Мырзабекқызы №2 ай­мақта мейіргер болып қызмет еткен жылдары аудан тұрғындарымен тығыз жұмыс жасап, олардың денсаулығы үшін уақытпен санаспай жұмыс жаса­ған. Оның аймақ тұрғындарымен үнемі бай­ланыс жасауының нәтиже­сінде ас­қынған ту­бер­кулез, асқынған онко­ло­гия сынды ауру түрлері болмаған. Ке­рісінше бір­неше туберкулез, онколо­гия­ның ал­дын алу шараларын жүргізіп, ауруды ерте са­тысында анықтаған. Сондай-ақ ол әлемді жаулаған COVID-19 індетімен күресте халыққа алдыңғы легте жү­ріп қызмет еткен. Қауіпті індет қай-қай­сы­мызға болса да оңай болған жоқ. Әсі­­ресе ақхалатты абзал жандарға. Індет жұқтырып алу қауіпі жоғары бол­са да, сырқат түрімен ауырып жат­қан жандармен тығыз байланыста болып, ау­ру өршіп, індет дендеген шақта оның айығуы үшін басын қауіп­ке тікті. Құн­дызай – пан­де­мия ке­зінде көп­шіліктің көңілін та­уып, ін­дет­­тің бетін қай­тару жолында қа­жырлы ең­бек еткен жан.
Оның тәжірибелі маман екенін бірге қызмет еткен әріптестері де жоққа шы­ғармады. №2 аймақтың дә­рігері Асыл­зат Нұрханқызы Құнды­займен бірге ең­бек еткен жылдарын ес­ке алып, оның бі­ліктілігін тілге тиек етті.
– Құндызай – жауапкершілігі мол, тә­­жірибелі мейіргер. Ол аймақта жұмыс жасаған жылдары ДЦП-мен ауыратын бір тұрғынның еміне күндіз-түні көмек­тесті. Науқастың үйі емханадан алыс болса да, оның жағдайын көзбен көріп бақылау үшін қатарынан 3 ай үздіксіз қатынады. Бала өз еркімен тамақтана алмайтындықтан Құндызай баланың анасына қолғабыс етіп, оны күнделікті құнарлы тағамдармен тамақтандырып, оның жағдайының жақсаруына өзіндік үле­­сін қосты. Оның аудан тұрғын­да­рының саулығы үшін атқарған еңбегі еселі. Тұрғындардың тәулік бойы ден­сау­лығын күзетуде қажырлы еңбек етті. Ол – үнемі ізденіс үстінде жүретін, тәжі­рибелік білімін жетілдіруден еш жалықпайтын маман, – дейді дәрігер А.Нұрханқызы.
Иә, тұрғындарға септігінді тигізіп, олардың алғаусыз алғысын алғанда ғана еңбегіңнің еш кетпегенін түсі­не­сің. Біз мақаламызға арқау еткен ке­­йіп­керіміз жастың да, қарттың да тілін тауып, емімен де, сөзімен де дер­тіне дауа тапқан. Ол сырқатына шипа іздеп келген кез келген науқасқа қолдау көрсетіп, өміріне қауіп төнген сәтте араша түседі. Мәселен, ол жаз мез­гілінде аудан орталығындағы ба­зарда күннің ыстығынан жүрегі қысылып, ауа жетпей жатқан келіншекке дереу кө­мектесіп, жанын аман алып қалған. Кейіпкеріміздің сөзіне сүйенсек, ол нау­қасқа алғаш көмек көрсету ар­қылы оны жедел ауруханаға жет­кіз­ген. Нәтижесінде науқастың сыр­қа­ты ас­қынбай, отбасымен аман-есен қа­уыш­қан. Саналы ғұмырын денсаулық сақтау са­ла­сымен ұштастырған кейіпкеріміз осындай ерен еңбегінің арқасында ха­лық­тың тек ақ батасын алып келеді. Ол осындай оқиғалар жиі кездесетінін, қай жерде жүрсе де тұрғындарға қолы­нан келген көмегін аямайтынын айтады.
Мейіргер Құндызай – қазіргі таңда аудандық емханадағы жалпы практика және аймақтық қызмет көрсету бөлі­мінің аға мейіргері. Айтуынша, бұл жерде аймақтық қызметпен қоса про­фи­лактикалық бөлім бар, яғни мұн­да жастар денсаулығы, денсаулық мек­тебі, шұғыл көмек, әлеуметтік көмек көр­сету бөлімі қамтылған. Құрамында 127 қызметкер бар. Ол тұрғындардың жыл­да уақытылы скринингтік талдау, флюорографиялық тексеруден өтуін жіті бақылауда ұстайды. Кейіпкеріміз тұр­ғындардың көбіне қанқысымы, қант диа­беті, қаназдық сынды сырқаттармен жиі ауыратынын айтады. Сондықтан ол тұрғындарды дәрігердің қабыл­дауынан қашпай, дерт дендемес үшін уақытылы екпе алуға шақырды.
Кейіпкеріміз – денсаулық сақтау са­ла­сында аянбай тер төгіп, халықтың ыс­тық ықыласына бөленген мейірімді мейіргер. Әрине, мамандықтың бар­лы­ғы жақсы. Әрқайсысының өзіне тән қиындығы мен қызығы бар. Десе де ақ­халатты абзал жан болу – қиын да қастерлі, абыройлы мамандық. Бұған кейіпкерімізбен құрған екеуара диалог барысында көз жеткіздік.
Құндызайдың ұзақ жыл бойы елге еткен еңбегі еш кетпеді. Ол бүгінге дейін бірнеше мәрте марапат төрінен көрінген. Бірақ ол жеткен жетістікке тоқмейілсімей, керісінше дерт­тің ал­дын алуға басымдық беріп, уа­қытпен са­насуды білмеді. Халықтың ал­ғы­сы­нан шабыт алатын кейіпкеріміз тұр­ғындар саулығын бәрінен жоғары қо­йып, әр күнін алғыспен аяқтайды. Бұл сө­­зімізге жалағаштықтардың денсау­лығына саналы ғұмырын арнаған кейіп­­­керіміздің еңбек жолы мен маман­ды­ғына деген құрметі дәлел.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: