Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Жұма, 13 желтоқсан, 00:31

Министрлік мектепте 7 жылдан астам директор болғанның бәрін тексермекші

19.05.2023

1483

0

Оқу-ағарту министрлігі мектепте 7 жылдан астам директор болғанның бәрін тексермекші. Бұл туралы министр Ғани Бейсембаев Талдықорғанда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малаховпен бірге білім саласында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу туралы жиналыс кезінде айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқу-ағарту министрі сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес білім беру саласындағы басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті.

«Оқу-ағарту министрлігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарын қаржыландырудағы коррупциялық тәуекелдерге сараптама жүргізіп жатыр. Мұндағы алдын ала алынған мәліметтер бойынша конкурс рәсімдерінде, жұмысқа орналасуда, балаларды балабақшаға, мектепке қабылдауда, сондай-ақ ұйым директорларының ұзақ уақыт бір қызметте отыруында сыбайлас жемқорлық қаупі бар екені белгілі болды. Лауазымды бір қызметті 7 жылдан аса уақыт кезеңінде атқарып келе жатқан басшылардың барлығын тексеру туралы шешім қабылданды», – деп мәлімдеді Ғани Бейсембаев.

Сонымен қатар білім беру ұйымдарының директорларын тағайындау рәсімдерінің жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында министрлікте жоғары білікті мұғалімдердің базасы мен мектеп директорларының кадрлық резерві қалыптастырылады.

«Білім беру қызметінің барлық бағытын түбегейлі қайта қарап, сыбайлас жемқорлықты жою бойынша кешенді жұмыс жүргізілуі керек. Әрбір директор мен бухгалтердің қызметтегі мінез-құлқы, пайдакүнемдік мүддесінің болуы мұқият зерттелуі қажет. Облыстық білім басқармалары басшыларының жұмысы да осы көрсеткіштер бойынша бағаланады», – деді Оқу-ағарту министрі. 

Ақпарат дереккөзі: massaget.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: